Басты бет > Жастар > ОҚО-ДА «АРАЙ-2018» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ.

ОҚО-ДА «АРАЙ-2018» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ.

42
views

Биылғы жылы 23-ші рет өткізілген «Арай-2018» жас эстрада əншілері мен мəдени іс-шара жүргізушілері байқауының жеңімпаздары анықталды.  ОҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттай отырып Астананың 20 жылдығына орай облыстық деңгейде өткізілген байқауға өңіріміздің аудан, қалаларынан 450-ге жуық үміткер қатысса, оның 39-ы ақтық кезеңде бақ сынады.

Өнер додасының биылғы ерекшелігі əрбір аудан, қалаға бекітілген тəлімгерлер 16 мен 25 жас аралығындағы үміткерлерді іріктеп, дайындық жұмыстарына жетекшілік жасады. Сонымен қатар, қазылар алқасы құрамында да барлық тəлімгерлер төрелік етті.
Көрермен алдында бағы мен бабы сынға түскен жас өнерпаздарды сараптай келе мəдени іс-шара жүргізушілері бойынша Бас жүлдеге Шымкент қаласынан Мухторов Нұрлан 262 ұпай көрсеткішімен лайық деп танылып 200 мың теңге сыйлық табысталса, 259 ұпаймен Түркістан қаласынан Срайыл Ақмарал бірінші орынды  150 мың теңге жүлдесімен қанжығасына байлады.  Екінші орынды 256 ұпаймен шымкенттік Қожатайқызы Айнұр жəне 255 ұпаймен түлкібастық Байжұма Бақытжан бағындырып, 100 мың теңгенің сыйлығы берілді. Үшінші орын шымкенттік Жақсыбай Нұрдаулетке 255 ұпаймен, 247 ұпаймен
Байбалашов Бағдатқа 70 мың теңге жүлдемен берілді. Сонымен қатар, «Шешен-сөздің шебері» номинациясын Арыс қаласынан Ержігітова Айгүл (242 ұпай), Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының арнайы жүлдесін төлебилік Құрбанқұл Арайлым ( 236 ұпай), «Көрермен көзайымы» жүлдесін шардаралық Сәрсенбай Дана (231 ұпай) иемденіп, 30 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Жас эстрада әншілері бойынша Бас жүлдені 273 ұпаймен Түлкібас ауданынан Өксікбай Ержан иеленіп,  300 мың теңге жүлде табыс етілсе, 200 мың теңге жүлделі  бірінші орын 271 ұпай жинаған шымкенттік үміткер Қабай Мақсатқа, екінші орын 268 ұпаймен Шымкент қаласынан
Алтай Балжанға жəне 265 ұпаймен шардаралық
Әшірбек Жандосқа беріліп, 150 мың теңге тапсырылды. 100 мың теңге сыйақы тағайындаған үшінші орынды 264 ұпаймен шымкенттік Тулепберген Жания, 257 ұпаймен
Сейітхан Айбек жəне 251 ұпаймен Созақ ауданынан Оңласын Бейбарыс иеленді. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының арнайы жүлдесі Шымкент қаласынан  Әуезхан Разияға ( 250 ұпай), «Патриоттық әнді үздік орындағаны үшін» жүлдесі сарыағаштық Ералы Эльмираға (245 ұпай),  «Арай-2018 аруы» жүлдесі шымкенттік
Джунусалиева Әлимаға (239 ұпай), «Көрермен көзайымы» жүлдесі Мақтарал ауданынан Қалдыбай Маликаға ( 229 ұпай), «Ең жас әнші» жүлдесі түрістандық Көшербай Ұланға ( 227 ұпай), Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесі Арыс қаласынан Жұбатов Мамырханға ( 226 ұпай) 50 мың теңге сыйақымен қоса табысталды.
1993 жылы  «Ақкөгершін» атауымен облыстың жас əншілері арасында бастау алған байқау 1995 жылы «Арай»  деп  өзгертіліп, жас дарындардың өнер әлеміндегі тұсауын кесті. Байқаудан өнер əлеміне  Бақытжан Қажымұқанов, Бауыржан Исаев, Әбдіхан Нұрмағамбетов, Владимир Ступин, Нұрғали Тұрлыбеков, Алтынай Жорабаева, Мадина Сәдуақасова, Нұрлан Еспанов,  Гүлжазира Нұрпейісова, Асқар Жүнісбеков, Дінмұхаммед Байқожа, Әлден Жақсыбеков, Досжан Дәрібаев, Олжас Бекбауов, Жігіттер квартеті сынды көптеген елімізге танымал эстрада жұлдыздары қанат қағып, қазақ сахнасында өз биіктерін бағындырып келеді.
Байқаудың мақсаты- жастарды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән орындау өнерін дамыту, жаңа эстрадалық әндерді халық арасында кеңінен насихаттап жас талант иелерін және облыстағы мәдени іс-шара жүргізушілерін анықтау, республикалық, халықаралық байқауларға қатысуын қамтамасыз ете отырып оларға қолдау көрсету болып табылады.
«Арай-2018» жас эстрада əншілері мен мəдени іс-шара жүргізушілері байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы тəлімгерлермен бірлескен гала-концертке ұласты.

Мадина Жұмабайқызы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *