Басты бет > Қоғам > Мемлекет дамуының басты бағыттары  – Ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауында толық көрініс тапқан

Мемлекет дамуының басты бағыттары  – Ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауында толық көрініс тапқан

Ел Президенті Қ.К. Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялады. Бірден айта кету керек, бұл Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасынан кейінгі кең көлемде жарияланып отырған тұңғыш ресми бағдарламасы деуге болады. Жолдауды қалың көпшіліктің тағатсыздана күткені рас. Мемлекет дамуының басты бағыттары мен басымдықтары қандай болмақ, ішкі, сыртқы саясат векторлары, әлеуметтік-экономикалық саладағы қордаланған мәселелер қалай шешілмек, кейінгі кездері қоғамда дүркін-дүркін көтеріліп, алаңдатып отырған баспана, жұмыссыздық мәселесі, дендей еніп, дертке айналған жемқорлықты қалай ауыздықтап, қылмысты қалай құрықтаймыз деген сұрақтар, сондай-ақ бейбіт шеруге шығып, азаматтық ұстанымдарын білдіру, бірыңғай зейнетақы қорындағы салымдардың күмәнді келешегі сынды түйткілді мәселелер кейінгі уақытта, әсіресе әлеуметтік желілерде өте қызу талқыланды. Осы Жолдаудан жауап күтті. Президент қоғамды толғандыратын осы және өзге де өзекті сұрақтармен жете таныс екендігін көрсетті, әрі оларды шешудің нақты жолдарын белгілеп берді. Жолдау заман талабына сай тиімді мемлекет, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты өңірлер – қуатты мемлекет деген ауқымды бес блокты қамтыды. Ең алдымен, Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналғандығын атап айтты. «Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, Қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады. Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз» деді Президент Қ.К. Тоқаев.

Медиаон ақпарат