Басты бет > Саясат > ОҚО-да болат блюм шығаратын алғашқы зауыт салынуда

ОҚО-да болат блюм шығаратын алғашқы зауыт салынуда

Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Оңтүстік» индустриалды аймақта орналасқан «Shymkent Тemir» ЖШС-нің құрылыс жұмыстарымен танысты. Болат шығарумен айналысатын кәсіпорынның құрылысы 2017 жылы басталған. Ағымдағы жылдың сәуір айында іске қосылатын жобаға 5,94 млрд. теңге инвестиция тартылған. Жылына 250 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын іске қосылғанда 600 азамат жұмыспен қамтылмақ. Жоспар бойынша дайын өнім Орта Азия елдеріне экспортталатын болады. Жоба ҚР Индустриалды – иновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылуда.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысына облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов ақпараттық стенд арқылы 2018 жылы Индустрияландыру карта аясында іске асырылып жатқан 20 жобаны таныстырып өтті. Жалпы оңтүстікте 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды – иновациялық даму бағдарламасы аясында құны 1,3 трлн. теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Зауыттың технологиялық процестері туралы айтқан кәсіпорынның бас директоры Бауыржан Әлтеев мұнда тауар тасымалдауға арналған теміржол рельстері тартылғанын атап өтті. Одан бөлек, қуаты 63 МВт тартатын электр станция салынғанын, енді бірер күнде газ құбыры мен ауыз сумен қамтылатын жеткізді. Сондай-ақ 2019 жылдың соңына қарай өндірістік қуаттылықты 500 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл өндіріс ошағы Қазақстанның оңтүстік аймағындағы болат сүлгілерін шығаратын ірі өндіріс орны болып саналады. Мұнда 40 тонналық индукциялық пештер мен 3 қолмен басқарылатын үзіліссіз болат құятын қондырғы орнатылған. Кәсіпорын өнімдері толығымен эспортқа шығарылады.

Медиаон ақпарат

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.