Басты бет > Білім > “Мұғалімдер қосымша жұмысқа тартылмайды”

“Мұғалімдер қосымша жұмысқа тартылмайды”

– дейді Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының м.у.а.

«Медиа ON» ақпараттық порталының редакциясы Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиеваға халықтың көкейінде жүрген бірқатар түйткілді сұрақтарға жауап беруін өтініп хат жолдаған болатынбыз. Бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Г.Нысановтың жауабын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік:

 

Шымкент қаласында мұғалімдер жұмысқа тұруы үшін қалалық білім бөліміне өтініштерді электронды түрде тапсыратын болды. Бұл өз кезегінде сыбайластық пен жемқорлыққа жол бермеу үшін қолға алынған болар?! Алайда жұмысқа қабылдану үшін «бармақ басты, көз қысты» жағдайлар орын алатынын өтініш тапсырған жас мамандар жиі айтады. Жалпы, жемқорлықпен қалай күрес жүргізесіз?

– Шымкент қаласы әкімдігінің 24.08.2016 жылғы №1789 қаулысының негізінде, 2017 жылдан бастап Шымкент қаласының білім бөліміне қарасты мектептерге педагог қызметкерлерді қабылдау барысында қызметкердің білімі мен біліктілігін, іскерлігін анықтау, ашықтық, әділдік қағидаларын насихаттау үшін және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында конкурстық іріктеуге арнайы жүйе (T-Hunter) іске қосылды.

Аталған жүйе бойынша білім беру мекемелеріндегі бос орындар thunter.shymkent.gov.kz ресми сайтына жарияланып, құжат тапсырған үміткерлер мекеме басшысы, білім бөлімінің өкілі, ата-аналар комитетінің мүшесі, қоғамдық ұйымның өкілі және БАҚ өкілдерінен құрылған комиссия отырысының әңгімелесу кезеңінен «ХАЛЫҚ КЕҢСЕСІ» мекемесінде өткізілуде. Бүгінгі таңда, 183 конкурс өткізіліп, 136 үміткер жұмысқа орналасқан.

 

Қазіргі таңда мұғалім мәртебесі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мұғалім мәртебесінің төмендеуінің бір себебі ұстаздарымыздың қоғамдық жұмысқа көптеп тартылуында жатқаны анық. Бұл айтып отырғанымыз негізсіз де емес. Осы жылдың басында қоғамдық жұмысқа тартылған бір мұғалім қаза тапты. №38 мектепте мұғалім мен директор соты жалғасып жатыр…

Биыл күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерде де мұғалімдер мектеп ішін тазалау, қоқыс шығару жұмыстарына тартылып жүргенін көріп жүрміз…

Бүгінгі таңда, педагог қызметкерлердің мәртебесін көтеру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аталған жұмыс «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» негізгі міндеттердің бірі болып бекітілген. Осы бағытта мұғалімдер тұрақты түрде біліктілік арттыру курстарына жолдануда, жалақы мөлшері көтерілуде.

Мұғалімнің қаза тапқаны бойынша. 26.02.2017 жылы №4 мектепте ер мұғалімдер өз еріктерімен мектеп әжетханасының істен шыққан құбырын ауыстыру үшін дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысында жарылыс орын алып, мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Избасов Сержан жарақат алған. Избасов Сержан №2 қалалық емханасына жеткізіліп, 26.02.2017 жылы жарақат салдарынан қаза тапқан.

Қайтыс болған азамат С.Избасовтың жұбайы А.Тұрғанбаева отбасының жалғыз асыраушысы болғандықтан, №4 мектепке мұғалім ретінде жұмысқа орналастырылып, балаларына кәмелет жасына толғанға дейін ай сайын жалпы 79 698 теңге көлемінде қаржылай өтемақы төленуде.

№38 мектептегі жағдай бойынша. Орын алған жағдайға байланысты Шымкент қаласы әкімдігінің 25.05.2017 жылғы №36-ө өкімі және қалалық білім бөлімінің 23.05.2017 жылғы №319 бұйрығы негізінде арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, ОҚО білім саласындағы бақылау департаменті тарапынан ағымдағы жылғы 2-3 мамыр аралығында тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, арызда көрсетілген мәселелер дәлелін таппаған.

Сонымен қатар, аталған фактілердің шындыққа жанаспайтынын дәлелдеу үшін мектеп директоры А.Жусупова және мектеп әкімшілігі Еңбекші аудандық сотына 24.05.2017 жылы қылмыстық іс қозғау туралы шағым түсірген. Бүгінгі таңда сот процесінде қаралуда.

