Басты бет > Саясат > Ж.Түймебаев: Қазығұрттық 1800 отбасы биыл көгілдір отынға қол жеткізбек

Ж.Түймебаев: Қазығұрттық 1800 отбасы биыл көгілдір отынға қол жеткізбек

Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар  кәсіпкерлік және шаруа қожалықтың жұмысын аралап көрді.

Ең алдымен өңір басшысы мал бордақылаумен және ет өнімдерін өндіретін «Қарқын» – 2030 ЖШС-нің жұмысымен танысты. 2009 жылы құрылған серіктестіктің меншігінде 250 гектар жер бар. 800 бас мал бордақылауға шақталған нысанда бүгінде 400 бас ірі қара байлануда. Цехта тәулігіне 5 тонна 12 түрлі шұжық өндіріледі. Дайын өнім елімізден бөлек, Ресейге де жөнелтілген. Онда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 50 адам маусымдық жұмыспен айналысады. Өткен жылы серіктестік 2 млрд. 955 млн. теңгенің өнімін өндірген. Соның есебінен 167 млн. 218 мың теңге салық түскен.

Серіктестіктің жұмысына қаныққан облыс әкімі осы жылдың бес айында өңір бойынша 90 мың тоннадан астам ет өндірілгенін айтып, оның ішінде 8 мың тоннаға жуығы Қазығұрт ауданына тиесілі екенін жеткізді. Бұл мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ үшін аз көрсеткіш екенін тілге тиек етіп, осы бағыттағы жұмыстарды дамытуды аудан басшысына тапсырды.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Қызылқия ауылдық округіндегі дәнді-дақыл мен жеміс-жидек өндірумен айналысатын «Аманкелді» ЖШС-не барды. Серіктестік бүгінде 2322 гектар жерді баптап, пайдаға асырып отыр. Мұнда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қожалық 2005 жылы арнайы тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие болған.

Шаруашылықтың жұмысымен таныстырған кәсіпкер тамшылатып суару әдісінің арқасында шығын азайып, өнім көлемі артқанын айтады. Мәселен, алма, шабдалы, шие, алхоры, өрік, алмұрт, жүзім өнімдерінен 2017 жылы 14 млн. теңге табыс тапқан.

Бұдан соң әкім «Ыбрайым қажы» шаруа қожалығына аялдады. Мал азығын даярлаумен айналысатын қожалықтың меншігінде 0,25 гектар жер бар. Мұнда тәулігіне 2 тонна көк балауса (гидропон) өндіріледі.

Сапары соңында БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында облыс әкімі ауданда егін және мал шаруашылығы дамығанын айтып, бүгінде ауданда қарқынды бау көлемі артып келе жатқанына және халыққа қажетті коммуналдық мәселелерде шешім тауып келе жатқанына тоқталды.

«Қазығұрт ауданында жалпы қарқынды бау көлемі 242 гектар болса, биылдың өзінде 80 гектар жерге егілді. Жылыжайлардың өзі бір ауданда 117 гектар, ал биыл 30 гектар қосылып отыр. Ал аудандағы 28 мың гектар жерге егілген бидай мен арпаның орташа түсімділігі гектарына 23-25 центнерді құрайды деп күтілуде. Бұл да ауданның қазіргі жағдайының жақсарғандығын аңғартады. Бұдан бөлек, аудандағы 8 елді мекенде газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, қазығұрттық 1800 отбасы биыл көгілдір отынға қол жеткізбек. Газдандыруды алдағы жылдары 95 пайызға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін тиісті жұмыстар жасалуда. Су мәселесінде де Қазығұрт алдыңғы қатарда, жалпы ауыз сумен қамтамасыз ету 88 пайызды құрайды. Осы жылдың өзінде 9 елді мекенді таза ауыз сумен қамту жұмыстары қолға алынды. Осындай халыққа қажетті жол, су, газ мәселелердің барлығы ауданда тиісті деңгейде шешіліп келеді»,-деді Ж.Түймебаев.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.