Басты бет > Жастар > ЖЕТІ ЖҮЗ БҰЛАҚ немесе «Қызылкөпірдің кілті» туралы сыр…

ЖЕТІ ЖҮЗ БҰЛАҚ немесе «Қызылкөпірдің кілті» туралы сыр…

27
views

(Лирикалық поэмадан үзінді)

Ақын Жомарт АЙДАРОВТЫҢ «Жеті жүз бұлақ немесе Қызылкөпірдің кілті» лирикалық поэмасы, халық аузындағы аңыз желісімен жазылған және өмірде болған оқиғаларды шебер суреттеген туынды. Жазылу өрнегі өзгеше. Туған жер тарихына қосар үлесі бар, әсерлі тағылымды шығарма деп білемін.

 Рахманберді Анарбайұлы ЕШИМОВ,

тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегері.

 

Көрген жандар айтушы еді таласып,

«Қызылкөпірден» жоғары екі үш шақырым.

Жеті жүздей болады деп шамасы,

Жағалауы толған бұлақ ағып жатқан ақырын.

 

Жасыл құрақ арасынан түрленіп,

Сылдыр қағып ағушы еді бір керім.

Сылқ-сылқ етіп сұлу өзен жататын,

Сұлу қыздың күлкісіндей түрге еніп.

 

Жарыса сайрап жататын дала бұлбұлы,

Қосылып оған жеті жүз бұлақ сыңғыры.

Жеті ғасыр ма жаралғалы ол білмедім,

Жеті бабамнан жалғасып келген ғұмыры.

 

Жеті жүз бұлақ – жеті жүз зәулім шынарсың,

Жеті қат жерді жарып бір шыққан шығарсың.

Жеті жүз шаршы арнасын суға толтырып,

Жаратқан өзі жеті құт, кие шығарсың.

 

Жеті жүз бұлақ, жеті жүз шырақ жанатын,

Жосылып ағып, қосылып тыным табатын.

Жеті жүз бұлақ – жеті жүз өмір жаршысы,

Тіршілік нәрін кіргізіп үміт жағатын.

 

Сұмдық тарихтың іздері қалған осында,

Қоқанның ханы көрсеткен талай құқайды.

Хиуа ханы қинаса келіп қызыңды,

Бұхардың ханы басынған, қылығы кімге ұнайды?

 

Хиуа ханы Сырдан қамал салдырып,

Атаған оны «Қатын қала» деп кейіннен.

Тұтқынға түскен қазақ қыздарын апарып,

Қамаған сонда білетін мұны дүйім ел.

 

Қолға түскен қазақ қыздарын күң етіп,

Хиуа бегі жауыздығын көрсеткен.

Жеті жүз бұлақ басына әкеп түнетіп,

«Қатынқалаға» айдаған сосын күзетпен.

 

Жесірдің күні жоғалып мәңгі батқандай,

Жетім қыз зары булығып өксіп жатқандай.

Жесірдің дауысын жеткізген желмен жарысып,

Жеті жүз бұлақ жамырап жылап жатқандай.

 

Жеті жүз бұлақ ағатын асау шапқылап,

Әкелген айдап, жендеттер кілең сап құрап.

Жүздері солғын жеті жүз ару жесірдің,

Көз жасы ма екен көзеден тасып атқыған?

 

Ақ періштелер-ай, алаңсыз көкте самғайтын,

Қорықса үркіп үрейден қона алмайтын.

Айдынын тастап шошынып кеткен оралмай,

Аққудай ерке көліне қайта қонбайтын.

 

Есімде қалған жеті жүз қыздың тағдыры,

Жеті жүз ару күлкісі арман, ар мұңы.

Жеті жүз бұлақ, жеті жүз нұрға малынған,

Жеті жүз қыздай жоғалған бірдей барлығы.

 

Жеті жүз бұлақ, жеті жүз жанар суалған,

Жағада өскен құрақты көкті суарған.

Ойпаңды сазда орының жатыр ойсырап,

Жеті жүз жанар секілді мәңгі су алған.

Шымкент қаласы.

One thought on “ЖЕТІ ЖҮЗ БҰЛАҚ немесе «Қызылкөпірдің кілті» туралы сыр…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *