Басты бет > Қоғам > МҰҒАЛІМНІҢ ҚАДІРЛІ БОЛУЫ ӨЗІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ

МҰҒАЛІМНІҢ ҚАДІРЛІ БОЛУЫ ӨЗІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ

28
views

Оқырмандарына алғаш жол тартқалы тұрған басылымымызға ақ батасын алуға әрі қазіргі білім саласына қатысты құнды ой-пікірлерін оқырман назарына ұсынуды жөн көріп, талай жыл облыстың білім саласында басшылық қызметтер атқарған философия докторы, «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Нышан Тасболатұлынан сұхбат алуды жөн көрдік. Ағамыз зейнетке шықса да, бос жүрмейді екен. Қаламыздағы №2 «Дарын» мектебінің басшы құрамына, педагог-ұстаздарына ақыл-кеңесін беру үшін ұйымдастырылған кездесудің үстінен түстік. Сол кездесуден соң болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Нышан Тасболатұлы, бүгінде еліміздің білім саласы дамудың жаңа кезеңіне бет бұрды. Еліміздің білім саласын дамыту үшін бұрынғы білім саласына жаңаша, тың өзгерістер енгізіліп жатқанынан хабардармыз. Осы өзгерістерге көзқарасыңыз қандай?

— Мен бұл реформаларға дұрыс қараймын. Бұған тереңінен үңілу керек. Алдымен, үш тілде оқыту мәселесіне тоқталып өтетін болсам, өзіңіз де, біз де мектепте үш тілді оқыдық қой. Дұрыс емес пе? Қазақ тілі, орыс тілі және міндетті түрде бір шет тілі. Бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Тәжірибеден өтті, сынақтан өтті. Енді тек осыны бастауыш, орталау және жалпы орта мектептерде баланың деңгейіне қарай лайықтаса болғаны. Бағдарлама да, оқулықтар да осыны ескеріп жасалуы керек. Әрине, мұғалімнің біліктілігіне де байланысты. Қазір, министрлік тарапынан мұғалімдердің біліктілігін көтеру үшін жер-жерде курстар ұйымдастырылып, қолға алынып, жолға қойылды. Сол курстарды лайықты тәмамдаған ұстаз шет тілінде бұл жүйеде сабақ өтуге қиналмайды. Басты назарға алынатын нәрсе, тағы да қайталап айтамын, осы жүйені балаларға қарай ыңғайлау керек. Әлемдік тәжірибеде қандай да бір өзгеріс енгізу үшін алдымен сынақтан өтеді. Бізде де сынақтан өтті. Ендігі жерде тек ұйымдастыру мәселелерін дұрыс шешсе болғаны. Ал, енді бес күндік оқуға келетін болсам, бізде қазір сенбінің сабақ кестесіне оқушының психологиясына көмек болсын деген ниетпен 4 жеңіл сабақтар қойылады. АӘД пәні бар. Ұлдарымыз бөлек, қыздарымыз бөлек өтетін. Солай аптасына 6 күн оқыттық. Ал, жаңа 5 күндік жүйеде, алтыншы күні, яғни сенбі күні баланың қолы босайды деп қате ойламау керек. Бұны ата-аналарға дұрыс түсіндіруіміз керек. Жаңа жүйе бойынша сыныптан тыс жұмыстардың барлығы осы сенбі күнге қойылады. Мектептен тыс жұмыс дегеніміз – оқушылар сарайында ұйымдастырылатын іс-шаралар, түрлі спорт үйірмелері, көркем-өнерпаздар үйірмесі т.с.с. Міне, осылардың бәрі қалыпты жұмыс істесе, балалардың қолы босап, көшеде сенделіп жүруіне тіпті де уақыт қалмайды. Сондықтан бұл мәселенің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Ал, енді алты күн оқығанда баланың көп уақыты мектепте өтеді деп көп адамдар пікір білдіріп те жатыр. Ол да дұрыс шығар?! Алайда, мына жаңа жүйеде баланың, яғни оқушының қоғаммен байланысы нығая түседі. Себебі, баланың айналысатын жұмыстарының бәрі бір жүйеге біріктіріліп, қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда жаңа реформаның мазмұны жаман емес деп ой түюге болады. Ал, енді іске асыру барысында орын алатын кемшіліктер өзі жойылып отырады. Әр жаңа істі алғанда кемшіліктер болады. Кемшіліксіз жұмыс істеу мүмкін емес. Олқылықтарды іс барысында жоюға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта облысымызда саманнан салынған мектептер азайды. Алдағы жылдары мүлдем жойылады деп ойлаймын. Оған қазіргі облысымыздың әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев пен Тамара Қасымқызының қосқан үлесі ерекше екенін айтқым келеді. Осы екі кісінің қолдауы арқасында «100 мектеп, 100 аурухананың» жартысына жуығы облысымыз аумағында салынды. Себебі, бәріне белгілі облысымызда бала туу көрсеткіші жоғары. Апаттық мектептердің орнына жаңа мектептер салынды. Кезінде 324 саманнан салынған мектептер болса, қазіргі уақытта олардың саны айтарлықтай азайған. Бірақ үш ауысымды мектептер әлде де бар. Оның негізгі себебі, облысымызда бала саны жыл сайын өсуде. Ол мәселені мектеп ғимараты жанынан қосалқы ғимараттар салып шешуге болады. Қосалқы ғимарат дегеніміз – қосымша сынып бөлмелері. Қазіргі білім саласының мамандары осыған байланысты талдау жасауы керек. Сонда бұл мәселенің де түбегейлі шешімін табуға болады. Оқулықтар қолға алынуда. Сапасы салыстырмалы түрде алғанда жаман емес деуге болады.

Ұстаздардың біліктілігін арттыруға да жеткілікті деңгейде көңіл бөлінуде. Біліктілігін арттыру курстары негізінен «Өрлеу» акционерлік қоғамының өңірлердегі филиалдары арқылы жүзеге асырылуда. Яғни, жаңа жүйеге өту үшін қажетті алғышарттардың барлығы іске асты деуге болады. Енді осы жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін – баршамыз, ғалымдар, ұстаздар, ата-аналар жұдырықтай жұмылуымыз керек. Мен Европада, Италияда білім алдым. Ол жерде білім саласындағы қордаланған мәселелерді ата-аналар білім мекемесіне келіп, бірлесе шешуге ат салысады. Ұсыныс береді. Себебі, бала тәрбиесіне ешкім немқұрайлы қарамауы керек. Бала – біздің болашағымыз. Өмірдің жалғасы да солар. Елдің ертеңгі қожайыны да солар болмақ. Сондықтан тәрбие саласын қолға ала отырып, бірлесе шешуге ат салыссақ, шешілмейтін түйін жоқ.

— Екінші сұрағым, бүгінгі білім саласына, нақтырақ айтсам, білім сапасына көңіліңіз тола ма?

— Білім сапасына көңілім толады деп айтуға болады. Бірақ, әттеген-ай дейтін жерлері де жоқ емес. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2013 жылы «Назарбаев Университетінде» оқыған лекциясында осы білім сапасын көтеру туралы үлкен мәселе көтерген болатын. Бізде қазір Кеңес Одағынан шыққан елдердің ішінде, білім саласы бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылдаған тек біздің ел. «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы», «Балапан» бағдарламалары осы сөзімнің дәлелі. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының 2011-2015 жылдарға арналған бірінші кезеңінде біз материалдық-техникалық базамызды нығайттық. Еліміз ең алғаш Тәуелсіздігін алған жылдары біз мықты ұстаздарымыздан айрылып қалдық. Нарықтық экономикаға байланысты біразы бизнеске, біразы күнкөріс қамымен басқа салаға кетті. Біразы кейіннен қайтып келді де. Кейінгі кездегі орын алған кемшіліктердің негізгі себебінің бірі де – сол жылдары жіберіп алған олқылығымыздың әсері болып тұр. Қазіргі кездегі ұстаздарға келетін болсам, олардың барлық мәселесі шешілген деуге болады. Оқулықтары бар, арнайы бағдарламалары бар, оқу стандарттарын орындап жатыр. Дегенмен, ұстаздарға көмек керек. Оқулықты, бағдарламаны қолына бердік. Енді оқыту технологиясы қалай? Осы тұрғыда ұстаздарға әдістемелік көмек керек. Ұстаздардың біліктілігін саралап шығуымыз қажет. Жасыратыны жоқ, қазір мектепте бала тәртіпсіздік көрсетсе немесе мектептің ішкі ережесінен шамалы ауытқыса, «психолог қайда қарап отыр?» деп аттандаймыз. Әрбір мұғалім психолог болуы тиіс. Әрбір мұғалім педагог болуы міндетті. Сонда бірінші — өз мамандығы бойынша біліктілігі, екінші – психологияны меңгерген, үшінші – педагогиканы меңгеруі. Педагогиканы меңгеруі дегеніміз – әрбір баланың жанын түсініп, мінез-құлқын зерттеп, тәрбиеге баулу. Міне осы үш қасиет ұстаз бойынан табылғанда – мұғалімнің біліктілігі артады. Білім деңгейі де жоғарылайды. Міне, осы кезде білім сапасы көтеріледі. Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің бастамасы өте дұрыс. Оқытушыларымыз шетелде біліктілігін көтеріп жатыр. Шетелден де үйренеріміз көп. Сондағы озық тәжірибелерді еліміздің білім жүйесіне енгізу – кезек күттірмес мәселе. Егер, осының бәрі жүйелі түрде жұмыс жасайтын болса, білім сапасы көтеріледі. Тағы бір еске алатын жайт, кадр мәселесін шешіп алуымыз қажет. Мектеп басшысынан бастап, әр мұғалім өз мамандығының шебері болуы тиіс. Әр ұстаз – өз мамандығын, мұғалім мамандығын жан-тәнімен сүюі керек. Ал, мамандығына кездейсоқ келген маманнан қандай жақсы ұстаз шығуы мүмкін?

— Талай жыл облысымыздың білім саласында басшылық қызметтер атқардыңыз. Қазір зейнеттесіз. Қызмет істеп жүргенде ойға алған мына ісімді атқара алмадым, атқаруға үлгере алмадым деген өкінішіңіз бар ма?

— Енді әр адамда бір өкініш болады ғой. Менің өзіме келетін болсам, қызметте жүргенде білім сапасын көтеру үшін ұсыныс енгізіп, атқаруға үлгере алмай кеткен мәселем ретінде шетел мен өзіміздің озық тәжірибелерімізді ұштастыру арқылы кадрлердің біліктілігін арттыру, мектеппен бірлесе отырып, мұғалімдер дайындау мәселесін айтуға болады. Мұғалімдер дайындайтын ЖОО-лармен мектептер тығыз қарым-қатынаста бірлесе жұмыс істесе, мектептер өзіне қажетті мамандарды дайындауға ЖОО-на тапсырыс беруі жолға қойылса. Ол дегеніміз – сол мектепке келетін маман – өзі келешекте жұмыс істейтін мектебінде тәжірибеден өтсе, яғни тәжірибеден өтуші болашақ жас мұғалімнің іс-әрекеті педагогикалық кеңесте қаралса. Болашақта мұғалім болып жұмыс істей ала ма, мұғалімдік мамандықтың үдебарасынан шыға ала ма? Осы мәселелер қаралатын болса.

Тәжірибеден өту барысында жас маманның деңгейі бірден көрінеді. Міне, осы мәселені соңына дейін апара алмадым. Ұсыныс та бергенбіз. Бірақ, қолдау таппай келген болатын. Енді-енді ғана қолға алынуда. Егер, осы жүйе жұмыс істесе, әр мектеп өзіне қандай маман келетінін бес саусағындай біліп отырады деген сөз. Сонда біз мектептегі кадр мәселесін шешкен болар едік. Қазіргі оқушылар өте сауатты. Олар ақпараттарды жан-жақтан алып жатыр. Жан-жақты білімді оқушыларға біліктілігі жоғары ұстаз дәріс беруі керек қой. Бұрын институтта оқып жүргенде екінші курстан соң 1 ай, үшінші курстан соң 4 ай іс-тәжірибеден өтетінбіз. Қазір өткенге оралудың қажеті жоқ. Уақыт талабына сай жұмыс істеу керек.

— Бүгінгі заманда мұғалім беделі төмендеп кеткені жасырын емес. Айтылып та, жазылып та жүр. Мұғалім қадірін арттыру үшін қандай жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?

— Жоғарыда айттым ғой, мұғалім психологияны жетік білетін, педагогиканы жетік меңгерген маман болуы тиіс деп. Мұғалімнің беделін арттырамыз деп құр жалақыны көтере бергеннен ештеңе шықпайды. Мәртебесін көтеру – әр ұстаздың өзіне байланысты. Жаңа бір сөзімде айттым, шетелдің озық тәжірибесін қолданасыз ба, отандық тәжірибені іске асырасыз ба, ақпараттар өте көп. Іздегеніңізді табасыз. Бұл жерде ұстазға тек ізденіп, шығармашылықпен жұмыс істесе болғаны. Жоғарыда айтқан қасиеттерге ие болуы керек. Сонда ғана ұстаз – нағыз ұстаз болып шығады. Мамандығын сүймесе, жеткілікті білмесе, өз білімін ұдайы жетілдіріп отырмаса, ондай адамнан жақсы ұстаз шықпайды.

— Сөз соңында, газет ұжымына айтар ойыңызды білсем деп едім. Газет қандай мәселелерді көтеруі тиіс деп ойлайсыз? Газет бетінен қандай мақалалар күтесіз? Не оқығыңыз келеді?

— Өзім ұстаз болғандықтан да айта кетейін, ұстаздарға бірінші кезекте озық тәжірибелер керек. Небір керемет жаңашыл, ізденімпаз ұстаздарымыз бар. Солардың озық тәжірибелерін, әдістерін газет бетінде жарияласаңыздар. Екінші, жаңашыл ұстаздардың еңбектері жарияланса. Шетелде оқып келген, іс-тәжірибеден өткен ұстаздар шетелдегі оқыту методикасының озық тұстары мен кемшін тұстары жөнінде пікірлерін жариялап тұрсаңыздар, ұстаздар сіздерге тек рақметін айтатын болады. Бізде осы айтылғандар, яғни озық тәжірибелердің БАҚ беттерінде насихатталуы кемшін түсіп жатыр. Сонан соң, ұстаздардың өмірі туралы мақалалар болса. Оны оқыған оқырман «Мына ұстаз керемет екен» деп ой түйсе шынында да керемет емес пе? Жалпы алғанда озат ұстаздарымыздың еңбегі бағаланып тұрса, газетіңізде жиі жарияланып тұрса, онда газеттеріңіздің мәртебесі биіктей түспек. Мен сіздің газетіңізге тек табыс тілеймін. Газетті іздеп жүріп оқитын оқырмандарыңыз көп болуына тілектеспін.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан М.АБДАЛИЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *