Басты бет > Хабар > КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ҮЙІРМЕ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ҮЙІРМЕ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

7
views

«Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» облыстық өнер фестивалі Кентау қаласында өтті. Фестиваль қонақтары мен қазылар алқасын Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев арнайы қабылдап, аймақтың тыныс-тіршілігі жөнінде әңгімеледі.

Елбасымыздың «Нұрлы жол болашаққа бастар жол» Жолдауынан бастау алып, Отанды сүю бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай  сақтау, өз үлесіңді қосып дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат ету мақсатында ұйымдастырылып, қазіргі таңда дәстүрге айналған  облыстық өнер фестивалін Ш.Қалдаяқов атындағы аудандық мәдениет үйі алдында этно-мәдени орталықтарының өкілдері мен ардагерлері «Бірлігіміз жарасқан» әнімен бастады. Ұлттық киім ақсақалдар бата беріп, ақ кимешекті әжелер шашу шашса, ұлттық аспаптарда сүйемелдеумен ән салған өнер ұжымдары арнайы дәліз жасап, қонақтарды қарсы алды.

     Фестивалі аясында «Ынтымақ» алаңында би үйірмелерінің «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол» флэшмобы және цирк өнері көрсетілсе, мәдениет үйінің фойесінде С.Бәйтереков атындағы саз мектебінің оркестрі күй орындап,  «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қаратау шежіресі, киелі жерлер, географиялық ерекшеліктерін айқындайтын арнайы стенд көрмелер ұйымдастырып, таныстырды.

«Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» облыстық өнер фестивалінің гала-концертін
көркем сөз оқу шеберлері «Кентау Ару —Қаратау» жыр шумақтарымен бастап, Астананың 20 жылдығы аясында айтыс өнерін көрсетті. Сонымен қатар, «Шабыт» және «Шығыс ырғақтары» би топтары «Астана», «Кентауым» әндерін сан түрлі қимылмен көркемдеп мың бұралса,  «Қарнақ дури — наби» фольклорлық ансамблі алғаш рет сахнаға шығып өзбек ұлттық күйлерінен «Попурри» орындады.
Концерттік бағдарламада 33 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан «Ардагерлер» хоры С.Қуашбайдың сөзіне жазылған А.Асановтың «Мәңгі ел үшін» әнімен айрықша әсер қалдырды.
Шара барысында Жақсылықовтар отбасылық ансамблі С.Бәйтерековтің әндерінен попурри орындаса, драма үйірмесінің қатысушылары «Үш достың бастан кешкендері» атты сатиралық қойылым көрсетіп, егемен елдің «Рухани жаңғыру» тарихи жылнамасы аясындағы айрықша қадамы, тағылымды істері, Кентау қаласының бүгіні мен болашақ келбеті сахна безендіруден бастап, әндер мен жыр-термелерден де кеңінен насихатталды.

Фестиваль соңы Кентау қаласындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдениет үйлері мен клуб меңгерушілері, үйірме жетекшілері мен өнер ұжымдары қатысқан баспасөз конференциясымен қорытындыланды.
Басқосу барысында фестивальдің ұйымдастырылуы жөнінде қазылар алқасы пікір білдіріп, бірқатар сауалдар мен ұсыныстарға да жауап берді.
Айта кетсек, Кентау қаласында 1 мәдениет сарайы, 4 ауылдық клуб жұмыс жасайды. Халық санының аздығына қарамай домбыра, би, қуыршақ театры және драма, қолөнер үйірмелеріне басымдық берген. Қазіргі таңда, Хантағы  және Байылдыр ауылдық клубынан құрылған «Қуыршақ театры» үйірмесі Кентау, Түркістан қалаларындағы мектептер мен балабақшаларға өз қойылымдарын беріп үлгерген. Алдағы уақытта, өңіріміздің өзге де аудандарына сапарға шығуды жоспарлап отыр.

Фестиваль қонақтары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын кеңінен дәріптеу мақсатында Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Хантағы тарихи орнын аралады.

М.Сабыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *