Басты бет > Хабар > ОҚО-дағы медициналық мекемелер биыл 100 пайыз ақпараттық жүйеге қосылады

ОҚО-дағы медициналық мекемелер биыл 100 пайыз ақпараттық жүйеге қосылады

Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысқан ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев облыстық клиникалық ауруханада болып,   адам капиталының сапасын жақсартуға бағытталған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының төртінші басымдығын іске асыру мәселелері бойынша облыстың денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті.

Бас дәрігерлермен болған жиын барысында өңірдің денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, ауруларды басқару бағдарламаларын цифрландыру және әзірлеу, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, кадрларды даярлау, денсаулық сақтау нарығын ырықтандыру және жекеменшік ұйымдардың әкімшілік кедергілерін азайту, инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту жайы қаралды. Жиында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет аталған мәселелердің барлығын ерекше бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Жалпы Оңтүстік Қазақстанда 2017 жылы медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6,2 млрд. теңге бағытталып, жарақталу көрсеткіші 65,1 пайызға жеткізілді. Ал медицина ұйымдарын компьютермен қамтамасыз ету 78 пайызды құраса, 2018 жылы компьютердің 7582 бірлігі алынып, толығымен қамтылмақ. Кездесу барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру саласында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаев, №6 қалалық емхананың бас дәрігері Г.Көлбаева, жекеменшік емхана өкілі У.Орынбаева, тубдиспансердің бас дәрігері Б.Сағынбеков пікір білдірді. Айта кетейік, кезексіз емхананы жетілдіру мақсатында өңірдегі 23 медициналық ұйымға электрондық кезек таблосы орнатылса, осы жылы барлық емханаларға орнатылатын болады. Ал биылғы жылы барлық медициналық мекемелер 100 пайызға ақпараттық жүйеге қосылады деп жоспарлануда. Ал Оңтүстік Қазақстанда мемлекеттік – жекеменшік әріптестігі аясында Шымкент қаласында №10 «Қайтпас» емханасының құрылысы басталды. Сонымен қатар, Біркөлік, Ақсу-Жабағылы санаторийлері сенімгерлік басқаруға берілді. Одан бөлек, (№ 3, 4, 9, 11) емхананың концепциясы әзірленіп, конкурс жарияланды. Шымкент қаласында облыстық онкологиялық орталығы мен облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің және Сарыағаш қаласында облыстық перинаталдық орталығының құрылысы жоспарлы түрде кезең-кезеңімен салынатын болады.

Медиаон ақпарат

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.