Басты бет > Қоғам > Елбасының «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасын және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көтерілген мәселелерді мерзімінен бұрын орындауға жан аямай іске кіріскен Махановтың тұтқындалуының астарында не жатыр?

Елбасының «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасын және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көтерілген мәселелерді мерзімінен бұрын орындауға жан аямай іске кіріскен Махановтың тұтқындалуының астарында не жатыр?

1014
views

Маханов келгенге дейін…

Сарыағаш ауданының білім сапасының көрсеткіші республикада көлемінде соңғы орындардан көрінетін. Проблемалар мұнымен бітпейтін. Мектептердегі психологиялық ахуалдың төмендігі, арыз-шағымның көптігі, аудан мектептеріндегі сабақ жүктемесінің тым төмендігі, сыбайлас жемқорлықтың белең алуы… Тізе берсек жетіп артылады.

Ұзынқұлақтан жеткен сыбыс бойынша, тіпті жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарына жіберу тиын-тебенсіз шешілмейтін. Бір мектептерде деңгейлік курстан өткен мұғалімдер саны 60 пайыздан асып жығылса, кей мектептерде ондай ұстаздар жоқтың қасы. Аудан бойынша деңгейлік курстан өткен мұғалімдер 16,5% ғана құрады. Көшбасшылық курстан өткен мектеп басшылары 85% құраған.

Мемлекеттің талабы бойынша деңгейлік курстарды тәмамдаған мұғалімдер қалған мұғалімдерді «Жаңа әдіс-тәсілдерді ендіруге» оқытуы, үйретуі тиіс болған. Алайда, деңгейлік курстардан өткен мұғалімдер айлық жалақысына үстеме ақы алуды білгенімен, сол үстемені не үшін алып отырғанын «түсінбеген» сыңайлы. Тәлімгерлік жұмыстар жүйесіз атқарылды. Себебі, бақылау мен қадағалау өз деңгейінде жүргізілмеді. Ал, қадағалау, бақылау әлсіреген жерде жұмыстың оңды нәтиже бермейтіні дәлелденген дүние.  Осының салдарынан аудан мұғалімдерінің жаңашылдықты игермек тұрмақ, иісі мұрнына бармады.

Ал, мектеп көшбасшылары  деңгейлік курстан өткенімен, тек теорияны ғана бойына сіңдіріп, тәжірибеде қолдануға қауқарсыздық танытты.

Мұнан өзге де Сарыағаш аудандық білім бөлімінде қордаланып қалған мәселелер жетерлік еді. Бұрындары мектеп директоры лауазымына бұған дейін сіңірген еңбегіне емес, берген тиын-тебеніне қарай, «бата берген» «крышасына» қарай тағайындалатын және ай сайын «доля» беріп отырған. Сол себепті де әр мектеп директоры «дербес» емес еді.

Аудан мектептерінің орташа сағат жүктемесі 10-11 сағатты құрады. Арыз-шағымның белең алуына бұл да бір себеп еді.

Дәл осы кезеңде, Сарыағаш аудандық білім бөліміне басшы болып, сол кездегі облыс Әкімі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловтың ұйғаруымен, «қордаланған мәселелердің шешімін бір тапса, осы табады» — деген үлкен сеніммен, үмітпен ОҚО Білім басқармасының білікті де білімді маманы Мұрат Маханов тағайындалды.

Махановтың Сарыағаш аудандық білім бөлімі басшысы ретіндегі мақсаты 

  1. Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бағдарламасының 76-қадамын аудан көлемінде іске асыру; 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен көшуге дайындық жұмыстарын күшейту;
  2. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық іс-тәжірибелерін ендіру арқылы ауыл мектептерінің деңгейін көтеру;
  3. Аудан мектептеріне бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру арқылы мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру, жаңашылдыққа бейімдеу, оқу сапасын арттыру, табысты мектепке жеткізу;
  4. Мектептердің психологиялық ахуалын жақсарту, арыз-шағымдарды тоқтату, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу;
  5. Ата-аналармен тығыз қоғамдастық құру арқылы мектептердегі кездескен проблемаларды дер кезінде шешу.

Махановтың аз ғана 6 айдағы уақытта атқарған жұмыстарының нәтижелері:

  1. Аудан бойынша мұғалімдердің орташа педжүктемесі 11 сағаттан 18 сағатқа жетті;
  2. Мектептердегі психологиялық ахуал жақсарды, арыз-шағым жүз пайызға қысқарды; мұғалімдердің өз қызығушылығымен АКТ-ні меңгеруі 5-6 пайыздан тоқсан пайызға көтерілді.
  3. Бірлескен жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруының нәтижесінде:

Аудандағы педагог-қызметкерлер жаңашылдыққа бейімделді. Өз қызығушылығымен жұмысына деген жауапкершілікті сезінуі артты. Үздіксіз даму дағдыға айналып, ұстанымдары өзгерді. Жаңашыл, озық іс-тәжірибелерді жинақтау, тарату үрдіске айналды. Жетекші мектептер мен оған қарасты мектептерде шынайы, қолжетімді даму жоспарларын іске асыру, бір-біріне ұқсамайтын жаңашыл нәтижеге бағытталған дәстүрлерді қалыптастыру жүйелі жолға қойылды. Дәлел, кез келген сарыағаштық басшы яки мұғалім республика көлемінде жаңартылған білім беру мазмұны бойынша ұйымдастырылып жатқан арнайы курстардан өтуде көшбасшылық танытуда.

Бұрын бір-бірін танымайтын мектептер қазіргі таңда бірлесе, қоян-қолтық жұмыс жасауда. Бұрын қазақ мектептері мен тәжік мектептерінің арасында ешқандай да байланыс болмаса, қазір өзара ынтымақтастық артып, бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай бірлескен жұмыс арқылы  байланыс нығайған. Соның арқасында тәжік мектебі мұғалімдерінің өзі ҚМЖ-ны (поурочный планды) тәжік тіліне аударып, жаңашылдыққа жаппай бет бұрып, оңды нәтижелер көрсетуде.

Аудан әкімі бір сөзінде Махановқа қарата «Маған Сарыағаш аудандық білім бөлімінің жұмысына сын айтып көптеген хаттар түсуде. Бәрінің мазмұны дерлік бірдей: «Маханов келгелі бұрын «поурочный» жазбайтын әйелдеріміз түннің біруағына дейін «поурочный» жазып отыратын болды. Бізге көңіл бөлуге уақыты жоқ» деген сыңайда болып келеді», — деп күлгені бар.

Махановтың аз уақытта нәтижеге жетуінің сыры

«Бәрі бірге болу, ол – басы, бәрі бірге қалу, ол – үдеріс, бәрі бірге жұмыс жасау, ол – табыс».  Генри Фордтың осы қағидасын негізге алған Мұрат Маханов Сарыағаш ауданының білім жүйесіне бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру арқылы ғана анықталған проблемалар өз шешімін табатынына көз жеткізді.

Махановтың бастамасымен облыс аудандарында жоқ, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің «Әдістемелік кабинетінің» жанынан «Жаңартылған білім беру мазмұнын ендіру» сараптама орталығы құрылды.

Жаңартылған білім беру мазмұнын ендіру орталығының мақсаты:

Бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру арқылы – желілік қоғамдастық құру, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру, ауыл мектептерін табысты мектепке жеткізу, жаңа әдіс-тәсілдерді ендіру, мектептерде кездескен кез келген кедергілерді дер кезінде бірлесе шешу.

Орталық жетекшісі етіп тәжірибесі мол, ұстаздық қызметтің барлық сатыларынан дерлік өткен, аудандағы ең үздік  мектеп директоры Ұлша Расулова тағайындалса, жауапты 7 әдіскері де білім саласында басшылық тәжірибелері мол, өз ісінің майталмандары деуге толық негіз бар мамандардан құралды.

Орталық өз жұмысын аудандағы 140-қа жуық мектептерді, орналасқан территориясы бойынша 14 жетекші мектепке біріктіруден бастады. Жетекші мектеп – басқа мектептерге әдістемелік көмек көрсететін, озық тәжірибелерді жинақтайтын, тарататын, серіктес мектептер арасында кездескен проблемаларды дер кезінде шешу жолдарын қарастыратын, әр мектепті дамыту мақсатында желілік қоғамдастықты жүйелі ұйымдастыратын, іске асыратын тірек мектебінің міндетін атқарды. Жетекші мектеп көшбасшыларына арнайы ынталандыру, қолдау мақсатында төсбелгілер дайындалып, тапсырылды.

Әр әдіскерге екі жетекші мектептен бекітіп берілді. Бұрын әдіскерлер еш мектепті тексермей, «сен тимесең, мен тиме» принципімен жұмыс істесе, ал, мына әдіскерлер өздеріне бөлінген нәтиже көрсеткіші төмен мектептерді кез келген уақытта зерттеп-зерделеп, уақытпен санаспай, шынайы әдістемелік көмек көрсете білді. Бұл туралы қазір сарыағаштық мектептер арасында «шәй ішпейтін, май жемейтін әдіскерлер» деген мәтел жиі айтылады.

Бірлескен жұмыстың нәтижесінде Сарыағашта тұралап қалған білім саласы от тиген қамыстай лаулап ала жөнелген. Бұрын мектеп басшылары білім бөліміндегі жиналыстардан соң, тек өсек айту үшін жиналып «шәй ішетін» болса, ал, қазір, аудандағы мектеп басшылары өзара жиналып, «жаңартылған білім беру мазмұнын», жаңаша әдіс-тәсілдерді, оқушыларды ҰБТ-ға дайындау мәселесін сөз ететін болған. Әсірелеу емес, бұл – шындық.

Маханов сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарқынды күрес жүргізді: Директорлық лауазымға ашық конкурстар ұйымдастырды. Конкурстық комиссия құрамына өзі кірген жоқ. Комиссияға облыс әкімшілігінен, білім басқармасынан, педагог қызметкерлердің кәсіподақ ұйымынан  мамандар енгізіліп, шешім қабылдады. Бұл конкурс ешқандай жасырын емес, ашық түрде, телевизия мамандарының қатысуымен, конкурстың өткізілу барысын қадағалаймын деген кез келген кісі бақылай алатын ашық конкурс болғандығын баса айтуымыз керек.

Мектеп басшыларымен өткізілген кеңейтілген мәжілістерде «Мектеп директоры дербес болуы керек. Сендер мемлекеттен басқа ешкімге бағынбауға тиіссіңдер» дегенді үнемі айтып, сол бағытта белсенді күресе білді. Ал, мұндай батыл қадамдар әлгі «топ басшыларына» ұнай қоймағаны анық.

Мұрат Маханов келген соң, мұның бәріне, яғни кез келген мәселені «тиын-тебенмен» шешуге тосқауыл қойды. Мұғалімдерді курсқа жіберу мәселесі жетекші мектепке қарасты мектеп директорларының бірлескен мәжілісінде қаралып, шешім шығатын болды. Сөзімізге, «мұғалімдерді курстарға жібереміз. Тізімде сен барсың» деген жетекші мектеп шешіміне, «Шын ба? Ол қанша  болады?» — деп мұғалімдердің аң-таң болып қарағаны дәлел. Оның үстіне, жоғарыда келтірілген дәйектер жазған пікіріміздің негізсіз емес екендігін меңзейді.

