Басты бет > Саясат > Мәжіліс депутаттары «Азала-текстиль» комбинатының жұмысымен танысты

Мәжіліс депутаттары «Азала-текстиль» комбинатының жұмысымен танысты

Шымкент қаласына іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» Партиясы фракциясының мүшелері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында түрлі мекеме, ұжымдарда болып, халықпен кездесулер өткізуде.

Сондай кездесулердің бірі «Азала-текстиль» фабрикасында өтті. Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажетті бұйымдар шығарады. Өндіріс орнында 630 астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы 100 мың теңге көлемінде.

Мәжіліс депутаттары Мансурхан Махамбетов, Мұхтар Ерман, Байдильда Жилкишиев, Құдайберген Ержан, Евгений Козлов «Азала-текстиль» өндіріс орнын аралап, жұмысшылармен тілдесті. Кездесулер барысында жастарды жұмыспен қамту, қоғамдық көлік, техникалық мамандар тапшылығы сынды көптеген әлеуметтік мәселелер қозғалды.

-Депутаттардың бүгінгі таңдағы бiрiншi кезектегi мiндетi – Қазақстаннның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, елімізде жүргізіліп отырған саяси және рухани реформаларға қолдау шараларын жүргізу. Бүгінгі таңда біздің топ Шымкент қаласында 3600 астам адам қатысуымен 42 кездесу өткіздік. Өңiрдiң ең күрделi мәселелерiн анықтап, оның шешу жолдары бойынша ұсыныстар бердік. Шымкент қаласы үшінші мегаполис атанып, республикалық маңызға ие қала болғандықтан, қаладағы кезек күттірмейтін мәселелерді шешу жолдарын қарастырудамыз, – дейді депутаттық топ жетекшісі Мансурхан Махамбетов

Кездесу соңында мәжіліс депутаттары барлық сұрақтарға жауап беріп, айтылған ұсыныс-пікірлерді атқарушы органдарға жеткізіп, орындалуын қадағалайтындығын айтты.

Медиаон ақпарат