Басты бет > Мәдениет > ОҚО-ДА КӨРКЕМСӨЗ ОҚУ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ “СӨЗ ЗЕРГЕРІ” ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

ОҚО-ДА КӨРКЕМСӨЗ ОҚУ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ “СӨЗ ЗЕРГЕРІ” ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Ұлттың тарихи тамырлары мен өзіндік ерекшеліктерін  сақтап қалуға шақыратын, құпиясы мол, ойы ұшқыр, танымы терең  шығармашылығымен замандастарына үлкен әсер қалдырып, жастардың да санасын серпілтер туындыларын тарихқа ту еткен
жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай Созақ ауданында ұйымдастырылған көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы- «Сөз зергері» деп аталды.

“Бесін”, “Адасқақ”, “Бесатар” сынды бірқатар  прозалық шығармаларымен бірге “Кек” драмалық жинақтары мен өзге де сыни-эстетикалық, өнертанушылық, көп  томдық шығармаларымен әдебиет пен мәдениет қоржынына асыл із қалдырған даңқты дарынның аудармалары арқылы оқырмандар Т.Карлейль, Мольер, Э.Хемингуэй, М.Булгаков, Б.Брехт, Т.Уильямс шығармаларымен таныса алғаны белгілі.
Созақ ауданының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Сөз зергері»  облыстық байқауына Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қалаларынан іріктеуден өткен 14 үміткер қатысып А.Сүлейменовтің көркемдігі жоғары прозалық шығармасынан үзінді оқып, түрлі авторлардың  немесе өз шығармашылығынан
«Аңыз – ғұмыр,  Асқар – жыр» арнау өлеңдерін оқыды.
Байқаудың мақсаты- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттай отырып, қазақстандық рухани бірлікті нығайту, тіл мәдениетін көтеру, көпшіліктің ұлт әдебиетіне деген ықыласын арттыру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және А.Сүлейменовтің шығармашылық мұрасын насихаттап талантты жастарды таныту болып табылады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Созақ ауданының үміткері Айдүйсенов Асхат лайық деп танылып,  150 мың теңге ақшалай  жүлде табысталса, бірінші орын мақтаралдық
Әбди Айдаға бұйырып 120 мың теңге тапсырылды. 100 мың теңгелік жүлделі екінші орын Бәйдібек ауданынан Сәулебек Мәдидің еншісіне берілсе, үшінші орын және 50 мың теңге жүлде қорын Арыс қаласынан Тәукебаева Ақшолпан мен созақтық Нысанбек Күләш иемденді. Ал, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесімен Отырар ауданының қатысушысы
Асан Өркен марапатталды.
Өзге де үміткерлерге арнайы дипломдар мен 30 мың теңге ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

Байқаудың қазылар алқасына  ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Қ.Кемелұлы атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы, Созақ ауданының Құрметті азаматы Асқаров Мыңжасар Асқарұлы төрағалық етсе,
ҚР Құрметті журналисі Есенбек Кенжеғараев Рысбалаұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ақын, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлімше басшысы Гүлнар Өмірбек,
Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының редакторы, Халықаралық “Баспасөз сыйлығының” иегері Айтпенбетова Мадина Жұмабайқызы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі,ақын
аудандық «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Қарғабай Мақсат Жеңісұлы қазылық жасады.

Биыл Созақ ауданының 90 жылдық тойы кең көлемде аталып келеді. Аталған мерекеге орай алдағы уақытта   2 республикалық, 4 облыстық (Б.Батырбекованың 90 жылдығына орай «Созағым менің жыр елі» атты жазба ақындар арасында мүшәйрасының, ауданды дәріптейтін «Теріскей, айналайын келбетіңнен…» жаңа әндер байқауының, ауданның 90 жылдығын лайықты атап өту мақсатында үздік сценарийлер байқауы, Т.Әлімқұловтың 100 жылдығына орай облыстық «Тәкен оқулары» байқауы, Төлеген Момбековтің 100  жылдығына арналған «Күй құдіреті» күйшілер байқауы «Сырлы Созақ» атты республикалық ақындар айтысы) және дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан байқаулар, іс-шаралар мен Т.Әлімқұлов пен Т.Момбековтің 100 жылдығына, Б.Батырбекованың 90 жылдығына, А.Сүлейменовтің 80 жылдығына орай республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілмек.

М.САБЫР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.