Басты бет > Саясат > ОТЫРАРДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

ОТЫРАРДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

46
views

Отырар ауданында кезекті қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» жоспары аясында ауданда 2016 жылдан бері ай сайын тұрақты өтіп отыратын басқосу — аталған аймақтағы әрбір саласындағы шешілуді талап ететін өзекті мәселелерді талқылау, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшыларынан атқарған жұмыстары жөнінде толыққанды есептер алу, қолға алуы тиіс шараларды белгілеп беріп, қажет жағдайда сын айтып, белсенділікке шақыруға, аудан әкімдігінің де қаулыларын қарап, қоғамдық кеңестің мақұлдауымен іске асыруға бағытталған. Осы орайда аудандағы үкіметтік емес ұйым басшылары мен мүшелері, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер мен ауданның белсенді тұрғындары басқосқан кеңес отырысында ауылшаруашылық және мал шаруашылығы, кәсіпкерлік саласындағы бағыттар мен істерді нақтылап, ой бөлісу және бірлесе шешу мақсатында үш мәселе кеңінен қаралды.

Отырар өңірінде егіс егу науқанына дайындық қызу жүруде. Қыстың қамын жаз ойлаған шаруалар үшін ағын судан тапшылық көрмеу басты мәселе. Осы орайда, аудандық жер қатынастары және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мұхит Жуасбайдың есебін тыңдаған кеңес мүшелері ауылшаруашылық дақылдарының өнімін арттыру, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайта қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі мәліметтерге қанықты. Қазіргі таңда, суармалы тұзданған жерлердің құнарлығын арттыру мақсатында Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде ауданға қарасты жеті ауыл округіндегі 117 шаруа қожалығына тиесілі 3000 гектар жерден алынған топырақ үлгілеріне зертханалық талдау жасалып, егін егу барысында пайдаланатын қажетті минералдық тыңайтқыштар анықталды. Аталған жоба нәтижесінде шаруалар өнім көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, инвестиция тарту мәселесі де аудан әкімінің күн тәртібіне қойған негізгі міндеті. Осы орайда, аудандық кәсіпкерлік бөлімі биылғы жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 7 жобаның қаржыландырылуын ұйымдастыруды жоспарға алған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Отырар ауданында индустриалды аймақ құрып, отандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытуға үлкен мүмкіндік тудыру, күн сәулесінен электр энергиясын өндіру және жүгеріні терең өңдей отырып Биоэтанол өндіру жобаларын жүзеге асыру тиімділігі арттыруға арналған ауқымды үш жобаны іске асыру мақсатында да тиісті жұмыстар қарқынды жүзеге асып жатқандығы жөнінде аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ержан Шәпиев баяндап берді. Отырарлықтар ғана емес еліміз үшін де мал шаруашылығының маңызы зор аймақта 11 ветеринарлық клиника салынып, тиісті аймақтардағы мал ауруларын анықтау, емдеу бағытында жұмыстар атқарылса, сонымен бірге, ет, сүт өнімдерін өндіруді ұлғайту жайы да жиын күн тәртібінен тыс қалмады.

Кеңес отырысына арнайы қатысқан аудан әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты өз ойын ортаға салып, қай салада болмасын талапты күшейту арқылы қызмет сапасын арттыруға болатындығын және межелі жоспар, нақты нәтижемен еңбек етудің маңыздылығын, әрбір істің жемісі-халықтың алғысымен өлшенетіндігін сөз етті. Сонымен қатар, аудан басшысы елдің әлеуметтік жағдайын қалыпты, кәсіпкерлік ынта-жігерін белсенді, әлемдік бәсекеге қабілеттілігін мығым, алыс-жақын шетелдік туристер қызығушылығын оята алар жан-жақты білімділік ауданның негізгі жоспарынан түспейтіндігін жеткізді. «Тарихи мұраға бай Отырардың бүгінгі кескін-келбеті де келешек үшін маңызды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы киелі, тарихи жерлерді насихаттау мен ұрпақ бойына терең сіңіріп, құндылығын дәріптеуде барша мұсылман баласы қадір тұтатын Арыстанбаб кесенесі мен қойнауы тарихқа толы Отырартөбе қалашығының да маңызы зор. Осы орайда облыстық, республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, Арыстанбаб кесенесі мен Отырартөбе қалашығының маңайына абаттандыру жұмыстары қолға алынды»-дейді, Ерлан Айтаханов.

Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Мырзахмет Темірбеков қорытындылап, есеп берген мекеме басшылары ісіне оң бағасын бере отырып, жиын барысында айтылған ұсақ-түйек сын ескертпелерді бірлесе шешуге атсалысатындығын айтты.

Айта кетсек, Отырар ауданында айына бір немесе қажеттілігіне қарай екі рет өткізіліп отыратын қоғамдық кеңес көшпелі жағдайда да ұйымдастырылып, ауданға қарасты 13 ауыл округінде құрылған қауымдастықтың жұмыс нәтижесін қадағалайды. Ауыл округінің дербес бюджетін қауымдастық мүшелерімен қарап, жұмсалу мақсатын айқындайды. Бұдан өзге жер бөлу, пайдалану мақсатын өзгерту де қауымдастық мүшелерінің қарауымен талқыланып, келісімін тапқан жағдайда ғана іске асырылса, ауылдың өзекті мәселелері де талқыланып, шешім қабылданады.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *