Басты бет > Мәдениет > Отырарда «Үрмелі аспапта ойнау техникасын жетілдіру» атты облыстық семинар-кеңес өтті

Отырарда «Үрмелі аспапта ойнау техникасын жетілдіру» атты облыстық семинар-кеңес өтті

Оңтүстік Қазақстан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы, Отырар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет үйінде «Үрмелі аспапта ойнау техникасын жетілдіру» атты мәдениет мекемелері қызметкерлеріне арналған облыстық семинар-кеңесі өтуде.
Шараны Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының Халық шығармашылығы бөлімінің меңгерушісі Мұратбай Нұрмағамбетов  пен Отырар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елтай Үмбет ашып берді.
Басқосудың мақсаты- әрбір жас ұрпақтың музыкалық өнерге қызығушылығын арттыру, үрмелі аспап мамандары  және оркестр жетекшілерінің  біліктілігін жоғарылатып, тәжірибе алмасу болып табылады.

Семинар-кеңеске өңіріміздің барлық аудан, қалаларындағы мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлері қатысты.
Шара барысында ҚР Мәдениет     қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық  Гуманитарлық  техникалық университетінің профессоры Жақсыбеков Сайлаубек  Жақсыбекұлы  «Қазақ халқының үрмелі аспаптарын заманауи жаңғырту” тақырыбы аясында сөз қозғап, үрмелі аспапта ойнаудың түрлі әдіс-тәсілдерімен бөліссе, Халықаралық Гуманитарлық техникалық университеті «Өнер» кафедрасының аға оқытушысы, Мәдениет майталманы Тұрдалиев Асан Молдабекұлы үрмелі музыкалық  аспаптардың шығу тарихын таныстырды.
Сондай-ақ, «Yрмелі музыкалық аспаптар оркестірінде орындаушылық қабілетті кеңейту» тақырыбын Оңтүстік Қазақстан Саз колледжінің үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері Тастанов Мади Темірбайұлы қозғаса, жастардың үрмелі аспапта ойнауға қызығушылығын арттыру бойынша флейта аспабының шебері Садуақас Сакен Әмзеұлы тәжірибе бөлісіп, түрлі шығармашылар орындады. Семинар барысында Оңтүстік Қазақстан  саз колледжінің бөлім меңгерушісі
Турабаев Тулеген Алибекұлы үрмелі аспаптарда ойнауды үйрету әдістемесімен бөлісіп, саксафон аспабында  шеберлік сабағын жүргізді.
Шараға қатысушылар баяндамашылармен пікір алмасып, үрмелі аспапты қолдану және меңгеру бағытында тәжірибе алмасты.
Өңіріміздің мәдениет қызметкерлеріне сапалы дәріс жүргізіп, тәжірибенің шыңдалуына атсалысқан баяндамашыларға Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Әділханов Нұрлан Ыдырысұлының арнайы алғыс хаты табысталды.
Айта кетсек, үрмелі аспапта ойнау техникасын жетілдіруге арналған облыстық семинар-кеңесі тұңғыш рет ұйымдастырылды. Ал үрмелі аспаптар оркестрі облысымыздың үш ауданында ғана бар. Аталған оркестр жанрын өзге де аудандарда дамыта отырып, алдағы уақытта үрмелі аспапта ойнаушылар арасында облыстық байқау өткізу жоспарланған.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.