Басты бет > Құқық > Ет бұзылса тұз себеміз, тұз бұзылса… – 2

Ет бұзылса тұз себеміз, тұз бұзылса… – 2

Өткен жолы дәл осы тақырыппен мақала жазған болатынбыз. Осы бетімен кете берсе, үндінің бітпейтін сериалындай жалғаса бере ме деп қорқамыз. Көп сөзді созбай, мәселені баяндауға көшейін.

05.01.2017 жылы шымкент қаласының Ішкі істер басқармасы Әл-Фараби полиция бөліміне, ИЧ167/11 мекемесінен, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп отырған Санемов Арман Хайруллаевичтің 2017 жылы қаңтардың 5-13 аралығында өзінің бұрын істеген қылмыстарын мойындау туралы арызы мен түзілген хаттамалары келіп түскен.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында А.Санемовпен 2015 жылы орын алған 17 қылмыс дерегін, атап айтқанда 6 пәтер ұрлығы жайты, оның ішінде 4 ұрлыққа оқталу жайты, 7 автокөліктен заттар ұрлау, ал, 2016 жылы орын алған қылмыстар бойынша 49 ұрлық дерегін жасағаны туралы көрсетілген.

Осы жерде қырағылығына тәнті болып, осындай қауіпті қылмыскерді құрықтағаны үшін полцияға шапалақ ұрғыңыз келіп отырған шығар, ә? Асықпаңыз қызығы алда.

Ойланып көріңіз, 2 жыл бойы бір адам 66 қылмысқа қатысты дегенге сенесіз бе? Екі жыл бойы 66 қылмысты істеп алып, ұсталмайтын ол қандай ұры? Мүмкін ол адам емес, өрмекші адам секілді бір қасиетке ие шығар? Әлде, «көрінбейтін шәпкі» деген сиқырлы бас киімі бар ма екен?

Тексеру барысында, аталған 66 қылмыс дерегі бойынша Н.Санемовтың қылмыстарды мойындау туралы арыздары ИЧ167/11 мекемесінен жеке дара келіп түскені анықталды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу барысында А.Санемов өзінің жасаған қылмысын толығымен мойындап, қылмыстарды жасағаны толығымен өз дәлелін тауып, одан бөлек аталған қылмыстық істердің ішінен 6-жайт бойынша айғақты заттар тәркіленіп алынып, қылмыстық іске айғақты зат ретінде тіркеліп, қолхатпен жәбірленушілерге қайтарылған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен жәбірленушілерден жауап алынып, олардың А.Санемовқа қояр талап-тілегі жоқ екені туралы арызданып, нәтижесінде 20.01.2017 жылы А.Санемовке қатысты №155112031007728 реттілігімен қозғалған қылмыстық іс өндірістен тоқтатылып, заңдылығын тексеру үшін, аудан прокуратурасына жолданған.

Алайда, Әл-Фараби ауданының прокуратурасымен қылмыстық істі зерделеу барысында, облыс прокуратурасы тарапынан қылмыстық іс сұратылып, 28.02.2017 жылы аға тергеуші полиция майоры Е.Джалғасовтың тоқтамға алу туралы қаулысы бұзылып, қайта тергеу амалдарын жүргізу үшін, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне жолданған.

Сонымен қатар, қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалау жайтымен қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

16.03.2017 жылы А.Санемовке қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін, Әл-Фараби полиция бөліміне тікелей жолдаған.

Қосымша тергеу амалдарын жүргізу қаулысымен танысу барысында облыс прокуратурасымен 4 негіздер басшылыққа алынып, яғни біріншісі және ең маңыздысы Н.Санемовтың өз жауабын өзгертіп, тек 5 ұрлық қылмысын мойындайтынын, ал басқаларын (қалған 61-ін) Әл-Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері мойнына алуы туралы сұранғанын айтқан.

Сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында 7 қылмыс жайты бойынша күдікті А.Санемов пен алып сатарлар М.Қыдыров және С.Салиевтермен олардың таныстығын анықтау мақсатында беттестіру іс-шаралары өткізілмеген.

Оқиға орнында табылған саусақ іздері бойынша сот-дактилоскопиялық экспертизасы өткізілмеген. Жәбірленушілер кешірім беру негіздері бойынша сұралмаған.

Ал, Н.Санемовтен барлық қылмыс деректері бойынша беттеме жауап алынған.

Сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқандықтан, түйіні осындай деп шешім шығарудан аулақпыз.

Алайда, осындай полицейлердің салғырттығы мен дүмшелігіне, қылмыстың ашылу пайызын өсіру үшін ашылмаған 61 қылмысты бір адамның мойнына іліп жібере салатын полицейлердің қылмысын әшкерелеуі тиіс ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшысы, полиция полковнигі Ш.Оңғаров пен оның орынбасары, полиция полковнигі М.Сыздықовтың қайда қарап отырғаны түсініксіз.

Ет бұзылса тұз себеміз, тұз бұзылса…

 

Малика Абдалиева,

Медиа ОN ақпараттық порталы     

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.