Басты бет > Мәдениет > ОҚО-ДА «НҰРЛЫ ЖОЛ-БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

ОҚО-ДА «НҰРЛЫ ЖОЛ-БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

27
views

  Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудандық, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың халыққа заманауи мәдени қызмет көрсету шараларын жақсарту, жұмыс сапасын арттыру, халық шығармашылығын дамыту, ауылдық клубтардың жанынан құрылған көркемөнерпаз ұжымдарына қолдау көрсете отырып, жетістіктерін насихаттау мақсатында қолға алынған «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» облыстық өнер фестивалі Бәйдібек ауданынан бастау алды.
Дәстүрге айналған өнер додасы талаптарының  биылғы ерекшелігіне сәйкес «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ауыл округтеріне қарасты киелі жерлерді насихаттау бөлімі бойынша жиынға қатысушылар «Домалақ ана», «Аппақ ишан» кесенелеріне барып, қасиетті тұлғалар рухына құран бағыштады.

Бәйдібек аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты типтік үлгідегі 8 мәдениет үйі және 3 ауылдық клубтардың
атқарған жұмыстары мен аталған аймақтарға тиесілі киелі жерлер, географиялық ерекшелігі, шежіресі, ақын-жазушылары, жергілікті жерде мекен ететін өзге ұлт өкілдерімен бірге ұрпақтар сабақтастығы, батагөй қариялар, қолөнер шеберлері, үйірме жұмыстары сынды көптеген  жетістіктері мен ерекшеліктері көрсетілген
стенд-көрме ұйымдастырылып,  әр мекеме басшысы атқарған істері жөнінде есеп берді.
Қазақстанды өркениетті елдермен терезесі тең елге айналдыру жолында еліміздің экономикасы ілгерілей бастаған сәттен бері мәдениетті көтеру мен ұлттық құндылықтарымызды сақтау,  жетілдіру бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатқандығы белгілі. Осы орайда, байқауға қойылған талап та әрбір мәдениет үйі мен ауылдық клубтардың атқарып отырған жұмыс деңгейін, үйірме жетістіктерін, халық пен мәдениет ошақтарының байланысын анықтау, саралау. Шара барысында мәдениет үйлерінің жұмыс барысымен қатар қолөнер және қылқалам шеберлерінің де көрмесі де назардан тыс қалмады.
Фестивальді Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасарыЖанғазиев Бағдат Пердебайұлы және қазылар алқасының төрайымы Жұмабай Лейла Жұмабекқызы құттықтау сөзбен ашып берді.
Қарт  Қаратаудың  күнгейін жайлаған Бәйдібек ауданы, өз заманында батыспен шығысқа  мәлім  болған Ұлы Жібек жолының  күре тамырына  орналасқан шежіргелі  Шаян  небір ұлы  тарихи оқиғаларға куә. «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» облыстық өнер фестиваліне қатысқан 200-ге жуық өнерпаз да осы қасиетке лайық төл өнерлерін паш етсе, олардың ішінде аудандық саз мектебінің ұлт-аспаптар оркестрі мен О.Тайманов «Өнер» мектебі, «Ұлар» бишілер тобы, «Балауса» цирк ұжымы, хор және жеке орындаушылары да бар.
Концерттік бағдарламада көркемсөз, ән, би, хор, вокальды аспапты ансамблі жанрлары және жанұялық ансамблі мен жергілікті сазгерлердің әндері орындалды.
Шара соңы қазылар алқасы мүшелері мен Бәйдібек ауданындық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ерғали Есмырзаев, аудандағы мәдениет үйлері және клуб меңгерушілері, БАҚ өкілдерінің баспасөз конференциясымен қорытындыланды.
Айта кетсек, қазіргі таңда облыс көлемінде 258 мәдениет үйлері мен клуб мекемелері жұмыс жасайды. Оның ішінде, 12 аудандық, 4 қалалық мәдениет үйі және 81 ауылдық мәдениет үйі, 148 ауылдық, 3 кенттік клубтар (10 қалалық клуб) бар.

М.Сабыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *