Басты бет > Мәдениет > МАҚТАРАЛДА «НҰРЛЫ ЖОЛ — БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

МАҚТАРАЛДА «НҰРЛЫ ЖОЛ — БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

21
views

Бүгін Мақтарал ауданында «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты облыстық өнер фестивалі өтті. Фестиваль аясында «Рухани жаңғыру — жарқын болашақтың кепілі» тақырыбымен аудандық, ауылдық мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсетуге арналған семинар-кеңес ұйымдастырылды. 10-ға жуық іс-шаралардан тұратын фестивальге облыстан келген арнайы делегация әділ-қазылық жасады.

Киелі мақталы өлкенің 90 жылдығына және Елордамыз Астананың 20 жылдығына арналған жобаның мақсаты — жасөспірімдерге ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, оларды отансүйгіштікке баулу, шығармашылық қабілеті зор жастардың арасынан таланттарды анықтау болып табылады.

Іс-шара барысында қазақтың киіз үйлері тігіліп, жастарымыз алтыбақан құрды. Әжелеріміз құрақ көрпе тоқып, жас айтыскерлер өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, сал-серілік, жеңге мен қайнысының қатынасынан көріністер көрсетілді. Ауылдық мәдениет үйлері көрме өткізіп, онда еліміздің тарихынан сыр шертетін бұйымдар ұсынылды.

Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің мәдениет үйінде өткен «Рухани жаңғыру — жарқын болашақтың кепілі» атты концерттік бағдараламаға қатысып, іс-шараны ресми түрде ашып берген аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев киелі Мақтарал ауданы дарынды өнер иелеріне бай екенін атап өтті.

«Еліміздің қиыр оңтүстігі саналған Мақтарал ауданында 300 мыңнан аса халық тұрады. Біз ақ алтынымызбен, күллі әлем тамсанып жейтін қауын-қарбызымызбен мақтанамыз. Сондай-ақ, қайнаған еңбектің ортасында пісіп-жетіліп, еліміздің өркендеуіне үлесін қосып жүрген көптеген қайраткерлерімізді, өнерпаз тұлғаларымызды да мақтан етеміз. Бүгінгі фестивальде де жастарымыздың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары суырылып алға шығары анық» — деді Жамантай Қанайұлы.

Концерттік кештен соң қонақтар Ш.Ділдәбеков мәдениет үйіндегі үйірмелермен танысты. Мұнда дарама үйірмесінің ұйымдастыруымен өткен М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан қойылым тамашалады. Сондай-ақ, әділ-қазылар мәдениет үйінің ұжым жетекшісі Ерболат Әдіқұлұлының «Қуыршақ театрының қойылымдары мен сахналық қойылымдардың ұштасуы» тақырыбындағы және солфеджио пәнінің мұғалімі Сұлтан Халелұлының «Гамманың 3 түрін ажырату» тақырыбындағы мастар-класстарын тыңдады.

Ш.Ділдәбеков мәдениет үйінің психологі Әлия Абайқызы «Ана мен бала арасындағы махаббат» тақырыбында психологиялық тренинг өткізіп, мүмкіндігі шектеулі балалармен үйірмеде жұмыс істеудің әдістемесін көрсетті.

Түскі үзілістен соң әділ-қазы құрамы Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің мәдениет үйінің музейін аралап, ауылдық округтің тарихымен танысты. Сондай-ақ, КСРО-ның социолистік еңбек ері, Ұлы Отан соғысы ардагері Шаблан Ділдәбеков туралы түсірілген «Дорога к белому полю» атты деректі фильмді тамашалады.

Фестиваль соңында мәдениет үйінің көркем ұжымының концерттік бағдарламасы қойылып, семнар-кеңес қорытындыланды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *