Басты бет > Қоғам > Лас-Вегас па, әлде лас Вегас па?

Лас-Вегас па, әлде лас Вегас па?

Лас-Вегас па әлде лас Вегас па?

 

Шымкент – Қазақстандағы ең iрi үш қаланың бiрi. «Қазақстанда екi мегаполис – Астана мен Алматыны дамыту жоспарланған. Бұл екi қаламен қоса, Шымкент те мегаполистер қатарына қосылу керек». Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шаһарымызға келген бір сапарында дәл осылай деген болатын. Содан бері Шымкентті үшінші мегаполиске айналдыру жолында жұмыстар жасалынып жатыр. Алайда, көңілге кірбің ұялатар жайттар да жоқ емес. Бүгін біз сол төңірегінде әңгіме қозғап көрмекпіз. Мархабат…

Шымкент өркениетті қаладан көрі үлкен ауылға ұқсайтыны ешкімге де жасырын емес бұл күнде. Сөзімізге көпқабатты тұрғын үйлерден көрі жеке сектордағы жер үйлер санының әлдеқайда көп екендігі дәлел. Әрине, қаланы мегаполиске айналдыру жолында небір әсем ғимараттар, архитектуралық нысандар, тіпті жаңа мөлтекаудандар да бой көтеруде. Біраз тұрғын баспаналы болып, қуаныштары еселеніп жатыр. Алайда, «Нұрсәт» мөлтекауданының 135 а, б, в үйлерінің тұрғындары ол үйлердің сапасының сын көтермейтінін айтып дабыл қағуда. Жаңадан салынған үйлердің барлығында дерлік «өртке қарсы құбырлар (пожарный дымоход)» орнату үшін сметада 78 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылғанымен, талапқа сай орнатылмаған. Шатырынан су ағады. Жертөлесіне қалдық сулар жиналып, жаз болса, сасып, тұрғындарды әбігерге түсіруде. Есік алдындағы балалар ойнайтын алаңша деген тек аты ғана. Ал, заты мүлде басқа. Ойын алаңшасына бір жүк машинасымен құм түсіріп берумен шектелген секілді мердігер компания. Ол пәтерлердің көпшілігі әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға, балалар үйінің түлектеріне берілген-тін. Үйдің сапасыздығын айтып, құзырлы органдарға шағымданайын десе, зорға жеткен үйімізден айрылып қаламыз ба деп те қорқады тұрғындар.  Жаңа үйлерінің қабырғалары жарылғанын көргенде олардың қандай күйде болғанын ойлай беріңіздер.

Шымкент қаласына жақын маңдағы ауылдардың қалаға қосылуы онсыз да үлкен ауылға ұқсап тұрған қаламызды одан сайын «ұлы ауылға» ұқсатып жібергені тағы шындық. Одан бөлек, көктем мезгілі бітіп, жаз келсе де, қаламыздағы көп көшелер шұрық тесік. Шымкент әкімі үшін қаламызда бір ғана көше бар секілді. Ол Тәуке хан даңғылы. Олай деуімізге себеп те бар. Басқа көшелерден жағдайы оңдылау болса да, осы көшеге жыл сайын болмаса да жиі жөндеу жұмыстары өткізіледі. Ал, қырық жамау көшелер жамауына жамау, тесігіне тесік жамап елеусіз қалып кетеді.

Қаламызда Бәйдібек би даңғылының «Наурыз» алаңы орналасқан жағының көрінісі көңіл қуантқанымен, қарсы бетіндегі мүлде қарама-қайшы жағдай марқайған көңіліңізді су сепкендей басады. Қарапайым ғана мысал, біз айтып отырған қарсы бетіне ешқандай қоқыс жәшіктері орнатылмаған. Мысалыға дейік, Бәйдібек даңғылы мен Қуаныш Төлеметов даңғылы қиылысатын жерде «Жаңалық» атты дүкен бар. Сол дүкеннен самса алған студент жігіт «Қайнар» қонақүйіне қарай жаяу жоғары өрлейді. Әрине, жолда алған самсасын жеп барады да. Самса ораған қағазды тастайын десе, қоқыс жәшігі орнатылмаған. Арықтардың бәрі лас. Тазаланбаған. Сонан соң, әлгі қағазды ол да жерге тастай салмай ма? Сол кезде оны самса алған дүкеннен бастап, жеке меншік машинасымен камераға түсіріп жүрген екі учаскелік полицей сау ете қалып, дәл бір қылмыскер ұстағандай ұстап алады. Соңы «Хаттама толтырамын. Айыппұл төлейсің, болмаса 10 күнге қамаласың» деп қорқытып-үркіту. Ау, ең алдымен Елбасының «Ұсақ құқықбұзушылыққа «Нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыруды» іске асыру үшін ең алдымен тұрғындарға қолайлы жағдай тудыру керек емес пе?

Тағы бір айта кетер нәрсе, қаламыздағы көшелердің барлығына дерлік «Көлік қоюға, жолаушы түсіруге болмайды» деген белгі қойып тастаған. Көлік қоятын жер жоқ. Тіпті жолаушыңды түсіруге де болмайды. Сонда межелі жеріне жеткен жолаушы жүріп бара жатқан көліктен секіріп түсуі керек пе? «Тоқтауға болмайды» деген жол белгілерін орнатпас бұрын, автотұрақтар салып, халыққа жағдай жасауға болмас па еді? АҚШ-тың Лас-Вегасында қайдам, ал Қазақстанның «Лас-Вегасында» тұрғындарға жағдай жасалмағандығына жоғарыда жазғандарымыз дәлел.

Ғабидолла әкім Шымкентті «Лас-Вегас қыламын» дегенінде нені меңзеді екен? Лас-Вегас па, әлде лас Вегас па? Ол жағы бір өзіне мәлім…

 

 

Малика Абдалиева,

Шымкент қаласы.    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.