Басты бет > Саясат > ОҚО-ДА «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

ОҚО-ДА «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері атты» Жолдауында цифрлық жүйені өнеркәсіпке, білім саласына енгізіп, «Ақылды қала» жүйесін қолға алу керектігін атап өткен болатын. Соған сәйкес ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында барлық салада цифрландыруға басымдық берілетін болады. Бұл туралы облыс әкімі Ж.Түймебаев халық алдындағы есебінде баяндады.

Мәселен, биыл  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына  сәйкес ауқымды іс-шаралар атқарылмақ. Бағдарлама бойынша әкімшілік кедергілерді жою мақсатында өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік, мемлекеттік қызмет көрсету салалаларына цифрландыру жүргізіліп, бірқатар жаңа технологиялар енгізіледі. «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп Жолдауда көрсетілгендей, әлеуметтік саланы дамытуға басымдық беріледі.

Нақтырақ айтқанда, ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында экономика салалары цифрландырылады, «Ақылды қала» және «Цифрлық Жібек жолы» жобасы жүзе асатын болады. Бағдарлама бойынша инновациялық бастамаларға қолдау көрсетілмек.

Облыста «Ақылды қаланы» дамыту бағытына 11 сала енгізілген. Олар – білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік сала, көлік, мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы, экология, туризм, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құрылыс саласы.

Айта кетерлігі, өңірде заманауи технологиялар ауыл шаруашылғында ендіріліп, оның жемісін бүгінде сала мамандары көріп келеді. Озық технологияның нәтижесінде 2,8 мың гектар жерге егілген қарқынды баудың өнімділігі дәстүрлі тәсілмен егілген баудың өнімділігіне қарағанда 1,5 – 2 есеге артты. Алдағы уақытта аталған салада «Ақылды өріс», «Ақылды суару» жобалары қолға алынбақ.

Бұдан бөлек, өңірдегі жылыжайлардың 70 гектары автоматтандырылған. Осының арқасында 1 гектарға шаққандағы өнімділік 1 жылда 200 тоннадан астам қияр мен 400 тоннаға жуық қызанақ беріп келеді.

Сонымен қатар, мал шаруашылығында барлық мал басының есебі автоматтандырылып отыр. Мысалы, өңірде сүт өндірісін дамытумен айналысатын жобалық 900 млн.теңгені құрайтын «Бөрте-Милка» сүт тауарлы фермасы сиырды сауудан бастап азықтандыру және сүтті сақтауға дейінгі процесті автоматтандырылған жүйе арқылы атқарады. Өндірісті автоматтандыру нәтижесінде кәсіпорында 1 сиырдан жылына 7 мың литрге дейін сүт алынады, ал дәстүрлі тәсілмен өнімділік 3 мың литрді құрайды.

Сондай-ақ, облыстағы 2,7 млн. бас құсының 1,2 миллионы заманауи автоматтандырылған «Шымкент құс» және «Ордабасы құс» фермаларында өсіріледі. Цифрлық технологияны қолданудың нәтижесінде өткен жылы құс етін өндіру 5 есеге дейін артты.

Облыста «Тұрғын үй қатынастары» пәтерлерді бөлудің автоматтандырылған жүйесі іске асырылуда. Осының арқасында өтініштерді қараудың орта мерзімі 2 айдан 20 күнге қысқарып, азаматтар тарапынан арыз-шағымдар азайған.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы облыста білім саласында да сәтті енгізілуде. Мәселен, өткен жылы электронды түрде мектептің 1-сыныбына 22 мыңға жуық оқушы қабылданса, 23 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға баруға мүмкіндік алған. Бүгінгі күнге дейін жаңа жүйемен 501 педагог жұмысқа қабылданған. Сондай-ақ, биыл республикада алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп түлектерінің ҰБТ-ға дайындалуына арналған ақысыз «Ontest» жүйесі жұмысын бастады.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.