Басты бет > Мәдениет > ОБЛЫСТЫҚ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ МУЗЕЙІ ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ 160 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

ОБЛЫСТЫҚ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ МУЗЕЙІ ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ 160 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

Облыстық қуғын-сүргін құрбандары музейі ұлы гуманист, кемеңгер ойшыл, философ, тарихшы, қазақ əдебиетінің классигі Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған “Даламдай дархан пір-тұлғам” атты танымдық кешін ұйымдастырды.
Шараға Шәкәрім Құдайбердіұлының ұстазы әрі ағасы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ұрпағы Айгүл Міштарқызы, қаладағы жоғары оқу орнының филолог ұстаздары мен студенттері, музей, кітапхана қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Абай дәуірінен бастау алатын ХХ ғасырдың басында кең арнаға түсіп дамыған демократиялық идеяларды, халықтың азаттығын ту ғып ұстап, ғылым мен техника жетістіктерін игеріп еркін дамуын аңсаған қоғамдық қозғалыстың аса көрнекті өкілдерінің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының бір жарым ғасырдан асқан тарихы, терең ғұмырлық ізін жаңғыртуға арналған шараның да мақсаты- жас ұрпаққа халқымыздың басынан өткен нәубет, саяси қуғын-сүргін кезеңдеріндегі халқы үшін аянбай еткен еңбегін насихаттау, тағылымын ұғындыру.
Осы орайда Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмира Серікбаева баяндама оқып, ел Шәкәрімінің өткен өмірі, бүгінгі әдебиет пен тарих беттеріндегі жарқын ізі, қоғамдағы рөлі жөнінде егжей-тегжейлі баяндап “ХХ ғасырдың басындағы зұлматта тағдырын өрт шалған, Алаш зиялыларының ішіндегі шоқтығы биік дара тұлғаның зерттелер еңбегі, ашылар жаңа қырларымен сырлары әлі де шексіз деп білемін…”-деп, сөзін түйіндеді.
“Бүгінгі таңда музей қорында 16000-нан аса құнды деректер бар. Әр жыл сайын тоқтаусыз ізденістердің арқасында 500-600 дей құжаттар табылып, музей ауқымы кеңейіп келеді. Республика бойынша іргетасы бірінші қаланып, қуғын-сүргін құрбандары жөніндегі деректерді топтастырған мекемеге құнды құжаттарды мезгілсіз көз жұмған ел ардақтыларының туыстары да көптеп әкеледі. Сонымен қатар, тұтастай бір мекеме мен ауыл азаматтары да құрбан болған. Ол Отырар және Түлкібас аудандарынан табылды. Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлы жайындағы деректер жуырда ғана өзінің төл қолтаңбасымен түскен үш жинақпен толықты”-дейді, музей директоры Батырхан Серғазиев.
Тарихи басқосуға тектілердің ұрпағы Айгүл Міштарқызы алғысын білдіріп, Абай әнін нақышына келтіре орындады. Абайдың қызы Гүлбаданнан тараған қарт ана тәуелсіздікке дейін өзінің ұлы бабалары жөнінде білмей, жасырын болғанын айтады. Шыңғыстаудың үш шыңы саналатын Абай,Мұхтар,Шәкәрім есімдері тарих пен ұрпақ үшін мәңгі егіз екендігін де жеткізді.
Осы орайда, кездесуге келген студенттер мен оқушылар Абай,Шәкәрім әндерін орындап, көркем сөздер оқыды.
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірінен сыр шертетін кітаптар мен құнды деректерден көрме ұйымдастырылып,  ұрпақтары мен отбасының суреттері және саятшылығы туралы ақпараттар да орналастырылды.
Облыстық қуғын-сүргін құрбандары музейінің іс-шарасы алдағы уақытта Алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын атап өтумен жалғаспақ.

М.Сабыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.