Басты бет > Қоғам > ЖАЗАЛАУДЫҢ САЛДАРЫ

ЖАЗАЛАУДЫҢ САЛДАРЫ

43
views

Ата-аналар кейде өздеріне сұрақ қояды, осы баланы жазалау дұрыс па, бұрыс па деп. Жазалаудың қандай жаманшылығы бар? Ересек өмірде жазалаудың түрі жоқ. Әрине, әкімшілік және қылмыстық кодексті бұзуды айтпағанда. «Осыны да білмейсің бе», «бұдан былай қайталамау үшін» деп ересек адамды ешкім жазаламайды, жазғырмайды. Егер үлкен адам жұмысын нашар жасаса, оны жұмыстан шығарады. Бұл жазалау ма? Жоқ. Бұл тек жұмыстың дұрыс жүруі үшін қажетті қадам. Егер адам боқтампаз, өзімшіл болса, оның достары аз болады. Бұл жазалау ма? Жоқ. Бұл адамдардың өзіне ұнайтындармен араласқысы келетінін білдіреді. Егер темекі шексек, диванда жатып, чипсы жей берсек, денсаулық құриды. Бұл жазалау ма? Жоқ. Бұл жағдайдың заңды салдары.

Егер ересек адам жақсы көре алмаса, қамқорлық таныта алмаса, қарым-қатынасты дұрыс құра білмесе, оның таңдап алған жары айырылысып кетуді мақсат етеді. Жүректегі тепе теңдік жазалау мен мадақтан тұрмайды. Қарапайым жалғастық салдарынан құралады. Не ексең, соны орасың. Үлкен адамның мақсаты салдары мен себебін есептеп, алдын ала қадамын санап, қажетті шешімді қабылдай білу.

Егер баланы жазалау мен мақтау арқылы ғана тәрбиелесек, өмірдің мәнін түсіндіре алмағанымыз. Оны жалғанның табиғи сатылылығынан адастырғанымыз. Өйткені, он сегіз жастан кейін оны ешкім басынан сипап, алдап кәмпит әпермейді. Ешкім дұрыс жолды да сілтемейді. Әркім өздігінше өмір сүреді. Өзінің мақсаттарына жетуге асығады. Әркім өзіне керектіні ғана жасайды. Егер бала тек жазалау мен мақтау арқылы ғана тәрбиеленсе, онда оның ересек өмірі қиындай береді.

Салдардың табиғи жалғастық таппауы баланың үлкен өмірден өз орнын дұрыс іздемеуіне соқтырады. Бұл, әсіресе, жетімдер үйінің тәлімгерлеріне етене қатысты. Шетелдің түрлі жарнамасына сеніп, мұндай үйлерде үлкен өмірге дайындық бөлмелерін әбзелдеу сәнге айналған. Жоғары сыныптың оқушылары келіп өздеріне тамақ пісіріп ала алады дейді. Бірақ бала ұмытып кетсе, яки ерініп жасамаса, аш қала ма? Бұған тәрбиеші жоқ дейді, олар бәрібір ортақ асханадан тамақтанады. Бұл дайындықтың көлеңкесі. Мәселе, балаға тамақты қалай жасалатынын үйрету емес қой. Керісінше, оның өмір шындығын дұрыс ұғынуына ықпал ету, көмектесу. Үлкен өмірге қадам басқан адам нені қалай жасаса, соның жемісін жейтінін ұғындыру. Өзіңе өзің қамқор бола алмасаң, ешкімге керегің болмайтынын түсіндіру. Бірақ біз балалардан бұл шындықты жасырып қалуға тырысып бағамыз. Сосын оларды үлкен өмірге жеткізіп саламыз да, ал енді өзің өмір сүр деп лепіреміз. Баланың қателігі – сіздің де қателігіңіз.

Сондықтан жазалауды қолданғанша, табиғи жалғастықты әдетке айналдырған маңызды. Қымбат дүниеңді сындырдың ба, жоғалттың ба, енді ол саған жоқ. Біреудің қалтасына түстің бе, ақшасын жұмсадың ба, соны ақтап бер. Сурет салуды тапсырғанын ұмытып, соңғы сәтте есіңе түсті ме, онда мультфильм көрмей, сол суретті салып бітір. Көшеде жыласаң, серуен тез аяқталады.

Бірақ әке-шеше бұл тәсілді қолданбайды. Бала қалта телефонын жоғалтады. Ата-анасы оған жаңасын әпереді. Осылай бірнеше рет қайталанады. Анасы ұрсып алады да, сонан соң жаңасын әперетініне бала сенімді. Әрине, бала телефон сұрауын доғармайды. Ол үшін шара қолдану керек. Оған қымбат емес, әлдеқайда арзандауын әперу керек. Баланы жоғалтпауға үйрету үшін табиғи жалғастықты қолдану керек. Жоғалттың ба, енді ескісін ұста. Жаңасы әрі қымбатын алатынына дәніккен бала, телефон ұстауға ұқыптылық танытпасы анық.

Бейқалыпты жағдайлардан қорықпаңыз. Бір көп балалы ана ыдысты кім жуады деп сөз таластыра берген балаларының тайталасынан әбден шаршап лас тәрелкенің бәрін шағып тастапты. Содан бері ыдысты кім жуады деген сұрақ туындамапты.

Баласы қонаққа барғанда ақша ұрлап алғанын білген бір отбасы апта бойы қарыздан құтылу үшін тек картоп пен макарон жеп күн өткізіпті. Мұны баланы жазалау үшін емес, оны қолдау үшін жасапты. Ортақ қайғыны бөлісіп. Баласы содан кейін ұрлық жасамаған.

Жоғарыдағы екі мысалда ата-аналардың ешқайсысы балаға ақыл айтып, жөн-жосықсыз тәртіпке сала бермегені білініп тұр. Қорқытып, үркітіп, баланың жүрегін алмаған. Тек адам сияқты туындаған мәселеге ересек адамның көзімен қарады.

Әрине, кей жағдайда баланың жасағанының салдарын күтіп отыра алмаймыз. Жасатпауға тиісті дүниелер бар. Мысалы, бала терезе алдында отырса, оның өзіне қауіпті екенін білгендіктен дереу тұр дейтініміз анық. Бірақ мұндай жағдайлар санаулы.

Әр ата-ана баласының қандай екенін біледі. Сондықтан баласына түзу жолдың қайда екенін, оған қалай жету керектігін үйрету оларға парыз, әрі қарыз. Қай жағдай өз баласына қалай әсер ететінін де олар жете түсінеді. Сондықтан тәрбие тал бесіктен, балаға өмірді дұрыс қабылдауды туа салысымен үйретсе де артық емес. Жазалаудың болуы шарт емес. Оның да ең гуманды жалғастығы барын көрсетіп беру керек.

Аударған Шынар ӘБІЛДӘ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *