Басты бет > Білім > “Жас Отан” ЖҚ Түркістан облысы: «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында жиын өтті

“Жас Отан” ЖҚ Түркістан облысы: «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында жиын өтті

Бүгін Түркістан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Жас Отан» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында «Ұстаз –ұлағатты есім» тақырыбында Түркістан қалалық білім бөлімінің қызметкері Жансая Шорабековамен жастардың кездесуі өтті. Кездесуге «Жас Отан» ЖҚ Түркістан қаласындағы белсенді жастары қатысып, Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазан күні жолдаған « Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауындағы ұстаздарға материалдық стимулдар мен әлеуметтік кепілдіктер, түрлі тексерістерден қорғау мен құзыретіне жатпайтын жұмыстарға жекпеу туралы тың ұсыныстар айтылғанын талқылау жасап, ұстаздарға алғыстарын айтты. Осылай Түркістандық жасотандықтар «Жастар жылын» педагогтардың мәртебесінің артуына үлес қосып, ұстаздарды ұлықтаумен бастап кетті.

«Жас Отан» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрайымы Жұлдыз Алмазқызының айтуынша:

– Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, қиялына қанат бітіріп, рухын тәрбиелеуде ата-анамен қатар, мұғалімдердің де үлесі ерекше. Сондықтан да қай заманда болмасын, ұстаздар қауымының мәртебесі биікте. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазан күні «Қазақстандықтардың әл-ауқаты өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан Халқына Жолдауында Елбасы жоғары білім беру туралы және педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданады. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ. Біздің Елбасы әдеттегідей жастарға білім беруге айрықша көңіл бөлуі ерекше қуантты. Жолдауда ұстаздарды білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғырудың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетті – деді ол.

Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты Расул Есетов атындағы №20 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімінің айтуынша:

– Қай заманда да қоғам ұстаз мәртебесіне селқос қарамаған. Өйткені ұстаз ұлды ғана емес, тұтастай ұлтты тәрбиелеуші. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген сөзін бала кезден санамызға сіңірдік, енді балаларды да осы тұрғыда тәрбиелеп келеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Халқына Жолдауында: 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп,

қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс ‒ деді. Елбасының дәл осы қамқорлығы барша әріптестерімді қуантқаны сөзсіз. Осы арқылы көз ұшынан ғайып болып бара жатқан Ұстаз статусы жаңғырып, педогог мәртебесі қалыптасады. Білім қызметкерлерінің I құрылтайында Елбасымыз: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалімдер қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады», ‒ деген еді. Сол үшін педогог та, шәкірт те, әкім де, ақын да, жалпы, қоғам болып елге еңбек ету керек.-деді ол.

Медиаон ақпарат