Басты бет > Хабар > ОҚО-да биыл шегірткеге қарсы күрес шаралары 350 мыңнан астам гектар аумаққа жүргізіледі

ОҚО-да биыл шегірткеге қарсы күрес шаралары 350 мыңнан астам гектар аумаққа жүргізіледі

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ағымдағы жылы үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары жалпы 350,046 мың гектар аумаққа жүргізілетін болады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің ОҚО аумақтық инспекциясының басшысы Нұржан Кашкенов мәлімдеді.

Сонымен қатар, мақта көбелегіне қарсы 35,75 мың гектар, ал өрмекші кенесіне қарсы 16,45 мың гектар көлемге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізу жоспарлануда. Өңір басшысы Ж.Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес аймақта аталған мәселе толық қадағалауға алынып отыр.

«Облыс әкімі «Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізетін штаб құру туралы» өкімі шықан болатын. Осыған байланысты аудан әкімдерінің штаб құру бойынша Қаулылары шығарылды. Сондай-ақ, облыстық аумақтық инспекция тарапынан марокко шегірткесіне қарсы жұмыс жүргізуге аудандарда 19 топ құрылып, 48 инспектор және 19 автокөлік қарастырылып отыр», – деді Нұржан Құттыбекұлы.

Инспекция басшысының айтуынша, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының» облыстық филиалынан 120-ға жуық маман мен 78 қызметтік автокөлік бөлінетін болады. Аудан әкімдіктері тарапынан қосымша 277 анықтаушы жұмылдырылып, 50 жұмыс тобы құрылған.

Ал химиялық өңдеу жұмыстарына 91 дана ультра кіші көлемді бүріккіш, 1 дана газогенератор агрегаттары, 8 дана АН-2 ұшағы, 66 дана аспалы бүріккіш аппаратын жұмылдыру жоспарлануда. Сондай-ақ, 43 су тасушы техника және пестицидтерді ерітуге қажетті 91 су көздері дайындалатын болады.

Айта кетерлігі, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында өсімдіктерді қорғау саласы бойынша 70-ке жуық субъектіге ішінара тексеру жүргізу жоспарланған. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артып отырғандығын көрсетіп отыр.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.