Басты бет > Мәдениет > Зайырлылық және Дін деген не?

Зайырлылық және Дін деген не?

Жастарға  зайырлы қоғамға сәйкес өмір сүріп, діндарлық мәдениетін ұстануды үйрету керек. Діндарлық мәдениет деген тек ғибадат жасау емес. Ол – адамның ішкі және сыртқы болмысының үйлесімділігі, ішкі рухани мідениетінің жоғарылығы, нақты қоғамдық қатынастарға бейімделу, мемлекеттік ұстанымдарға сай әрекет ете білуі. Өкінішке орай, теріс діни ағымның жетегінде кетіп жатқан жастар медицинаның жетістіктерінен бас тартуды шығарды, ортағасырлық дәуірде өмір сүруді қалайтын топтар пайда болды. Көптеген жастар «зайырлылық» деген ұғымды «атеизм» деп түсінеді. Зайырлылық деген атеизм емес. Атеизм – Құдай туралы ілімді қабыл алмау. Ал зайырлылық деп діннің мемлекеттің заңнамалық негізінде өмір сүріп, әрекет етуін айтады. Діннің өзіндік қызметі бар. Біз оны дүниетанымдық, рететуші, адамдарды біріктіруші және ажыратушы құрал дейміз. Кеңестік кезде атеизм идеологиясы насихатталып келді де, еліміз тәуелсіздік алған соң ол идеологиялық вакуумға айналды. Енді сол бос тұрған кеңістікті батыстан, шығыстан келген әртүрлі діни ағымдар жаулай бастады. 2000 жылдары біреу құранды білетін болса, намаз оқыса, мешітке барса, біздің Ислам дінімізді насихаттаушы деп түсініп, тура жолға түскенін айтып қуандық. Дінімізді жандандырып жатыр деп ұқтық. Ол қандай Ислам әкеліп жатқанына мән бермедік. Оған мән беру 2000 жылдардың ортасынан басталды. Енді адамдар дінге бет бұрғандардан үркетін болды. Өйткені елімізде діни жағдайларға байланысты құбылыстар орын алды да, дінге байланысты секемшілдік көзқарастар орын ала бастады. Біреу намаз оқыса, қандай жолға түсіп кеткенін аңдимыз. Мешітке жиі барып кетсе де қауіптенетін болдық. Дінге деген қызығушылық жастардың арасында жоғары болып тұр. Мысалы, жұма, айт намаздарына барсаңыз, мешіттегі жамағаттың 80-60 пайызы жастар болады. Ол жастардың да әлеуметтік құрамы әртүрлі. Көбі жұмыс іздеп келгендер, пәтерде тұратындар. Осындай пәтерде тұратын жастар көбінесе жат ағымның ықпалында қалып кетеді. Себебі, көптеген ағымдар жастарды үймен, жұмыспен қамтамасыз етеді де, өздеріне тартады. Бірақ діни адасушылықтың себебін тек діни аспектілердің іздеудің қажеті жоқ. Онда әлеуметтік, писхологиялық, рухани жағдай да себеп болуы мүмкін. Тіпті еліктеушілік те адасушылыққа алып келеді.

Медиаон ақпарат