Басты бет > Саясат > МАҚТААРАЛДА ҚАҢТАРДА ДИҚАНШЫЛЫҚ БАСТАЛДЫ

МАҚТААРАЛДА ҚАҢТАРДА ДИҚАНШЫЛЫҚ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың қақ ортасында диқаншылықты бастап жіберді. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам жұмысшы тобы қатысып, қызу жұмыс жүруде.

Қаңтардың жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың жай-күйінен хабар алу үшін аудан әкімі Бақыт Асанов «Мақтаарал» ауылдық округіндегі «Ферудин» шаруа қожалығына барды. Алиев Мирзадиннің басшылығындағы қожалықтың еншісінде 10 гектар жер бар болса, соның 5 гектарына қырыққабат дақылы егіліп жатыр. 30 адамнан құралған жұмысшы топ қаңтардың әрбір жылы күнін пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан жұмыс жасап жатыр.

«Жылыжайда 120 мың түп қырықабаттың көшетін дайындап, 30 адамнан құралған бригадамен көшет отырғызуды бастадық. Жұмысшыларға күніне 2 мың теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп, жетіледі. Сондай-ақ, 90 күнде жетілетін сортын ектік. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», – дейді М.Алиев.

Мақтаралдық диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың нидерландық пандион сұрпын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп. Жалпы, қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтаралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сынды дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет өнім алады. Былтыр сәуір айында алғашқы өнімін алған мақтаралдық диқандар республиканың бірнеше облысын және Ресей Федерациясын қырыққабатпен қамтамасыз еткен болатын.

Айта кетейік, Мақтарал ауданында былтыр 30 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері қамбаға жиналған.

Медиаон ақпарат