Басты бет > Хабар > Елбасы Түркістан қаласына іс-сапармен келді!

Елбасы Түркістан қаласына іс-сапармен келді!

Түркістан облысына сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Тұңғыш Президент Саябағындағы ойын-сауық паркінің құрылыс жобалары таныстырылды.

Сондай-ақ, Елбасы желілік саябақ жасау жоспарын көріп, қалалық Арбатты қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасы туралы ақпарат берілді.

Елбасы жаңа Неке сарайының жұмысымен танысып, шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлармен әңгімелесті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті жас отау иелерін құттықтап, бақыт пен береке тіледі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің автоматтандырылған процесімен танысты.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету үшін ыңғайлы және сапалы жағдай жасау бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат берілді.

Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірде өнер мен мәдениет саласын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді. Балалар шығармашылық ұжымдары Қазақстанның Тұңғыш Президентіне бірнеше музыкалық қойылым көрсетті.

Елбасы өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерін аралап көрді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін атап өтті.

– Шымкент миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Осыған орай біз жеке Түркістан облысын құрдық. Бұл көптен бері ойымда жүрген еді. Осылайша біз үлкен құрылыс бастадық. Мұның бәрі астанамыздың құрылысын еске түсіреді. Енді еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік БАҚ өкілдеріне.

Медиаон ақпарат