Басты бет > Қоғам > Министр болған Түймебаев бiлiм саласын былықтан тазарта ала ма?

Министр болған Түймебаев бiлiм саласын былықтан тазарта ала ма?

24
views

Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының судьясы Ермахан Шаланов пара алу үстiнде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi қызметкерлерiнiң құрығына түстi. Аталған құзырлы орган судьяны ұстау операциясын Жоғарғы Соттың iшкi қауiпсiздiк және соттағы жемқорлықты ескерту бөлiмiмен бiрге жүргiздi деген бейресми ақпарат бар. Қазiр судьяға қатысты тергеу амалдары қолға алынған. Судьялық этикеттi бұзғаны үшiн оның өкiлеттiгi Жоғарғы сот шешiмiмен тоқтатылды. Жуырда облыстық соттың төрағасы Нұрсерiк Шәрiпов өңiрлiк коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте өзiнiң әрiптесi Е.Шалановқа қатысты бiраз мәлiметтердi жария еттi.

Төрағаның әңгiмесiнен ұққанымыз, судья мұндай масқара тiрлiкке барады деген ой ешкiмнiң миына кiрмеген. Естерiңiзде болса, қайбiр жылдары Президент бiр сөзiнде “Судьяның сыбайлас жемқорлық қылмыс iстеп, жауапқа тартылуы төтенше жағдай ретiнде қаралуы тиiс” деген едi. Ал Н.Шәрiпов “бұл адами фактор” дегеннен асырып ештеңе айта алған жоқ. Иә, рас, бiр судьяның парамен ұсталуы бүкiл сот саласында парақорлар жұмыс iстейдi дегендi бiлдiрмесе керек. Дегенмен Президенттiң жарлығымен қызметке тағайындалған адам осындай тiрлiкке барған соң, басқасына не айтуға болады?! “Пенделiк фактор” дегенiңiз әсiресе, сот саласында, судьялық этикаға реформалар жүрiп жатқан кезде қаншалықты ақылға қонады?

Осы жайттан кейiн көп уақыт өтпей Сарыағаш аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы парамен ұсталды. Сыбайлас жемқорлықа қарсы iс-қимыл Ұлттық бюросының Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша департаментi таратқан ақпаратқа қарағанда, басшы параны аудандағы бiр мектеп директорынан алған. Көлемi – 470 мың теңге. Жарты миллионға жуық сыйақының есесiн ол директорды қанатының астына алып, қамқорлық жасап жүрумен қайтармақ болғанға ұқсайды. Әрине, мәселенiң мән-жайын тергеу амалдары, сот анықтайтын болады. Жалпы Оңтүстiкте лауазымды басшының парамен ұсталуы бүгiн кездесiп отырған жоқ. Құрыққа түскендердiң iшiнде аудан әкiмдерi де, облыстық деңгейдегi басқарма, департамент басшылары да болған. Алайда Сарыағаш аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Мұрат Маханов парамен ұсталады деген бұған дейiн кiмнiң ойына келiптi дейсiз? Себебi дәл осы М.Маханов Сарыағаш өңiрiндегi бiлiм ұяларын жайлаған былық-шылықты жөнге қойып, мектеп директорлары арасындағы “бармақ басты, көз қысты” әрекеттi жою үшiн тағайындалған болатын. Таратыңқырап айтайық.
Жалпы бұрынғы облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың бiлiм саласына көп көңiл бөлгенi рас. Анасының мұғалiм болып iстегенiн жиi ауызға алатын Бейбiт Бәкiрұлының бастамасымен Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданында бiлiм ұяларының басшыларын конкурспен тағайындау жобасы қолға алынған болатын. Пилоттық жобаға Сарыағаштың таңдап алынуы кездейсоқ емес. Ресми мәлiметтерге қарағанда, Сарыағаш ауданында бүгiнде 140-қа жуық бiлiм ұясы бар. Облыс орталығы Шымкент қаласындағы мектептердiң санынан да көп. 8 мыңнан астам мұғалiм, 80 мыңнан астам оқушысы бар. Сарыағаш ауданында соңғы жылдары бiлiм сапасы төмендеп кеткен. Былтыр ҰБТ-ның қорытындысы бойынша аудан облыста ең соңғы орын алды. Түлектердiң жинаған орташа балы тiптi 2015 жылғы көрсеткiштен де төмендеген. Бұл емтиханға түлектердiң 64,6 пайызы ғана қатысқандағы жеткен “жетiстiк”. Ұстаздардың кәсiби бiлiктiлiгi де мәз емес. Бүкiл аудандағы мұғалiмдер корпусының 70 пайызы өз мамандықтарын сырттай оқыған. Осының өзi көп жайтты аңғартады емес пе? Бiлiксiз ұстаздан бiлiмдi шәкiрт шықпайды. Соңғы жылдары аудандағы 138 мектептiң бiрде-бiр оқушысы облыстық олимпиаданың жүлдегерi атанбаған. Бұл мәселенiң бiр жағы ғана. Ұстаздар арасындағы арыз жазу, мектеп директоры мен мұғалiмнiң соттасуы Сарыағашта қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Осындай арыздар директордың ғана емес аудандық бiлiм бөлiмi басшысының үстiнен де қарша борады. Басшы қаржылық заңбұзушылыққа барғаны үшiн тәртiптiк жазаға да тартылды. Қызметiнен кеттi, қайта келдi, қайта кеттi. Басшының мiндетiн уақытша атқарған орынбасардың үстiнен де арыз жазылды, соңынан түрлi әңгiмелер ердi. Ауданның бiлiм саласына бiр өзгерiстiң қажеттiгi анық едi.

Мұрат Маханов бұған дейiн облыстық бiлiм басқармасында еңбек еткен. Тәжiрибесi мол. Ол басшылық қызметке арнайы конкурстан өтiп келдi. Басшылар үлкен сенiм артты. Пилоттық жобаға сәйкес аудандағы мектеп директорларын ашық конкурспен тағайындауды қолға алды. Оған облыс әкiмi аппараты персоналды басқару бөлiмiнiң басшысы, қоғамдық институт өкiлдерi, мектеп ұжымдары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты. Конкурс онлайн режимiнде өттi. Жаңа басшы ә дегеннен нашар нәтиже көрсеткен мектеп директорларын қызметiнен босатқан. 120-дан астам зейнеткердi жұмыстан шығарып, оның орнына кәсiби бiлiктiлiгi жоғары мамандарды алған. Сарыағаштың бiлiм саласына осылайша төңкерiс жасауға кiрiскен М.Маханов ойда-жақта парамен ұсталып кеттi. Мiне, сiзге парадокс. Ұсталардың алдында ғана ол облыстағы ресми газетке берген сұхбатында “Мен де бұл қызметке конкурс негiзiнде келдiм, кету керек болған күнi кетемiн. Ал, жұмыс басталғалы көзiм жеткенi, ол қызметтерде лайықсыз адамдар отыр” деген екен аудандағы мектеп директорларын меңзеп. Маханов бұл қызметте бар-жоғы алты айдан астам ғана уақыт отырды. Кететiн күнi кеттi. Пилоттық жоба осылайша “төтенше оқиғаға” ұласты. Кiм кiнәлi? Қателiк Махановты тағайындаған басшылардан кеттi ме, әлде басқалардан ба? Әлде мұны да пенделiк фактор деп, жылы жауып қоя саламыз ба? Бұл Махановтың жемқорлықпен бiлек сыбана күресуге кiрiскен әрекетiне қайтарылған қарымта ма деген де ой келедi. Әрине, экс-басшы өзiнiң жасаған әрекетiне қарай сот алдында жауап бере жатар. Ал оны қызметке тағайындаған басшылардан жауап бола ма?

Мына сәйкестiктi қараңыз, Сарыағашта бiлiм бөлiмiнiң басшысы парамен ұсталып, аудан әкiмдiгi у-шу болып жатқан кезде “Жас Алаштың” облыстағы тiлшiлер қосынына Сарыағаш ауданындағы бiлiм саласының бiр топ ардагерлерiнен арыз келiп түстi. Арыз бiлiм бөлiмiнiң басшысы (ендi экс-басшысы) Мұрат Махановтың үстiнен жазылған. Онда Махановтың қызметке тағайындала салысымен мектеп директорларына қырғидай тиiскенi, мәселелердi ақшамен шешетiнi жазылыпты. Хатта Махановтың “тiкелей кадры” атанған тағы бiр азаматтың аты аталады. Ол аудандағы бүкiл мектептi “уысында ұстап отыратын” көрiнедi. Арада көп уақыт өтпей жатып, Мақтаарал аудандық бiлiм бөлiмi басшысының үстiнен тағы бiр арыз түстi. Мақтаарал ауданының бас мұғалiмi Лесхан Қойлыбаев та бұл қызметке мектептердi жайлаған жөнсiздiктi реттеу миссиясымен барған. Арызданушының жазуынша, облыстағы басшылардың үлкен сенiмiн арқалаған жаңа басшы “жемқорлықты жоямыз” деген ұранмен мектеп директорларына тiзе батырып, жұмыстан қууға кiрiскен. Қазiргi уақытта ауданда 40-қа жуық мектептiң директоры орындарынан босатылған көрiнедi. Екi арызға да алдағы уақытта журналистiк зерттеу жүргiзсек пе деп отырмыз.

P.S. Айтқандай, бiлiм басқармасы демекшi, Оңтүстiкте облыстың бас мұғалiмiнiң креслосы да бiраздан берi бос тұр. Бiздiң бiлуiмiзше, басқарма басшысының орнына конкурс осыменен үшiншi мәрте жарияланды. Уақтысында бiлiм министрi болып iстеген, қазiргi облыс басшысы Жансейiт Түймебаевтың қойған талабына жауап беретiн кадр табылмай жатқан сияқты. Мынандай жағдайдан кейiн талаптың күшейгенi де жақсы шығар.

 

Бақытжан Әбдiрашұлы,

«Жас Алаш» №13 (16199) 14 ақпан 2017 жыл

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *