Басты бет > Саясат > Мемлекет Туы”Жастар Одағы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен

Мемлекет Туы”Жастар Одағы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен

Бүгін ” Мемлекет Туы”Жастар Одағы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен лента тарту акциясынан үзінді

 

 

Георгий кресінің қанқұйлы тарихы туралы мына мақаланы Қазақстанда алғаш рет ешкімнен сескенбестен 2014 ж. мамыр айында “Оңтүстік Рабат” газетіне сол кезде Бас редактор болып тұрған менің балдызым Жәмила Мамырәлі басып еді…
2015 ж. Облыс/қала әкімдері Жеңіс парадына көк лента тағып шықты..
Облыстың жаңа әкімі Ж.Түймебаев мырза қайтер екен?
Өткен жылы Шымкент қаласының әкімдігі “Бессмертный полк” деген шеруге тиым салыпты деп еді.
Биыл қалай болар екен?

 

Фото Өміра Шыныбекұлы.

ГЕОРГИЙ КРЕСІ туралы….

 

Жыл сайын «Жеңіс күні» жақындағанда біздің қоғамда үлкен дау тудырып жүрген Георгий лентасының тарихы біз ойлағаннан да тереңірек.

Ең бастысы, Георгий лентасының Екінші дүниежүзілік соғысқа да, оның құрамдас бөлігі – біз «Ұлы Отан соғысы» деп атап жүрген соғысқа да зәредей де қатысы жоқ!

4 дәрежеден тұратын Әулие Георгий ордені христиан әулиесі «Жеңімпаз Георгийдің» құрметіне Ресей империясын 34 жыл (1762-1796 ж.ж.) билеген Екатерина II патшайымның жарлығымен 1769 ж. жаңаша күнтізбе бойынша 7 желтоқсанда енгізілді.

Ал, Екатерина II патшайымның Ресейге сіңірген еңбектерін айтсақ, оның билігі тұсында Ресей империясы айналасындағы елдерді отарлауды күшейте түсіп, Қара теңіздің солтүстік жағалауы,, Азов теңізі, Украина, Днестр мен Буг өзендері арасындағы аймақтар, Белоруссия, Курляндия мен Литва империяның құрсауына түсті.Қырым Хандығын толық талқандап, Қап тауының солтүстігін мекендейтін асау халықтарды қырғынға ұшыратты, қазақ жеріне сұғына түсті.

Екатерина II патшайымның тұсында Ресей халық саны жағынан Еуропадағы ең ірі мемлекетке айналды (1763 ж. 23,2 . болса, 1796 ж. 37,4 -ға жетті). 29 жаңа губерния ашылып, 144 қала салынды. Олардың үлкен бөлігі Ресей империясының оңтүстігінде жатыр еді.
Екатерина II патшайымның Ресей қол астында болған мұсылман халықтары үшін сіңірген тағы бір айтарлықтай «еңбегі» – Осман Ибрахим деген молдаға Қасиетті Құранды аудартып, «қырғыздарға» (қазақтарға) таратуы болды. Дінтанушылардың пікірінше, Құран мәтіні көп өзгеріске түскен. Ол кітап 1789 – 1798 ж.ж. арасында 5 рет басылды.

…Металлдан жасалған орден 3 қара 2 сары жолақтан тұратын лентаға бекітіліп, кеудеге тағылады.
Қазір бұл түстердің ненің белгісі екенін, тіпті Ресейдің мүйізі қарағайдай беделді тарихшылары да дөп басып айта алмайды. Біреулері сары түс – от, қара түс – оқ-дәрі десе, екінші біреулері Ресей мемлекеттік елтаңбасындағы екібасты самұрықпен байланыстырады. Осы орденмен 1917 жылға дейін 10 мыңға жуық орыс солдаты марапатталды. Олардың арасында қазақ халқын тікелей қырғынға ұшыратқан «қандыбалақтар» да бар еді. Ең алғашқы Георгий ордені түрік қаласы Галацты алғаны үшін 1769 ж. 8 желтоқсанда орыс әскерінің подполковнигі Ф. И. Фабрициан дегенге берілді. Осыдан-ақ бұл марапаттың кімге арналғанын аңғаруға болады. Аталған орденмен марапатталғандардың қатарында атақты орыс қолбасылары А. Суворов пен М.Кутузов та бар. Ал, А.Суворовтың «ерліктерінің» әсерінен қазаққа туыстас ноғай халқы ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетуге шақ қалды. Ал, орденнің толық иегері атанған 4 адамның бірі М.Кутузов аталған орденнің 3-н жаулаушылық соғыстардағы ерліктері үшін алса, тек төртіншісін ғана 1812 ж. Отан соғысындағы ерлігі үшін алды.

Ресей Жоғарғы кеңесі прездиумының Жарлығымен Георгий ордені 1992 ж. қайта қалпына келтірілді. Ал, 2000 жылдан бастап «Әулие Георгий» ордені Ресей Федерациясының ең жоғары наградасы болып саналады. Кейінгі жылдары «Жеңіс күні» мерекесі қарсаңында Ресей мемлекетіне бүйрегі бұратын белсенділердің көмегімен «Георгий лентасын» әлемнің көптеген елдеріне тарату дәстүрі белең ала бастады. Халықтар достығы жақсы, бірақ қандай дүрмек болса да, ойланып, тарихына үңіліп барып қолдаған жөн! Бұл әсіресе, бірнеше ғасыр Ресей отары болған елдер үшін аса маңызды!

Бұрынғы жылдары тек омырауға лента байлаумен шектеліп қана қоятын кейбір азаматтар, биыл Петропавл қаласында жеңіл автомобильдерге Георгий лентасының суретін салып, төбесіне қызыл ту байлап көшеде тайраңдап жүргенін Фейсбук әлеуметтік желісін пайдаланушы Дәулеткерей Кәпұлы қойған фотолардан білдік. Бұл жағдай болса да, өздерін «қазақстандықпын» деп есептейтін азаматтарымыздың ашу-ызасын туғызары сөзсіз. Ал, тәуелсіздік жылдары өмірге келген жастарымыздың тіпті, келесі жылдары көшедегі осындай жағдайларға төзімсіздік танытуы мүмкін екенін ескерсек, осы лентаға мемлекеттік деңгейде тиым салатын уақыт жеткен секілді.

Құдай бетін әрмен қылсын, бүгінгі күні дүрлігіп жатқан Украинадағы жағдайдың өрши түсуіне, омырауларына осы лентаны байлап алған арандатушылар өздерінің «қомақты» үлесін қосқанын көріп отырмыз. Ел аузында «Колорадо қоңыздары» аталып кеткен – оларға Ресей үкіметі өздерінің еш қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.

Қорыта келе, айтарымыз, адамзат қасіреті – фашизм толық талқандалған Ұлы Жеңіс күнін мерекелеу, соғысқа қатысқан азаматтарды ұлықтап, құрбандар рухына дұға бағыштау – қасиетті борышымыз! Бірақ, Тәуелсіздігіміздің басты белгісі – Көк туымызға қылаудай болса да, көлеңке түсірмеуіміз қажет!

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
тарихшы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.