Басты бет > Саясат > Литва Республикасының құрметті консулдығы ашылды

Литва Республикасының құрметті консулдығы ашылды

Бүгін Шымкент қаласында Литва Республикасының құрметті консулдығы ашылды. Литва республикасының Шымкенттегі  құрметті консулы болып  Мамадияр Қадырбеков тағайындалды. Дипломатиялық өкілдіктің ашылу мақсаты – екі жақты іскерлік байланысты жақсарту мен экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев консулдықтың ашылу рәсімі алдында Қазақстандағы Литваның Төтенше және Өкілетті Елшісі Витаутас Наудужаспен кездесті.

Басқосуда қос тарап экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мен туризм саласында әріптестік қарым-қатынасты орнату мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі мәртебелі қонақтарға өңірдің экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері мен транзиттік әлеуеті жайын мәлімдеп, Қазақстан мен Литва Республикасы арасында өзара тиімді серіктестік орнатылғанын жеткізді.

«Оңтүстік Қазақстан облысы өнеркәсіптік-аграрлық аймақ болып табылады. Біздің өңірде қолайлы инвестициялық климат құрылған, сондай-ақ бизнесті ынталандыру және дамытудың тиісті тетіктері қарастырылған. Өңірімізде 11 индустриалды  аймақ пен 1 экономикалық аймақ жұмыс істейді. Онда шетелдік инвесторларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымын кеңейтіп,  инвест жобалардың көбеюіне себеп болары сөзсіз» ,- деді әкім.

Дипломатиялық өкілдік қос ел арасындағы өзара ынтымақтастықты орнату мен дамытуды жоспарлап отырғанын айтқан Витаутас Наудужас литвалық кәсіпкерлер Оңтүстік Қазақстан облысының мамандарымен әріптестік байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді. Оларды өңірдегі аграрлық сектордың дамуы, атап айтқанда ет өңдеу жұмыстары қызықтыр отыр.

Екі күндік жұмыс сапарымен Балтық жағалауы елінен келген делегаттар өңірдегі индустриалды аймақтың жұмысымен танысып, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін тамашаламақ.

Медиаон ақпарат

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.