Махановтың білім бөлімі басшысы ретінде аз ғана уақытта атқарған істері ұшан-теңіз…

Махановтан кейінгі былықтар:

Ал, Махановтың басы шатылғалы – бұрынғы әдістер қайта жарыққа шықты. Әдістер деп отырғанымыз – мәселені  тиын-тебенмен  шешуді меңзедік.

Сарыағаш ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген мәжілістерде: «Сендер Маханов кете салысымен әр мұғалімнен ай сайын 500 теңгеден жинауды қайта бастапсыңдар ғой» деген секілді пікірлердің жиі айтылуы сөзімізге дәлел. Ауданда 8 мыңға жуық мұғалімдер бар. Ал, қанша қаражат жиналатынын есептей беріңіз.

Мұғалімдерді «жаңартылған білім беру мазмұны» бойынша курстарға жіберу мәселесі қайтадан сол бұрынғы «тиын-тебенмен» шешілетін болды.

Арыз-шағымдар қайта көбейіп, белең алып, мұғалімдердің жанайқайын естір құлақ қалмады.

Сарыағаш аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Майриховтың «Әдістемелік кабинеттің» міндеті түгілі, әдістеменің иісі мұрнына бармайтын, біліктілігі сай келмейтін, категориясы жоқ Ахметовты аталмыш кабинеттің меңгерушісі етіп қойғанына аудан мұғалімдері аң-таң.

Ал, атқарған нәтижелі озық іс-тәжірибелерін республика көлемінде насихаттауға тұрарлық «Жаңартылған білім беру мазмұнын ендіру» орталығы қызметкерлерінің тарап кетуіне қазіргі басшылар жаппай ат салысты. Бұл дегеніміз аудан педагогтарының реформаларды жүзеге асырудағы еңбегін жоққа шығарып, жою арқылы Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бағдарламасына қарсы шығуы деп түсінеміз.

Ал, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет – деп атап көрсеткен еді. Осы бағыттағы аталмыш орталықтың атқарған жұмыстарын жоққа шығарып, таратып жібергенінен кейін осындай ой түюге мәжбүрміз.

 

Қорытынды

Міне, сол білікті де ізденімпаз, өзгелерге талап қоя білетін, әрі жұмыстан нәтиже көрсете алатын Мұрат Махановтың басы шатылғанына да екі айдай уақыт болды. Бұл жерде бір астыртын топтың арандатуы жатыр деп санаймыз. Бұрын мектеп мұғалімдерінен ай сайын жиналатын қаражатты, мектеп директорларын «тиын-тебен» арқылы тағайындауды тоқтатып, батыл қадамдар жасай білген Маханов сол аудандағы кейбір белсенді «топтарға» ұнамай қалған секілді. Істегі көп күдік осы ойға жетелейді. Естуімізше, Маханов ұсталардан бір күн бұрын сол білім бөлімінің балабақша жөніндегі әдіскері парамен ұсталады. Тергеу-анықтау барысында «мына ақшаны Махановқа апарып беремін. Сол мені жұмсаған» — деп бәленің бәрін Махановтың басына үйіп-төгеді. Бұл ақпардың рас-өтірігін білу үшін арнайы орган өкілдері ақшаға пара деп жазғызып, әлгі әйелді Махановқа кіргізеді. Әдіскер 650 мың теңге салынған блокнотты Махановтың кабинетінде қалдырады. Үстелінің үстінде әлгі әйелдің блокноты қалып кеткенін кеш байқаған Маханов «Блокнотың қалып кетіпті» деп әлгі әйелдің артынан асығыс шыққан. Пара түгілі, блокнотты қолына да ұстамаған. Сол кезде арнайы жасақ өкілдері Махановты құрықтап, өздерімен бірге алып кеткен.

Біреулерге ұнамағаны үшін Махановты ұйымдасқан базбір «топ серкелері» әдейі ұстатып жібермеді ме екен деген ойға қалдық. Бұл арыз-мақаланы жазуға да осы оқиға әсер етті. Басшылық жасаған алты-ақ ай уақытта бір ауданның білім жүйесін оң жағына өзгерту кез келген азаматтың қолынан келе бермейтін дүние. Жұмысын жан-тәнімен сүйген, артылған сенім үдесінен шыға білейін деп жан аямай еңбек еткен, соның кесірінен жоғарыдағыдай жат пиғылды адамдарға ұнамай, басы шатылған Махановтың ісінде әлі зерттелмеген көп шалалық бар секілді. Істің ақ-қарасын айыруға сіздерден бір көмек бола ма деген үмітпен арыз-мақаланы жазып отырмыз. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жарияланған пікір, ұсыныстарды да қосымша тіркеуді жөн көрдік.  Осы істердің бәріне мұрындық болған Маханов түрмеде отырғанда, аудан әкіміне Махановтың жұмысына оң баға берген хаттар легі толастамауда. Қолымызға тиген сондай хаттардың бірін жариялап отырмыз. Сарыағаштың қай мектебіне барып, кез келген мұғалімнен сұрасаңыз, Махановтың қандай іскер азамат екенін, жемқорлықпен бел шеше күрескенін аңыз қылып айтады. Бірақ бәрі де аты-жөнін жасырып отыр. Себебі, қазіргі Сарыағаштағы белгілі «топтың» саясатының үстемдік ететінін беске біледі. Соңынан өздерінің бұл күніне зар болатынына шек келтірмейді. Дегенде, егер жанайқайымыз тиісті орындарға жететін болса, сарыағаштық ұстаздардың 50 пайызынан астамы үндеуге қол қойып, өздерінің ұстанымын білдіруіне қарсы болмады.

Аты дардай, абырой мен беделі қай салада болса да үстемдік етіп тұрған  Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының қызметкерлері мойындалмаған істі белігілі «топтың» ұйымдастырған арыз-шағымдары негізінде іс қозғап, прокуратураға жолдады. Прокуратура бұл іспен қазіргі таңда танысуда. Өздері ұстаған қылмыскерді ақтай алмаған, өздеріне сөз тиетінін білген агенттік қызметкерлері істі шала-шарпы, ақ-қарасын айырмағандығы туралы да қорғаушылардан есіттік. «Дело шаткая, можно сломать. Но смотрите, здесь финпол» деген сөздер жазғанымызға дәлел. Мемлекетке шығын болмаса, яғни ақшалай зиян түспесе, пара алғаны мойындалмаса, елдің өсек сөзімен де іс қозғалып, сотқа жетуге даяр тұрғанына таңымыз бар. Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асановтың шыншыл, турашыл азамат екендігіне сеніп, үміттеніп отырмыз.

 

Малика Абдалиева

One thought on “Елбасының «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасын және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көтерілген мәселелерді мерзімінен бұрын орындауға жан аямай іске кіріскен Махановтың тұтқындалуының астарында не жатыр?

  1. Толық келісемін! Осы туралы өзім де әне-міне жазам деп жүр едім… Елімізде білім беру жүйесінде жүріп жатқан реформаның басты мақсаты әлемнің озық елдерінен қалмау болып табылады. Алайда осы асқақ мақсат көп адамға қажетсіз болуда. Қоғамда консервативтік күштердің өте мықты екендігіне көзім жетті. Олар инновацияға, жаңаға қарсыласып, тіпті бұл күресте арсыз әрекеттерге де барудан тайынбайды. Бұл күштер еліміздің өркендеуін армандамайды, оны кері тарту арқылы өз мүдделерінің орындалуын ғана көксейді. М.Маханов сондай күштердің тегеуріне ұшыраған азамат. Алайда алға ұмтылған заманды еш тоқтатуға болмас! Сағадиев пен Маханов сынды реформаторлардың ісі бәрібір жеңеді деп сенемін! Аққа Хақ жақ!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *