Басты бет > Жастар > Жаңа облыс орталығында алғаш рет «Түркістан аруы – 2019» байқауы өтті

Жаңа облыс орталығында алғаш рет «Түркістан аруы – 2019» байқауы өтті

Облыстық отбасы, балалар және жастар істері басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» МКК ұйымдастырған шараға 16-25 жас аралығындағы 300 бойжеткен қатысып, өз бақтарын сынады. Ақтық сайыста 15 үміткер өз өнерлерін ортаға салды.

Тән сұлулығы мен жан сұлулығы, білім мен білік сынға түскен шара бес кезеңнен тұрды. Яғни арулар сахнада мың бұрала би билеп, музыкалық аспаптарды қолдану арқылы жанды дауыста ән айтты, қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, ұлттық киім үлгілерін көрсетті және подиумда жүрді.

Депутаттар, ғалымдар және өзге де зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары қазылық еткен байқаудың қорытындысында кентаулық Ақниет Сәдуақасова бас жүлдені жеңіп алып, 300000 теңгені иеленді. Бірінші орын иегері түркістандық Жібек Мамешке 200000 теңге, екінші орын иегері түркістандық Нұршаш Шәкірбаеваға 150 000 теңге сыйақы берілді. Мақтааралдық Жансая Құрбан үшінші орыннан көрініп, 100 000 теңгені қанжығасына байлады.

МедиаON ақпарат