Басты бет > Саясат > ОҚО-да алғаш рет ешкі сүтінің өнімдері шығарыла бастады

ОҚО-да алғаш рет ешкі сүтінің өнімдері шығарыла бастады

50
views

Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет тәулігіне 3 тонна ешкі сүтін өндіруге және 24 тонна сүт өңдеуге қауқарлы «Асыл тұқымды шаруашылық. Ордабасы ешкі сүт өнімдері» кооперативі құрылды. Жаңадан ашылған шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аталған кәсіп түрін дамытудың жолдарын талқылады. Ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы мол екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Жұмыстың барысымен таныстырған серіктестік төрағасы Жеңіс Тоғызақбаев өндірістік кооперативтің іске қосылған бірінші кезеңінде сауын цехы мен сүт өңдеу зауытының және жем-шөп жинау ғимаратының құрылысы аяқталғанын мәлім етті.

Оның айтуынша, Нидерланд елінен ешкінің Заанен тұқымын сатып алған. Даму жоспары үш кезеңнен тұратын жобаның жалпы құны 1 млрд. 829 млн. теңгені құрайды. Қазір мұнда 500 бас ешкі болса, жоспар толығымен орындалғаннан кейін 6 мың басқа жететін болады. Өсімділігі өте жоғары ешкі малы жылына егізден тауып, орта есеппен  100 басқа 200 төл береді екен.

Заанен тұқымының қазақстандық ешкілерден айырмашылығы – сүтті көп беруінде. Отандық ешкілер күніне көп дегенде 1,5-2 литр ғана сүт беретін болса, заанендіктер күніне 5-6 литр сүт береді. Бүгінде өндірілген ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өнімі шығарылып жатыр. Күніне екі мәрте сауылатын ешкі сүтінің литрі 500 теңге көлемінде саудалануда. Алдағы уақытта кәсіпорын Италия елінің жаңа технологиялы құрылғыларымен қамтылып, сауын процесі мен сүт өңдеу процесі толығымен автоматтандырылатын болады. Осының нәтижесінде ірімшік және моцарелла ірімшігін жасауды жоспарлап отыр.

Ешкі сүті — анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы екен.  Сондай-ақ, ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері мен аскорбин қышқылы бар.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Ордабасы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында бұдан бөлек, «Байдаулет» өндірістік жылыжай кешенінде болды. Негізі 2014 жылы қаланған жылыжай қияр мен қызанақ өндіруге бағытталған. Алғашқыда 0,5 гектар аумақ жерден басталған кешен, бүгінде ауқымы кеңейіп 2,5 гектарға жеткен. Мұнда 9 жұмысшы жылына 60 тонна өнім өндіріп келеді. Жобаның жалпы құны 15 млн. теңгені құрайды. Қожалық директоры алдағы уақытта өнім көлемін 700 тоннаға дейін жеткізіп, дайын тауарды Алматы, Қарағанды қалаларына жөнелтуді жоспарлаған.

Жұмыс барысымен танысып шыққан өңір басшысы, сала басшыларына аудандағы жылыжай шаруашылығын жандандыруды тапсырды.

«Оңтүстік өңірі ауыл шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Осыны тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе, заманауи технологиялардың көмегімен жылыжай шаруашылығын мықтап қолға алсақ, өнім сапасы мен көлемі артатын болады. Сондықтан да осы мәселені аудан, қала басшыларына үнемі айтып келемін», – деді Жансейіт Түймебаев.

 Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *