Басты бет > Саясат > Е.АЙТАХАНОВ: ШЫМКЕНТТІҢ ШЕТКІ ЖАҒЫНДА ОРНАЛАСҚАН ШАҒЫНАУДАНДАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСТЫ НАЗАРДА

Е.АЙТАХАНОВ: ШЫМКЕНТТІҢ ШЕТКІ ЖАҒЫНДА ОРНАЛАСҚАН ШАҒЫНАУДАНДАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСТЫ НАЗАРДА

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың қала аудандарын аралауы жалғасуда. Қала басшысы Абай ауданындағы «Жаңаталап», «Игілік» тұрғын алаптарының инфрақұрылым жүйелерімен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.
Бұдан бөлек, аталған елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, олардың көтерген қоғамдық көлік, ауыз су, газбен және сапалы электр жарығымен қамту сынды мәселерін тыңдады.
Тұрғындардың көтеріп отырған мәселесі орынды екенін айтқан қала әкімі бірінші кезекте қала бюджеті шалғайдағы аудандардың инфрақұрылымын дамытуға бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар, түйінді мәселелердің уақытылы шешілуін жеке өзі қадағалайтынын жеткізді.
«Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елді мекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауыз су, жарық, көгілдір отын мен тіпті қатынас үшін көше-жолдар жоқ десек те болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының сьезінде Үкіметке ауылдық жерлерге тұрғын үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналдық мәселелерді рет-ретімен шешетін боламыз»,-деді Е.Айтаханов.
Сонымен қатар, әкім аталған аудандағы жерлерде заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан азаматтардың жұмысына назар аударды. Қала басшысы тиісті сала жетекшілеріне жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңдылығын анықтап, шара көруді тапсырды. Сондай-ақ, өз мақсатында пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды айтты.
Шымкент қаласының әкімі аудан әкімі Б.Пармановқа және сала басшыларына елді мекендердің инфрақұрылым дамыту бойынша іс-шара жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ауданға жасаған жұмыс сапары барысында әкімдерге күрмеуі шешілмеген ең өзекті проблемалы нысандарды көрсетуді атап өтті.