Басты бет > Саясат > «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ ШАҒЫН БІЗНЕСТІ ҚОЛДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН

«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ ШАҒЫН БІЗНЕСТІ ҚОЛДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН

Бүгінгі таңда аграрлық секторды дамыту басымдыққа ие болып отыр. Бұл саланың ел экономикасының негізгі драйверіне айналуға әлеуеті жетеді. Қазақстанда шағын бизнес субъектілерін қолдаудың механизмі жұмыс істейді. Солардың бірі – «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысушы кәсіпкерлерге шағын несие беру. «Еңбек» бағдарламасы шағын бізнесті қолдауға бағытталған Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге несие берумен айналысып келеді. Осы жылдар ішінде Шымкент қаласында кәсіпкерлерге жалпы сомасы 10 млрд теңге болатын үш мың несие берілген екен. Төрт мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. «Еңбек» бағдарламасының аясында мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, кәсіпкерлік қызметті дамытуға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтауға бағытталған несие өнімдерімізді ұсынамыз. Жылдық сыйақы мөлшері 6%, тиімді жылдық сыйақы мөлшері 6,7%-тен аспайды. Несие сомасы қызметтің бағытына қарай 4 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейінгі аралықта болады. Несиенің берілетін мерзімі де жобаға байланысты 6,5 жылға дейін созылады», дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Шымкент қаласы филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина. Бағдарлама шағын қожалықтар мен фермерлік шаруашылықтарды және жеке кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Көп балалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан азаматтарға несие 4 процентпен беріледі. «Орташа есептегенде филиал жылына мыңнан астам несие береді. Оның шамамен 60%-ті стартап-жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Яғни, қарастырылған қаржының негізгі бөлігі жаңа жұмыс орындары мен жаңа шағын бизнес нысандарын ашуға жұмсалады. Берілген несиелерге жасалған талдауларға сәйкес, ауылдардағы мал шаруашылығымен айналысатындардың үлесі басым болады екен», — дейді Гүлжанат Ерғазина. «Еңбек» бағдарламасының тиімділігіне көз жеткізгендердің бірі «Бекболат» шаруа қожалығының басшысы Мұсабек Сұлтанов. Ол шағын бизнеске жаңадан келген адам емес. Ол 1997-жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Еңбекші ауданына қарасты Тоғыс ауылында тұратын фермер бірнеше рет несие рәсімдеген. Ол алғаш рет Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Шымкент филиалына  барып, мал бордақылау үшін «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 2 млн теңге несие алды. Ол кезде шаруашылықта 16 бас қана ірі қара бар еді. «Несие ірі қара мал сатып алуға өте тиімді шарттармен берілді. Бұл қаржы малымның басын арттыруға үлкен көмек болды. Қазір шаруашылығымда 110 бас сиыр бар. Біздің негізгі қызметіміз ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, дайындау, қайта өңдеу, мал шаруашылығы өнімдерін сату», — дейді «Бекболат» шаруа қожалығының басшысы Мұсабек Сұлтанов. Былтыр қожалық басшысы бұрынғы алған несиелерін уақытынан бұрын қайтарып тастап, биыл Қорға техника алу үшін тағы өтінім берген. «Мен 6 млн теңге несие рәсімдедім. Оған өз қаржымды қосып жаңа трактор сатып алдым. Қорда жылдам әрі сауатты, жақсы мамандар жұмыс істейді. Енді жарты жылда бір 700 мың теңге төлеп тұрамын. Осы мамыр айында алғашқы төлемді жасап қойдым, келесі төлемнің уақыты қазан айында келеді», — дейді Мұсабек Қайырбекұлы. Шаруашылықтың жұмысы жақсы жүріп жатыр. Мына алған несиені де уақытынан бұрын қайтарып тастайтын шығармын, дейді фермер. Қожалық басшысының тағы да бірқатар жоспары бар. Енді мал азығын дайындайтын техникаларды сатып алмақ. Атап айтқанда, шөп шабатын және оны престейтін ауыл шаруашылығы техникаларын түгендемек. Сондай-ақ, болашақта жылқы мен қой өсіруді қолға алып, шаруашылығының бағытын кеңейтпек. «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілетін несиенің тиімділігі ауылдықтарды арқаландырады. Сыйақы мөлшерлемесінің төмендігі, жеңілдік кезеңдері, несиені өтеудің икемді кестесі, тиімді кепілдік саясаты, қаржыландыру шарттарының жеңілдігі ауыл бизнесінде жаңа шаруашылықтар құруға және кеңейтуге, өндірістің дамыған деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді.

Медиаон ақпарат