Мектеп директоры А.Жусуповаға мекемедегі моральдық-психологиялық ахуалды сақтай алмағаны үшін ҚР Еңбек Кодексінің 64-бабы, 1-тармағы, 3)-тармақшасына сәйкес «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.

Білім мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары білім беру мекемелері мен мердігерлер арасындағы келісім-шартқа сәйкес жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары толығымен мердігер тарапынан жүргізілетіндіктен, мұғалімдер жұмысқа тартылмайды.

– Мектеп директорлары да ашық конкурспен тағайындалуда. Бірақ осы конкурстың ашықтығына күмән келтіретіндер көп…

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындау қағидасына» және білім бөлімінің 2015 жылғы 16 қазандағы №694 бұйрығына сәйкес Шымкент қаласы әкімінің төрағалық етуімен мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындауда объективтік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында конкурстық комиссия құрылып, 2015 жылдың қазан айынан бастап жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда 16 мектеп директоры аталған конкурс арқылы тағайындалды.

 

– Зейнет жасына жеткен қызметкерлердің ары қарай жұмысын жалғастыруына Елбасымыздың өзі қарсы екендігін айтқан еді. Дегенмен, сіз басқарып отырған бөлімге қарасты білім мекемелеріне зейнет жасынан 2-3 жыл асып кеткен кісілер басшылық жасап отыр (мысалы: Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 мектеп, Оқушылар сарайы т.б.). Сонда ол кісілердің орнын басатын лайықты ізбасарлар жоқ па? Себебі неде? 

– Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 30-бабының 5-тармағында «Зейнеткерлік жасқа толған, кәсіби және біліктілік деңгейі жоғары жұмыскермен еңбек шарты оның еңбекке қабілеттілігі ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағы 2)тармақшасының төртінші бөлігінде көзделген шектеусіз, жыл сайын ұзартылуы мүмкін» делінген. Сондықтан, білікті маман болған жағдайда зейнеткерліктен кейін жұмысын жалғастыруына мүмкіндік бар екені назарыңызға жеткізіледі.

 

– Мектептің, оның ішінде мектеп директорының жұмысының нәтижесін ҰБТ сынағының қорытынды балымен бағалау қалыптасқан. Мүмкін осының салдарынан мектеп оқушылары 9-сынып бітірген соң, нашар оқитын оқушыларға колледжге ауысуға немесе 11-сыныптағы нашар оқитын оқушыларды ҰБТ-ға қатыстырмауға үгіттеп, оның соңы бітіруші түлекке психологиялық қысым жасауға әкеліп соғатын жайттар аз емес. Бұл туралы ойыңыз қандай?

– Білім беру мекемелерінің оқу-тәрбие процесіндегі жетістіктерін толық қамтитын көрсеткіштерден құралған арнайы рейтинг жүйесі қалыптасқан. Білім ұйымдарының және бірінші басшылардың жұмыс нәтижесі аталған рейтинг негізінде бағаланады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 29 мамырдағы №204 бұйрығына сәйкес ҰБТ-ға оқушының жеке өтініші негізінде қатыстырылады.

 

P.S. Иә, жауап осылай дейді. Хаттағы жауаптарға қарасаңыз, бізде бәрі керемет сықылды. Директорлар мен мұғалімдер ешқандай сыбайласпай, парасыз, ашық конкурс арқылы жұмысқа қабылданады.  Мұғалімдер қосымша жұмысқа жегілмейді. Алайда, сол ашық конкурсқа қатысқан үміткерлердің өзі сол конкурстың ашықтығына күмән келтіріп, арыз жазатындар көп. Биыл ғана 250 миллионға жуық теңгеге жөндеуден өткен мектептің тазалау, жинау жұмыстарына мұғалімдердің тартылғанын естідік. Алайда, әбден жалтақ болған мұғалімдер мектебі мен аты-жөнін көрсетпеуді өтінген соң, жұмыстарына кесіріміз тимесін деген оймен атамаған едік. Суретке де тартпағанбыз.   

Ал, №38 мектептегі дауға байланысты Фейсбук әлеуметтік желісінде Ардақ Әшім 8 қыркүйек күні жазба қалдырған.   Мәтінін толық жариялауды жөн көрдік:

Үш күннен бері Шымкент қаласы, «Еңбекші аудандық соты» қаладағы N38 мектепке байланысты істі қарауда.

Тағы да естеріңізге сала кетейін, арыз беруші талапкерлер: N38 мектеп директоры Айман Жусипова және директордың екі орынбасары Дана Асылбекова мен Айжамал Қозыбековалар, осы мектеп мұғалімі: Гүлжан Салимбаеваны сотқа берген болатын.

Арыз беруші талапкерлер, мұғалімді желіге «жалған ақпарат» таратқаны үшін және «мектептің және біздің беделімізге нұсқан келтірдің» деп, әр қайсысы 2 000 000 теңгеден, 6 000 000 теңге моральдық зардап шығынын талап етіп отыр. (мұғалім, бар-жоғы мектептегі орын алған, дөрекі келеңсіздіктер мен заңсыз әрекеттерді айтып, қоғамнан араша сұрау ниетінде желіге салған).

Осы мәселеге байланысты сот процессі 4-айға созылуда. Егер жаңа жылға дейін созылса таң қалмаңыздар.

Менің сот процессіне қатысып байқағаным сот отырысының созылыуына мына нәрселер себеп:

  1. Мектеп директоры Айман Жусипованың сот процессіне қатыспауы және жауапкер Гулжан Салимбаеваның қорғаушыларының тек Айман ханым ғана жауап бере алатын сұрақтарға жауап ала алмауы.
  2. Шымкент қаласының әкімі мен қалалық білім беру басшысы Жанат Тәжиеваның сотқа шақырылса да келмеуі.
  3. Шындықты айтқысы келетін мұғалімдердің мектеп әкімшілігі тарапынан қорқытып қысымға ұшырауы мен жалған куә беруге мәжбүрлеу әрекеттері орын алуда.
  4. Қалалық немесе әкімшілік тарапынан ешқандай бұйрық болмаса да мектеп әкімшілігі өз бетінше негізсіз ауызша бұйрық шығарып алып, мұғалімдерді түрлі жұмыстарға жеге берулері туралы қойылған Гулжанды қолдаушы өкіл: Меңсұлу Малдыбаева ханымның қойған сұрақтарына директордың орынбасары Дана Асылбекова ханым жауап бере алмауы, тағыда қойылған бірнеше сұрақтарға да ешқандай жауап ала алмады.

Сондай-ақ Гулжан Салимбаеваның қорғаушылары: Маржан Аспандиярова (Алматы қаласынан) Жақсылық Шукеев пен Жарқынбек Абишевтердің талапкерлердің жалған немесе расталмаған фактілеріне заң бойынша соққы берулері қатты әсер беруде.

Негізі Ұстаз немесе Мұғалім деген қасиетті ұғым. Кез-келген мемлекет президенті мен түрлі деңгейдегі судьяларды және бүкіл адамзаттың білім алуына бірден-бір себепші ол –ҰСТАЗ! 

Сол үшін ұстаздарымыздың берген білімін ақтайық! Ұстаздар жағында болайық, оларға қолдау көрсетейік! 

Мемлекеттің ең басты тірегі ол қасиетті ҰСТАЗДАР мен МҰҒАЛІМДЕР!
Оларды заңсыз қудалауға, қорлауға ешқандай жол жоқ!

Ескерту: келесі сот отырысы 20-қыркүйек, 2017 жылы, сағат 10-30 белгіленді. Ұстаздарды қолдаушылар келіп қатысыңыздар!

Байқасаңыздар, аталған сот отырысына Жанат Тәжиеваны қанша шақырса да бармаған. Шымкент қаласының білім саласына жауапты шенеуніктің сот отырысына бармауын қалай түсінуге болады?

Сенбілік сайын жеке меншік ТҚКО, дүкендердің алдын тазалап жүрген мұғалімдерді көреміз. Ал, өзінің құқын қорғап, қоғамдық жұмыстарға заңсыз тартқанын айтып, шағымданған оқытушыны сотқа сүйрей берсек, не болғанымыз? Ал психологиялық ахуалды қамтамасыз етуге тиісті білім бөлімінің басшысы ол сотта төбе де көрсетпесе…

Оқу жылы басталмай тұрып, «мектеп оқулықтары толық жетеді» деп ақпар тарайды да,  оқу жылы басталғанда жетпей қалып жатады. Биыл да Оңтүстік өңірі, оның ішінде Шымкент қаласы да бұл мәселеден аттап өте алған жоқ. «Бірінші сынып дәптерлерін 5 мың 200 теңгеден сатып алып жатырмыз. Бұл бір жерлерде сатушысына байланысты 8 мың теңгеге дейін саудалануда» деген ата-аналардан мәлімет түсті қолымызға. Ал жаңа бағдарлама бойынша мемлекеттік тапсырыспен шыққан, барлық оқушыға жетеді деген жұмыс дәптерлері базар нарығына қалай шығып кетті? Бұл жерде көлеңкелі сыбайластықтың иісі шықпай ма? Бұл сұраққа білім бөлімі басшысы қандай жауап қайтарады, оны алдағы уақытта білетін боламыз.

 

М.Абдалиева,

«Медиа ON» ақпараттық порталының бас редакторы, журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.