Басты бет > Саясат > ОҚО-да биыл жылыжайлар көлемі 200 гектарға артады

ОҚО-да биыл жылыжайлар көлемі 200 гектарға артады

Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы жылыжай көлемі 202 гектарға жетіп, межеленген жоспардан 9 пайызға артқан. Ал жалпы облыста жылыжай көлемі – 1325 гектарға жетті. Осылайша Оңтүстік Қазақстан облысының республикадағы үлесі 80 пайызды құрады. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері атты» Жолдауында аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керектігін атап өткен болатын. Осыған орай облыс әкімі Ж.Түймебаев сала жетекшілеріне 2018 жылы жылыжайлар көлемін 200 гектарға арттыру керектігін тапсырды.

Облыстағы жылыжай көлемінің басым көпшілігі орналасқан Сарыағаш ауданында – 72,21 гектар, Қазығұрт ауданында 29 гектар, Түркістанда – 18,27 гектар, Ордабасы ауданында – 16,05 гектар аумақты алып жатыр. 

Айта кетерлігі, облыста көкөніс өсірумен айналысатын, еліміздегі ең ірі «Аделя» жылыжай кешені жұмыс істеуде. «Агробизнес 2020» бағдарламасы бойынша іске қосылған бұл жобаның инвестициялық құны – 5,3 млрд теңге. Жалпы аумағы 16 гектар болатын «Аделя» жылыжай кешенінде жылына 8,4 мың тонна өнім жиналады. Оның 70 пайызы еліміздің нарығына шығарылса, қалған 30 пайызы Ресейге экспортталады.

Бұдан бөлек, Қазығұрт ауданында жылыжай кешенінде «Гул Мансур» ЖШС шаруа қожалығы қызғалдақ егумен айналысып келеді.  Жалпы жер көлемі – 2,5 гектар. Мәселен, өткен жылы 45 мың дана гүл     өнімін алды. Жоба жалпы құны – 12 млн тенге. 

Облыстық статистика департаменінің мәліметі бойынша, 2017 жылы жылыжай алқабынан 114,3 мың тонна көкөніс өнімдері жиналған. Оның ішінде, 62,6 мың тоннасы қызанақ, 51,7 мың тоннасы қияр.

Медиаон ақпарат

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.