Басты бет > Саясат > ОҚО-да Рухани жаңғырудың 1 жылдығына орай «Ұлт тарихындағы Ұлы белес» атты жиын өтті

ОҚО-да Рухани жаңғырудың 1 жылдығына орай «Ұлт тарихындағы Ұлы белес» атты жиын өтті

Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына 1 жыл толуына орай «Ұлт тарихындағы Ұлы белес» атты республикалық жиын болып өтті. Келелі жиынға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, еліміздегі ғалымдар, қаламгерлер мен журналисттер және өңірдегі зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушы қонақтар ең алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құнды жәдігерлерден жасақталған кешенді көрме мен облыста атқарылған жұмыстар туралы фильмнің көрсетілімін тамашалады.

Ұлттың ұйытқысы Оңтүстік Қазақстанда болған басқосуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өңірде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер мен жоспарлар талқыланды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының Оңтүстік Қазақстан облысында орындалу барысы мен алда тұрған міндеттер жайын баяндаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев әлемдегі әрбір ұлттың әлеуеті тарихтың сабақтарынан үлгі алуы мен тәжірибе жинақтаудағы қабілетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзеге асыру болғандықтан, біз мұны екі арнада іске асыруымыз қажет. Оның бірі – ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы жаһандық дамуда өз үлесімізді алу. Екіншісі – өткен тарихымыз бен дәстүріміздегі асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу. Осы орайда, Елбасы ауқымы кеңейіп, «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып, оны жүзеге асырудың нақтылы жолдарына дейін көрсетіп берді. Осы мақсатта өңірімізде «ТУҒАН ЖЕР» арнайы жобасы бойынша бүгінгі күнге кәсіпкерлер, демеушілер тарапынан өңірлік жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Шымкент қаласында құны 300 млн. теңге болатын «Қос ана» балабақшасы, Төлеби ауданында 100 млн. теңгелік көшелерді абаттандыру жұмыстары, Бәйдібек ауданында 340 млн. теңгеге «Домалақ ана» кесенесін абаттандыру жұмыстары мен кесене жанынан конақ үй салынды. Ал Отырар ауданында құны 80 млн. теңге болатын балабақша, 50 млн. теңгелік этноауыл, 56 млн. теңгелік «Ардагерлер» саябағы салынса, Ордабасы ауданында 45,3 млн. теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Бұл осы бағдарлама шеңберінде іске асырылып жатқан өңірлік жобалардың бір парасы ғана»,-деді әкім.

Жалпы алғанда облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылған өңірлік Жобалық кеңсе тарапынан 46 жоба, 168 іс-шара әзірленіп, жүзеге асырылуда. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру, насихаттау шарасына 1 миллионнан астам адам қамтылды.

Бұдан бөлек, облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалынып, таратылды. Тарихи-мәдени мұраларды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт»,  «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» деректі фильмдері  түсіріліп, қоғам назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, Сайрам ауданындағы «Ханқорған» археологиялық қалашығына археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музей ашылады. «Ордабасы тауы» қорық мұражайына ел бірлігін дәріптеген қазақ халқының Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріне монумент орнатылады. Рухани жаңғыру аясындағы ерекше жобалардың бірі – Қазығұрт тауындағы арнайы кешен болса, шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлінің ізденістері нәтижесінде Сайрамнан шыққан 3 Сайрами, Отырардан шыққан 30 Әл-Фараби, Яссыдан шыққан 5 Ясауидің туындылары қазақ тіліне аударылып, жарияланатын болады. Ал 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстанның көне қалалары, тарихи тұлғалары, табиғаты, киелі орындары, әдет-ғұрыптары туралы 17 кітап шығару, 10 фильм және 4 анимациялық фильм түсіру жұмыстары бастау алды.

Рухани құндылықтың жандануына бағытталған отырыста жазушы, драматург Мархабат Байғұт, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы мен мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы сынды еліміздің бірқатар азаматтары сөз алып, өз ойларымен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ж.Түймебаев «Рухани жаңғыру» – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс екенін айтып,  осы жұмыстарды «Мәңгілік ел» үшін бірлесіп атқаруға шақырды.

 

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.