Басты бет > Хабар > Конституциядағы көрсетілген ҚР азаматтарының міндеттері мен құқықтары

Конституциядағы көрсетілген ҚР азаматтарының міндеттері мен құқықтары

Республика азаматының негізгі құқықтарымен қатар міндеттері де 1995 жылдың 30 тамызындағы бүкілхалықтық талқылаудан өтіп қабылданған Конституцияда анық тұжырымдалған. Адам тумасынан өзіне қажетті құқықтар мен бостандықтарға ие. Ал ол өз мемлекетінің азаматтығын алғаннан кейін азаматтық құқықтарға ие болып, тиісті міндеттерді қоса атқаруға тиіс. Конституцияда адамды қастерлеу, құрметтеу, адамгершілік сезімдеріне үлкен маңыз берілген. Әркімнің өзінің жеке басының бостандығы заң жүзінде қорғалған. Заң бойынша адамның жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Конституцияның 19-бабында “Әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы” деп жазылған. Адамдардың ар-ождан бостандығына заң жүзінде толық кепілдік берілген. Республика азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстауында, оны мұраға қалдыруына конституциялық кепілдік жасалған. Конституцияның 39–бабында адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қоғамдық тәртіпті, адамның құқығы мен бостандығын, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана шектеу қойылуы мүмкін екендігі көрсетілген. 39 баптың 3 пунктінде азаматтардың құқықтарын, яғни азаматтық құқығы, өмір сүру құқығы, жеке өміріне, өзінің және жанұясының құпиясына қол сұғылмауына, мемлекет органдары мен лауазым иелерінің кінәсінен шеккен зиянды қайтарып алуына т.б құқықтарын тіпті ең төтенше жағдайлардың өзінде де шектеуге рұқсат бермейтіні айтылған. Конституцияда жеке, азаматтық және саяси құқықтарға, осы құқықтардың кепілдігіне айтарлықтай көңіл бөлінеді. Жеке меншік құқығы заңмен қорғалады (6 бап.). Жерді меншіктеу құқығы бекітіледі (21,25 бап.), сонымен қоса өзінің мүмкіндіктерін және мүліктерін кәсіпкерлік қызметте және заңмен тыйым салынбаған экономикалық қызметте еркін пайдалануына құқықтары бар. Бұл нарықтық экономиканың тұрақты дамуы, экономикалық реформаның алға жылжуы үшін сенімді конституциялық негіз жасауды қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Конституциясының 13 бабында әр адамның өзінің бостандығы мен құқығын сот арқылы қорғай алатыны көрсетілген. Әр адамның заң мамандарынан көмек алуға, үкімді Жоғары сотқа қайта қаратуға, жазаны жеңілдетуді сұрауға құқығы бар. Азаматтардың медициналық көмек алуына, мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Ал орта білім алу Конституция бойынша міндетті деп табылған. Республика азаматтарының құқығы мен міндеттерін сөз еткенде, екі мәселені ерекше атап өтуге болады. Бірі – заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады, екіншісі – Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті. Азаматтардың құқығы мен міндетін сөз еткенде бұл талаптардың адамдардың өз құқықтарын көбірек біліп, міндеттерін орындауға келгенде ұмытшақтық танытатыны жиі кездеседі.

Медиаон ақпарат