Басты бет > Саясат > ОҚО-да мақтаралдық диқандар 26 мың гектарға бақша дақылдарын егуде

ОҚО-да мақтаралдық диқандар 26 мың гектарға бақша дақылдарын егуде

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының диқандары бүгінгі күнге дейін 1723 гектар жерге қарбыз, 3120 гектарға қауын тұқымын егіп үлгерді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қарбыз 1248 гектарға, қауын 1277 гектарға артық. Өйткені биылғы жылы ауа-райы шаруаға қолайлы болып отыр. Алдағы уақытта қауын-қарбыз тұқымын егу жұмыстары жалғасын таппақ. Жалпы көктемгі егістік науқаны аяқталғанға дейін диқандар 26 мың гектар жерге бақша дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Жылда көктемгі егіске ерте бастан қамданатын мақтаралдық шаруалар дәстүр бойынша көктемгі егіс жұмыстарын қызу қарқынмен жүргізуде,-деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі аудан әкімі аппаратының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан басқа ауданда 997,1 гектарға жаңа жоңышқа, 931 гектарға ерте пісетін көкөніс, 855,5 гектар жерге қырыққабат дақылы егілді. Үлбір астына егілген бақша дақылын ертерек өсіріп, одан мол өнім алуды мақсат еткен диқандар агротехника талаптарын мұқият сақтауға күш салуда. Ал ылғал жабу жұмыстары тиянақты атқарылып, қажетті техника, құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілген.

Егістік алқаптарды дайындау жұмыстары Ш.Ділдәбеков, Қызылқұм ауылдық округтерінде жоғары қарқынмен жүргізілсе, Достық, Ш.Ділдәбеков ауылдық округтерінің диқандары жаңа жоңышқа, қарбыз егуде алда келеді. Ерте көкөніс өсіруде, оның ішінде қырыққабат егу бойынша Атамекен, Мақтаарал ауылдық округтерінің диқандары көш бастауда.

Көктемгі егістік жұмыстарын жүргізу бойынша әрбір ауыл округтерінде жұмысшы бригадалар құрылып, олар диқандармен келісіп, жалдамалы негізде жұмыс істеп келеді. Еңбекақысы өзара келісім бойынша, нақты қолма-қол төленуде.

Күннің күрт жылуына байланысты соры шайылған алқаптар дегдіп, тырмалау, ылғал жабу жұмыстары мақталы өлкеде осылайша қызу қарқын алды. Негізгі дақылы «ақ алтын» болып саналатын мақтаралдық шаруалар жерге мақта шитін себуге де дайындықтарын жасауда. Тұқымдық шит жетіспеушілігі мәселесін болдырмау мақсатында аудан әкімдігінің бастамасымен құрылған жұмысшы топ 3000 тоннаға жуық тұқымдық шитті дайындаған және бұл көктемгі егіс маусымын толықтай қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Айта кетейік, ауданда субсидияланатын минералды тыңайтқыштарды алу үшін осы жылдың 1 наурызынан бастап egov.kz порталы арқылы диқандардан электрондық цифрлық қолтаңбасымен өтінімдер қабылданып жатыр. Тыңайтқыштарды субсидиялау мәселесіне ауыл әкімдері үлкен жауапкершілікпен қарап, өтінім тапсыруды жеделдетуде.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.