Басты бет > Хабар > ОТЫРАРДА ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ ҚАРТТАРДЫҢ БАСПАНАСЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

ОТЫРАРДА ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ ҚАРТТАРДЫҢ БАСПАНАСЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

9
views

Бүгін Отырар ауданында ізгілік пен мейірімділікке толы сауапты іс жасалды. Аудан әкімдігі жанынан құрылған «мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсету» комиссиясы  арнаулы әлеуметтік күтімде жалғызілікті қарт есебінде тұратын 5 азаматтың тұрғын жайын жөндеуден өткізу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Аталған ұсыныс негізінде ораза айының соңғы күнінде «Қайырымдылық — асыл қасиет» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, баспаналары күрделі жөндеуден өткізіліп, қарттарға қажетті материалдық-әлеуметтік көмектер көрсетілді. Осы орайда  аудан әкімі Айтаханов  Ерлан Қуанышұлы бастаған бір топ кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдері аталған қарияларды қасиетті айт мерекесімен құттықтап, шаңырақтарына бас сұқты.

«Алдымен баршаңызды ертеңгі Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! Аудандық бюджеттен  арнаулы әлеуметтік күтімде жалғызілікті қарт есебінде тұратын 5 азаматтың үйін жөндеу үшін  әрқайсысына 200 мың теңге бөлінген болатын. Әрине, бұл қаражаттың жетімсіз екендігі белгілі. Отырарда кәсібін дөңгелентіп отырған жаны жомарт, қолы ашық кәсіпкерлер аз емес. Ораза кезінде басталған осы іске жұмыла кіріскен азаматтар аз уақытта жөндеу жұмыстарын аяқтады. Осы сауапты іске Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы да мұрындық болды. Рухани құндылықтарымыздың бірі «Асар» әдісінің жаңғыруын, қиындық көрген ауылдастарына жәрдемдесуді парызым деп білетін қазақы қалпымызды көріп отырмыз. Адамдарға қуаныш сыйлайтын осындай акция келешекте де жалғасын табады»  – деген аудан басшысы  Ерлан Айтаханов арнайы сый-сияпаттарын да табыс етті.
Жөндеуден өтіп, жаңа күйге енген баспаналарға шашуын шашып, қазыналы қарттармен бірге қуанған ауыл тұрғындары да игілікті іске алғыстарын жеткізсе, елімен бірге емен-жарқын шаттанған қариялар ақ баталарын беріп, елге амандық, жұртқа тыныштық, аудан басшысы мен халыққа мәңгілік шуақты күндер тіледі.
«Қарттық жеңіп, баспана жайын жөндеуге күш-қуат жетпей отырған шақта қолдау білдіріп, мейірімін танытқан аудан басшысы бастаған барша ізгілікті ел азаматтарына айтар алғысым мол. Кең пейілді халқыма да ризамын. Баршаңызға екі дүниенің бақытын нәсіп етсін!»-деген Талапты ауылының тұрғыны Дүйсенкүл Өскенбаева әже өз толқынысын жасыра алмады.
Қартына демеу бола білген отырарлықтар игілікті бастама алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *