Басты бет > Қоғам > Жақсыменен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей!

Жақсыменен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей!

«Шымкентке батыр Баукеңнің келіні, жақсылардың жұрнағы, алтынның сынығы, асылдың тұяғы, этнограф-жазушы, қазақ салт-дәстүрлерінің жоқшысы Зейнеп Ахметова келеді» дегеннен неге екенін қайдам, мені бір беймаза күй баурап алды.

Мүмкін, бұрын мұндай атақты кісілермен кездеспегеннен де болар?! Бәлки, «алтынның сынығы да алтын», өзі батыр Баукеңнің келіні болса, атасының «бетің бар, жүзің бар» демей, бетке айтатын бірбеткей мінезі жұқпады дейсің бе?» – деген қорқыныштың да әсері шығар?! Кім біліпті?

Күткен 13 қыркүйек те келді. «Бастығым әрі жеңешем» Малика Махамбеткәрімқызы екеуміз «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында» болатын кездесуге қарай бағыт алдық. «Жолай гүл сататын дүңгіршекке соғып, гүл алайық» деді жеңешем. Бастығы айтса, «Жапбарқұлда жан бар ма?», ләпбай дедік. Десе де, осы азды-көпті жасаған жасыма дейін әйел баласына гүл сыйлап көрмеген соң, ішім қылп ете қалғанын несіне жасырайын?! Мәселені басынан шешіп алайын деген оймен «Гүлді өзіңіз сыйлайсыз ғой» – дедім Мәлика ханымға. «Әйелдің әйелге гүл сыйлағанынан жек көрерім жоқ» – деп басшымыз шорт кесті. Шорт кесті де әсем басын бір сілкіп қойды. «Жазған құлда шаршау бар ма» бір қолымызға гүлімізді құшақтап, бір қолымызбен бастығымыз һәм жеңгемізді қолтықтап, «Бісміллә» деп  «Салт-дәстүр» орталығының табалдырығынан аттадық.

Зейнеп апамызбен кездесеміз деген жұрт орталықтың шағын залына сыймай, кейбіреуі түрегеп тұрды.

Өзінің өмірден көрген-түйгені мол, Бауыржан Момышұлынан алған тәлімі бар Зейнеп Әскербекқызы тілге жүйрік, сөз қисынын тауып айтатын нағыз от ауызды, орақ тілді шешен екен. Аудиторияны лезде өзіне баурап ала қойды.

«Атаның құжаттарының бәрінде туған жері Шымкент уезі, Жуалы ауданы деп көрсетіледі. Сондықтан да маған бұл өңір ерекше ыстық» – деп өзі үшін осы Оңтүстік өңірінің, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының алар орны ерекше екендігін сөз басында айтып өткен Зейнеп апа сұрақ бере қалсаң, шорт кеспей кеңінен көсіледі. Онысын жуып-шайып «Бахаң (күйеуі Бақытжан Момышұлын айтады) кейде маған осылай көп сөйлеп бара жатсам,  әзілдеп: «Түу, Зейнеп! Менің құлағымды, өзіңнің аузыңды аямайсың» деуші еді» – деп аудиторияны бір күлдіріп алады. Көрерменін күлдіргенімен, Бахаң туралы айтқан кезінде көзінде ерекше бір мұң, сағыныш тұрады. Оны сезбеу мүмкін емес! Ал салт-дәстүр, бүгінгі той мәдениеті, қазақ қыздарының тәрбиесі туралы сұрай қалсаңыз, таңды таңға ұрып әңгімелеуге бар.

Осы орайда, назарларыңызға Шымкентте болған екі күн ішінде Зейнеп апаның айтқан тағылымды әңгімелерінен үзінділер ұсынуды жөн көріп отырмын:

Кіндікте қандай қасиет бар?

Кеңес Одағы тұсында 462 шағын ұлттар мен ұлыстар жойылып кетті. Қазақ та осындай қауіп-қатердің алдында болды. 1916 жылы бір зұлмат келді, 1932 жылдары қазақтың екіден бірі аштықтан қырылды. Одан кейін қызғалдақтай енді бүр жарып шығып келе жатқан жас ер-азаматтарды соғыс жалмады.

Қазақта «кіндігінен байланған» деген сөз бар. Алайда сол сөздің мәнісіне көбіміз түсіне бермейміз.

Қазақ үшін кіндік өте қастерлі ұғым болатын. Шақалақ қыздың кіндігін «Отбасының ұйытқысы болсын! Отбасының алтын қазығы болсын! Отына ие болсын!» деп ошақ қасына, от басына көмген. Кішкентай ұл нәрестенің кіндігін «Кіндігі туған жерге байлансын. Туған босағасына, қара шаңыраққа ие болсын» деп үйдің табалдырығына көмген.

Кіндік пен адамның арасында көзге көрінбейтін бір нәзік байланыс бар. Кіндігі туған жерге байланған адам туған елінен, туған жерінен жырақтап алыстауы мүмкін емес. Себебі, туған үй босағасына байланған кіндігі өзіне тартып тұрады.

Осыншама ұланғайыр жерді ата-бабамыз, ат төбеліндей аз қазақ қалай қорғап қалды дейсіз? Қолында жөні түзу қаруы да, жер қайысқан қалың қолы да жоқ. Бірақ ата-бабамыз туған жерін қорғап қалу үшін қолындағы найза-садағымен-ақ жан аямай соғыс салды. Ата мекенінің бір қарысын да жауға берген жоқ. Өйткені оның кіндігі туған жерге мықтап байланған еді.

Ал Кеңес Одағы билеген 70 жылдан астам уақытта жаңа туған нәрестелердің кіндігі түспей, перзентханадан шығармайтын. «Неге олай?» деп бас қатырған ешқайсымыз жоқ. Ал нәрестенің түскен кіндігін ит жеді ме, мысық жеді ме? Оған тағы бас ауыртқан ешкім болған жоқ. Солай болуы тиістей көрінетін.

Қазақта «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейтін сөз бар. Қазір көп ер-азаматтар қарнының күйін күйттеп, тойған жерінде жүре беретін болды. Оған арланбайды да. Міне, нәрестенің кіндігін қастерлемей, ит-құсқа жегізгеннің салдары.

 

Қазақтың қыздары қара киініп, тұмшаланбаған.

Қазір қап-қара  киініп тұмшаланғандар көбейді. Қазақтың қызы еш уақытта қара киім кимеген. Тек ері қаза болған үйдің жесірі ғана қара жамылған. Ерінің қаза болғанына бір жылдан асқан соң қаралығы түсіріліп, «көңілің ағарсын» деген ниетпен ақ жаулық салған. Ал айдың-күннің аманында, бейбітшілік заманда жамандықты шақырып қара жамылатындай бастарына не күн туды?

Өткенде бір жиыннан шықсам, осылай тұмшаланып алған бір топ қыз: «Апай, біздей мұсылман қыздармен суретке түсіңізші» деп қояды. Жалпы мен тәкаппар адам емеспін. Қарапайыммын. Бірақ маған ана қыздардың өздерін жұрттан ерекшелеп, өздерін басқадан артық көріп, «біздей мұсылмааан қыздармен» дегеніне қырсықтым да қалдым. Бұл сөздері маған да тиіп кетті. Содан соң да «Шырақтарым, өздерің мұсылмансыңдар. Мендей кәпірмен суретке түсіп, күнәға батып не қыласыңдар?» – деп өз жөніммен кете бардым. Қазақтар еш уақытта хиджап кимеген. Ол арабтың өздерінің тұрғылықты жерінің климатына негізделген ұлттық киімі. Қазақтың қыздары үкілі бөрік киген, тақия киген. Ұзатылар кезде сәукеле киген. Бір ғана сәукеленің өзінің философиялық мәні өте зор біле-білген адамға. Қазақтың келіншектері жаулық салған. Жастары ұлғайып, сарықарын бәйбішеге айналар тұста басына кимешек салған.

 

Шымылдықтың жөні бөлек

Қазақ тұрмысқа шықпаған қызын оң жаққа отырғызған. «Оң жақта отырған қыз» деген ұғым содан қалған. Қыз шымылдығы қызыл түстен, әдемі торғын жібек матадан тігілген. Қыз ұзатыларда өзімен бірге шымылдығын да ала барған. Қызды ұзатарда артына қаратпаған. Бұл «қызымыз барған жеріне тастай батып, судай сіңсін» деген таза ниеттен туындаған. «Шыққан қыз шиден тысқары» деген осыдан қалған сөз.

Қазақ өлген кісісін де оң жақтан шығарған. Бұл жерде де қайтыс болған кісіге арнап шымылдық құрған. Бірақ, бұл шымылдықтың түсі ақ болған. Қайтыс болған кісінің денесін тезірек алып кетуге тырысқан.

Бір ақын «ақ некелі ақ шымылдық» деп теңеумен өлең шығарып еді, ұзатылатын қыздарға жаппай ақ шымылдық құрыла бастады. Бұл дұрыс емес. Қазақ ақ шымылдықты тек қайтыс болған кісіге құрған. Қызға ақ шымылдық құру ырымға жаман. Кейде салт-дәстүрді білмегендік осындай оспадарсыздыққа алып келеді.

Күйеуіңнің алдынан балаңды көтеріп шық.

Анам айтатын: балам, күйеуіңді тұңғыш балаңдай бағып ал деп. Мен күлетінмін. Оны кейін түсіндім. Ер адам жасы 50-60-70-ке келсе де  ананың алақанын аңсап тұрады екен. «Ең үлкен тәрбие менің әжемнен бойыма сіңген» дейтін атам. «Ойпырмай, немересіне ертегі айтатын әжелер азайды. Осыдан қорқамын. Баласына бесік жырын айтатын келіндер азайды, осыдан қорқамын. Екі қазақ қазақша сөйлесуден қалып бара жатыр» деген еді атам жарықтық», – дейді Зейнеп апамыз.

Анам: балам, күйеуің жұмыстан келгенде, алдынан балаңды көтеріп шық – деп қайталаудан жалықпайтын. Сол кезде жастығым болса керек, бұл айтқанының да мәнісін түсінбеппін. Сөйтсем, ер-азамат жұмыстан шаршап келгенде, алдынан жары күлімдеп баласын алып шықса, перзентін құшырлана иіскеп, бүкіл шаршағаны ұмытылады емес пе? Ал осыдан кейін отбасында жаймашуақ бір атмосфера орнамай көрсін. Себебін білген адамға бұл қадамның отбасының берік болуына, ынтымақты болуына септігі өте зор.

Тойда гүл лақтыру немесе қазақтың бүгінгі той мәдениеті

Кейінгі кезде қалыңдық ортада тұрып, артына гүлді лақтыратын әдет пайда болды. Сол тойда үлкен-кіші түгел жүреді, қыздардың әке-шешелері тұр. Байсырап бара жатқандай улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Ұят нәрсе. Сол гүлді лақтырғанша, үкісін артындағы қыздарға үлестіріп бергені дұрыс. Енді ол келіншек болады, сәукеле киеді, бір жыл бойы соның желегін салады. Қазір сол тойда гүл лақтыру емес, осылай үкісін үлестіріп беру дәстүрін жаңғыртуды қолға алып жүрмін. Құдайға шүкір, ұзату тойында үкісін үлестіретін қыздар көбейіп келеді.

Қазіргі көп қыздарда еркек қызығатын ештеңе қалмады

Еркекше сөйлейтін, еркекше жүретін, еркекше іс-әрекет жасайтын әйелдер көбейді. Бұттағы шалбардың өзі әйелді әйелдік қасиетінен ажыратты. Неге десеңіз көйлек деген адамды әдемі бір қалыпқа салады, сенің артық-кем жеріңді жасырып тұрады,  көйлек киген адам өзінің жүрісін де түзеп жүреді. Орамал мен көйлек – әйелдің сәні.

Бұрын жігіттер қыздардың көйлегінің астында не бар екен деп, ынтығып, қызығып жүрсе, қазір соның бәрі ашық. Жастардың сөзімен айтқанда ешқандай “романтика” қалған жоқ, жігіт қызығатын ештеме қалмады.  Жігіттердің де әсері болуы керек. Қасында шалбар киіп, тура өзінен аумайтын қызбен кетіп бара жатқан жігіттердің не ойлайтынын білмеймін.

Құрсақ шашу

Қазір шатастырып жүрген салттар көп. Өткенде атақты әншінің бірі ай-күніне жетіп отырса да мешітте құрсақ шашу жасағанын көз көрді. Ол құрсақ шашу емес, жарысқазан жасайтын халге жетіп отыр ғой. Содан кейін тортты көріп зәрем ұшты. Торттың бетіне әдемілеп суретін салыпты. Іші шығып тұр. Енді сол тортты пышақпен кесетіні белгілі ғой. Оның басын бас, аяғын аяқ, қолын қол қылып, ішіндегі баласымен қосып кесіп тастайды. Неге ойланбады екен? Ол ырымға жаман ғой», – деп күйінеді Зейнеп Ахметова.

«Құрсақ шашу» дәстүрі қай уақытта орындалады?

«Бұл дәстүр қай уақытта болады? Ол келіні жаңадан жерік болғанда орындалады. Жерік әйел көңілі неге тартып тұр, неге іңкәрі ауып тұрғанын білмей қиналады. Мінекей сол кезде енесі оның жерік асын тауып беру үшін ауылдағы әйелдерді шақырады. Барлығы үйлерінен бір-бір дәм алып келеді. Тамақ алып келеді. Не нәрсеге әуес екенін табуға тырысады. Мүмкін бір тамақ болмаса бір тамаққа көңілі шабар дейді. Тіпті оған ер азаматтар да сырттай аңның, құстың етін, балық, қарақат, мойыл секілді нәрселерді әкеледі. Өйткені жерік асты тауып беру сауабы мол, қасиетті нәрсе. Баланың қалай болуы, алдағы уақытта оның күш қуатының қандай болуы, оның иммунитеті осы жерік асқа байланысты. Оның үстіне бұл құрсақ шашудың тағы бір мәні – жеңгесімен әзілдесетін қайнылар көп болады. Сол қайныларының бірі оспадарсыз әзілдеп, жеңгесін қорқытып қоймасын, жеңгесінің аяғы ауыр екенін олар да біліп, байқап әзілдессін – деген емеурін жатыр. Расында да, құрсақ шашу өткен үйдің келініне бүкіл ауыл қамқорлық танытып, сәбидің аман-есен дүниеге келуіне жағдай жасаған. Қазақтың әр әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде осындай философиялық астар бар», – дейді бір бойынан қазақ әйелінің бар қасиеті табылатын Зейнеп Ахметова.

Қазіргі тұсаукесер тойы

Қазір баланың тұсауын үш адамға кескізіп жүр. Қанша той осылай өтіп жатыр. Бірінші ала жіппен, екінші көк шөппен, одан кейін тоқ ішекпен дейді. Қандай қисын бар? Балаң кімге тартсын деп тұрсың? Ала жіптің мән-мағынасын «Кісінің ала жібін аттамасын», – деп мүлде жеңілдетіп алған дейді. Сонда біреудің бірдемесін іліп кетпесін деп қана тұсау кесу керек пе?

Бұның мағынасы өте тереңде жатыр. Ала жіп деген тіршіліктің нышаны, тіршіліктің символы. Өйткені бір жаратушы жалғыз. Қалғанының бәрі екіден: ер мен әйел, ыстық пен суық, қараңғы мен жарық, қыс пен жаз осылай кете береді. Олар бірінсіз бірі болмайды. Жақсылық болған кезде асып-тасып кетпесін, жамандық келгенде басылып қалмасын, екеуінен тең өтсін деп пышақпен кеседі.

Қазір қайшымен кесіп жүр. Қайшы деген екі жүздің бір бірімен қайшылануы. Баланың өмір қайшыланады. Қайшымен кесуге болмайды. Артынан кескенді де көрдік. Бала артына жүрмейді ғой?!

Қашан қарасаң тұсауды әжелер кесіп жатады. Қазақ әже түгілі сылбыр басатын адамға тұсау кескізбеген. Үлкендер баланы бесікке салсын, баланы қырқынан шығарсын. Тұсауды тұрмысқа шықпаған қызға, үйленбеген жігітке де кескізбеген. Өйткені олардың жолы ашылмаған деп есептейді», – дейді ол.

Зейнеп Ахметова жақын арада қазақ салт-дәстүрінің шығу тегін толыққанды түсіндіріп беретін «Күретамыр» атты жаңа кітабының жарыққа шығатынын құлаққағыс етті.

Осы орайда, Зейнеп апаның өзі «Жанторсығым», кейде «Дүңгіршегім» деп еркелететін, апаның жазған кітаптарының барлығының дерлік редакторы Айгүл Болатханқызының осы сапар жайында әлеуметтік желіде жазған жазбасынан үзінді келтірсем деймін: «Шымкенттегі сапарымыздың қалай өткені жайлы осындағы шымкенттік достарым, сіңлілерім, күйеу балам (мені айтады) жақсылап жазды. Оны қайталау артық деп ойлаймын. Зейнеп апа осы сапарында өзінің таяуда шығатын “КҮРЕТАМЫР” атты кітабынан үзінділер айтты. Жастар сарайына жиналған қалың оқырман да, “Әдет-ғұрып, салт-дәстүр” орталығына жиналған бір қауым ел де сонда айтылған өнегеге толы автормен өрбіген әңгімені өте жақсы қабылдады. “Күретамыр” – қазақтың салт-дәстүрі, ырым-тыйымы, әдет-ғұрпы туралы кешегі жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастырып, нақты мысал-оқиғалармен өріліп, кеңінен түсіндірілетін ұлтқа керек, оқырманына жақын, ғибратқа толы шығарма. Баспадан шыға сап оқырманына жол тартатын кезекті кітаптың да бірі қалмай тарап кететініне көзім жетіп қайттым…».

Сөз соңы: Сапардың бірінші күні Зейнеп апамыз көптің ықыласынан босай алмаса, екінші күні билік толықтай Малика жеңешем екеумізге тиді. 14 қыркүйек күнгі сағат 1500-де «Жол-көлік колледжінде» өткен кездесуден басталған дидарласу, сұхбаттасу түнгі 2200-ге дейін созылды. Шымкенттік болған соң, «Ақылы семинарлар ұйымдастырмайсыздар ма? Кітаптарыңызды ала келгенде алушылар көп болатын еді» деген секілді «бесплатный» ақылдарымызды айтамыз ғой апамызға. Сөйтсек, апамыз: Мен бұл жаққа кітап әкелсем, бәрі болмағанмен бірі «Батыр Баукеңнің келіні Шымкентке келіп, кітабын саудалап кетті» – деп әңгіме қылады. Ал ақылы семинар кеңестерге келсек, ол туралы ойланбаппын да. Қажет те емес дүние деп ойлаймын. Мені көбі осындай шақыртуларға белгілі қойған бағасы бар, сол бойынша келеді ғой деп те ойлауы мүмкін. Бірақ, мен осы халықтың ықыласына риза боламын. Осы күні маған сыйланған шашақты ақ орамалдар мен қамзолдар бір сандық болды. Бұрын келіндерім барар жеріне сол сандықтағы мүлік-мүкәммалдан алып жүре беретін. Өткенде қарасам, Сұлтаным (немересі Нұрсұлтанды айтады) кәдімгідей жігіт болып, мұрты тебіндеп, қыздарға көз салатындай жасқа жетіп қалыпты. Содан «немеремнің тойына дейін ол сандыққа тимеңдер» деп тыйым салдым деп ағынан  жарылады апамыз. Ал, бизнес жасап, тиын-тебен жасауға біздің тегіміз, фамилиямыз жібермейді – деп әлгі тиын-тебен туралы әңгімеміздің де нүктесін әдемі қоя салды.

Кездесу барысында Зейнеп апамыз «Мен қолым бостықтан немесе еріккендіктен жүрген жоқпын. Өзімнің білетіндерім өзіммен бірге кетпесе екен. Өзімнің білгендерімді кейінгі ұрпаққа аманаттап қалдырсам деген ниетпен жүрмін» – дегенді бірнеше рет айтты. Алайда біз қолда бар алтынымызды қадірлей алып жүрміз бе? Әй, қайдам-ау?! Мақаламыздың бісмілләсін Шымкентке батыр Баукеңнің келіні, жақсылардың жұрнағы, алтынның сынығы, асылдың тұяғы, этнограф-жазушы, қазақ салт-дәстүрлерінің жоқшысы Зейнеп Ахметова – деп алаулатып-жалаулатып бастағанымызбен, байқасаңыздар жоғарыдағы атақтың бәрі өз қадірлісіне халқы берген атақтар. Ал, ҚР Үкіметі тарапынан ешқандай атақ алмаған. Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де шындығы осы. Апаның өзі атақтан дәмеленбейді де, атақты аңсамайды да. Маған «Баукеңнің келіні» деген атақтан асқан мәртебенің керегі жоқ, сол атқа, осы атағыма дақ түсірмесем болғаны» деп айтудан жалықпайды. «Атақты қайтейін, құдай абырой берсін». Бұл менің сөзім емес, Зейнеп апаның жиі айтатын сөзі. Дегенмен, кешегі Кеңес Үкіметі тұсындағы «заппермелердің» өзі қымсынбай алып жүрген бір ауданның «Құрметті азаматы» атағы да апамызға бұйырмай жүр. Бұйырмай жүр емес-ау, бұйыртпай жүрміз. Аудан дегенде Батыр Баукеңнің туған ауданы Жуалының орны ерекше. Бұл туралы елімізге белгілі журналист, «Нар-ТВ» телеарнасының директоры Ерсұлтан Әмірбек ағамыз фейсбук әлеуметтік желісінде жазды да. Ол жазбаны газетіміздің бетінен таба аласыздар.  Батыр Баукең тек Жуалыға тән азамат емес қой. Исі қазаққа ортақ. Ол кісінің келіні  Зейнеп апамыз да солай. Оңтүстік өңірінің батырдың ұрпақтары үшін, Зейнеп апамыз үшін орны айрықша екендігін сөз басында айтып өттік. Ендеше, Жуалының құрметтеуін күтіп отырмай, облысымыздағы бір ауданның «Құрметті азаматы» атағын берсек, тіпті облысымыздың «Құрметті азаматы» атандырсақ, ол атақтың абыройы түсіп қалмас, керісінше мәртебесі өсе түсетіні – ХАҚ. Осы сөзімізді облысымыздың басшылығында отырған азаматтар ескерсе дейміз. Біздікі айту – ПАРЫЗ. Әйтпесе, Зейнеп апамыз атақсырап бара жатқан жоқ.

Сөз барысында, Зейнеп апамыз «Қалаларға кездесулерге барып жүрмін ғой. Бірақ, ауылға барғым келеді. Ауылдың адамдарымен шынайы сұхбат құрғым келеді» деп те айтып қалды. Бұл айтқанын да аудан әкімдерінің құлағына – ҚҰЛАҚҚАҒЫС етсек деп едік.

Иә, Шымкент қаласында өткен екі күнде Зейнеп апамызбен болған кездесуден алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оған бір мақала аздық етеді. Алайда қал-қадарымызша жазуға тырыстық, жазып көрдік. Бағасын беретін өздеріңіз, құрметті оқырман қауым! Дәл қазір жазылуы тиіс емес әңгімелерді де есіттік. Сағат-сәті келгенде ол туралы да жазармыз. Әзірге осы.

Айтпақшы, сөз басында Зейнеп Ахметоваға гүл алғанымыз жөнінде айтып едім ғой. Енді соны қалай тапсырғанымды да айтып өтсем, артық болмас.

«Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығында Зейнеп апамның бір әңгімесін естісем, бірін естімеймін. Себебі, менің мишығымның бір түкпірінде «гүлді қалай сыйласам екен?» деген ой жегідей жеді де тұрды. Үндемей тапсыра салу ұят. Әрі әйел баласына бірінші гүл тапсыру «церемониясы» болса. Сондағы тапқаным мынау болды. Жиын бітейін деп жатқанда, гүлді сəби секілді аялап құшақтап, микрофонды жұлып алдым да, былай дедім:

– Сəлеметсіз бе, Зейнеп жеңеше! Оңтүстікке қош келдіңіз! Осы 36 жасыма дейін əйел баласына гүл сыйлап көрмеген едім. Малика жеңешемнің айтуымен алынған мына гүл сыйлықты қабыл алыңыз.

Қазақтың анасына қазақтың баласынан,

Жеңешесіне қайнысынан,

Қазақтың келініне қазақтың даласынан сыйланған гүл деп түсініңіз. Сіздің алдыңызда шын ниетіммен тағзым етіп, тізерлеп отырып ұсынайыншы – деп тізерлеп ұсынып едім, Зейнеп апам тұрып келіп: “Рақмет, айналайын” деп мына пақырыңыздың ай маңдайынан сүйді ғой. Бұл жердегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дәлел ретінде суреті қайда дейсіздер ме? Бұл көріністің шынайы шыққаны сонша, қатысып отырғандардың, тіпті фотографтардың да ауыздары ашылып, суретке тартып алуды ойламай ауыздары ашылып отыра беріпті. Рас!

Қайтып келе жатсақ, Малика бастығымыз: «Апа десең болмай ма? Зейнеп апаңды жеңеше қылғаның не, жүгермек?» деп сұрап жатыр. Зілсіз. Жауабым да дайын ғой. «Менің әкем 1937 жылғы, Бақытжан ағам 1941 жылғы. Жеңешем емей, кімім?» десем, күліп жатыр. Бұл әрине әзіл-шыны аралас жазғаным ғой. Бірақ, ешқандай өтірігі жоқ. Солай!

Ержан Тәліп

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.