Басты бет > Саясат > Ет бұзылса тұз себеміз, тұз бұзылса…

Ет бұзылса тұз себеміз, тұз бұзылса…

Иә, қазақта осындай мақал бар. Кезінде бұл мақалдың қолданылу аясы кең болса, бұл күнде көбіне полицейлерге қатысты қолданылатыны жасырын емес. Халық қорғаны болуы тиіс полицейлерді сол қара халықтың жақтыра бермейтінінің де бір себебі осы.

ОҚО ІІД қызметкерлеріне қатысты 2016 жылы 98 (2015 жылы 53 іс) қылмыстық іс қозғалған. Егер, ОҚО ІІД-ң өзіндік қауіпсіздік басқармасы өз жұмысын тыңғылықты атқарса, бұл секілді көңілге кірбің ұялатар көлеңкелі істер азаяр еді-ау, алайда үдеп бара жатқанын жоғарыдағы деректен байқап отырған шығарсыздар…

Әлқисса…

Былтырғы сондай атышулы істің бірі – ОҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі С.Айтбековтың тұтқындалуын айтсақ болатын шығар. Атышулы іс тек бұл емес, мұндай істің қатарына өткен жылы тұтқындалған, өзара ұйымдасқан топ құрып, қызметтік лауазымдарын асыра пайдаланды деп айыпталған ОҚО ІІД-нің 38 қызметкерінің бір түнде ұсталғанын жатқызсақ болатын шығар…

Бұл қылмыстық топтың мемлекетке келтірген шығыны алдын ала есептеулер бойынша 4,7 миллиард теңгені құрап отыр.

14.04.2017 жылы ҰҚК ОҚО бойынша департаментінің қызметкерлері есірткі таратты деген күдікпен Абай аудандық жергілікті полиця бөлімінің 4 қызметкері ұсталды. Олар – полиция капитандары Б. Баязеров, Н.Досболов, полиция аға лейтенанттары Алғи мен Ділдабековтер.

Ең сорақысы, тексеру барысында полиция қызметкерлерінің қызметте алкогольдік мас халде болуынан бөлек, есірткілік мас халде болу жәйттері де анықталған. Сонымен бірге сатумен айналысқан.

Осы орайда, бұл қылмыстың бәрін қызметтік міндетіне қарай анықтап, ашуы тиіс ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшысы, полиция полковнигі Ш.Оңғаров пен оның орынбасары, полиция полковнигі М.Сыздықовтың қайда қарап отырғаны түсініксіз.

Бірақ, Ш.Оңғаров пен М.Сыздықовтар мұны ойламақ түгілі, қарақан бастарының қамын күйттеп, қу құлқынның қамымен жүрген сыңайлы. Олай деуімізге де себеп бар. Өйткені, олардың өздері де қоқан-лоққы жасаумен, бопсалаумен айналысып жүрген секілді. Сөзіміздің «жарқын» мысалы ретінде ОҚО ІІД-нің «Жол-патрульдік полициясы» батальонының қызметкерлері Жаңбыршиев пен Баймұсаевтың ҚР Президенті Әкімшілігіне жазған шағымын келтіре аламыз. Ол шағымда алатқан қызметкерлер өздеріне қатысты қызметтік тексерісті жабу үшін 20 000 (жиырма мың) АҚШ доллары көлемінде пара дәметіп жатқаны айтылған.

Бұл көрсетілген фактілер жол полициясы қызметкерлері Б.Досмұратов, Б.Алибеков, Райхановпен арада жазылған аудиотаспамен, Н.Жаңбыршиевтің ОҚО ІІД ӨҚБ қызметкері Қойлан қымбаттың арасында болған әңгіменің аудиожазбасымен дәлелденетінін атап көрсеткен аталған арызда.

Қазіргі таңда бұл дерек бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының қызметкерлері қылмыстық іс қозғап тергеу амалдары жүргізіліп жатқанына және Ш.Оңғаров 2017 жылдың 29 қаңтарында 55 жасқа, яғни зейнет жасына толғанына қарамастан қызметін жалғастыруын қалай түсінуге болады? Жарайды, егер жоғарыда айтылған жайттар орын алмаса білікті маман қимас полковник болса келісер едік, ау! Бірақ бізге белгілі болып тұрғандай әзірге тек қалта қамы сияқты көрінеді. Елбасымыз Н.Назарбаевтың зейнеткерлерді зейнетке шығарып, жастарға орын  беруі керек екендігін айтқаны қайда қалды? Ал қазірге ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшысы, полиция полковнигі Ш.Оңғаров кезекті демалысқа шыққан көрінеді. Ал оның орынбасары өз қызметінде отырған көрінеді.

Ет бұзылса, тұз себеміз, тұз бұзылса…

 

Малика Абдалиева,

Медиа ОN ақпараттық порталы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.