Басты бет > Саясат > ОҚО-да медицина қызметкерлерінің төл мерекесі тойланды

ОҚО-да медицина қызметкерлерінің төл мерекесі тойланды

Оңтүстік Қазақстан облысында медицина қызметкерлерінің күні мерекесі аталып өтілді. Салтанатты шараға қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

 «Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар, соның бірі – дәрігерлер. Сіздердің көмектеріңізбен тоқтаған жүрек қайта соғып, үмітіміз жалғанып,  сыздаған балтырымыз жазылады.  Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табыласыздар. Отбасыларыңызға амандық, өздеріңізге зор денсаулық, жемісті еңбек тілеймін. Бүгінгі Ораза Айт мерекесі де құтты болып, еліміз жаңа белестерді бағындыра берсін!» – деген өңір басшысы 70-тен астам медицина қызметкерлеріне түрлі марапаттарды тапсырды.

   Атап айтсақ, еңбегімен дараланған ақ желеңді абзал жандар «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, бірнеше дәрігерге «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі мен «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгілері тапсырылды. Салтанатты шарада үздік медициналық мекеме болып облыстық клиникалық ауруханасы танылды. Облыс әкімі аталған мекеменің бас дәрігері Марат Пашимовке шағын автобустың кілтін тапсырды. Сонымен қатар үздік атанған акушер-гинеколог Нұржан Махмутовке жеңіл автокөлікті тарту етті.  Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ибрагим Ташевке жер үйдің кілті тапсырылса, еңбегімен дараланған дәрігер Бақдәулет Мырзақасымды да су жаңа пәтермен марапаттады.

   Бүгінде өңірдің экономикалық өсуінің нәтижесінде медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайып, орташа республикалық деңгейге жетті 65,6% (ҚР 65,7%). Тек 2017 жылдың өзінде жергілікті бюджеттен медицина саласын материалдық-техникалық жабдықтауға 6,2 млрд. теңге бөлінді.

    Салтанатты шара соңы республикаға және облысымызға танымал өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.