Басты бет > Білім > Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Шымкентте «ҚАЗАҚ ДАЛА ПАРЛАМЕНТІНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ – МӘРТӨБЕ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Шымкентте «ҚАЗАҚ ДАЛА ПАРЛАМЕНТІНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ – МӘРТӨБЕ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Шымкент қалалық сотында қалалық, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, қала басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, билер кеңесінің мүшелері, тарихшы ғалымдар, заңгерлер және журналистердің қатысуымен «Қазақ дала парламентінің түпқазығы – МӘРТӨБЕ» атты конференция өтті.

Шара Конституция мерекесі қарсаңында Қазақ хандығының билері жиын өткізіп, ел тағдырына қатысты шешімдер шығарған, «Жеті жарғыға» мөр басылған шежірелі Мәртөбенің Қазақстан тарихындағы орнын айшықтап, көпшілікке таныту мақсатында Шымкент қалалық сотының ұйымдастыруымен Рухани жаңғыру аясында өткізілді.

Жиынды Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков ашып, Конституцияның ел дамуының тарихындағы алатын орнына тоқталып, одан әрі «Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Мәртөбеде қабылданғаны және сол заманда Мәртөбе дала Парламентінің рөлін атқарғаны бізге тарихтан мәлім. Мәртөбе атауын естіген қазақтың құлағы елең ете қалары анық. Арнайы іздеп келіп тәу ететіндер де бар. «Қазақтың кім екенін білгің келсе, мамыр өте Мәртөбеге кел» деген халық мақалы да бар. Осы тарихы терең қасиетті Мәртөбе Шымкент қаласының Сайрам тұрғын үй алабы аумағында орналасқан», – деді.

Конференция барысында мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов «Қазақ дала парламентінің түпқазығы – Мәртөбе», ОҚМПУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай «Мәртөбе және Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қаратау аудандық сотының төрағасы Ермахан Рахманберді «Дәстүрлі құқық нормалары және Қазақ сотының қалыптасуы», ХГТУ-дің құқықтану кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Нұрлан Бижан «Қазақ құқығы және оның бастаулары», ардагер судья, Шымкент қалалық сотының жанындағы Билер кеңесі жұмысын үйлестіру орталығының жетекшісі Ақылбек Елшібаев «Қазақ билер соты – ортақ мәдени құндылық» атты баяндамалар оқыды. Олардың баяндамаларында Ата заңымыздың қалыптасып, жетілуіне ықпал еткен Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мәйегі мықты мемлекет құруға, оның құқықтық ережелері мен әдет-ғұрыптарын заңдастыруға айрықша үлес қосқаны жөнінде, Мәртөбе дала Парламентінің рөлін атқарғаны және мемлекеттік биліктің бірден-бір арқауы – далалық демократияның классикалық үлгісі, билер сотының заман талабына сай дамып, ел билеудің өнегелі жолына айналғаны туралы жан-жақты айтылды.

Конференцияны Е.Рахымбеков қорытындылай келе, «Қазақтың атақты билері «Жеті Жарғыны» жазып, артына өшпестей із қалдырды. Бұрынғы билерден қалған тарихи-мәдени мұраны зерттеп, жас ұрпақтың санасына сіңіру – баршамыздың қасиетті борышымыз. Соған байланысты, Шымкент қалалық соты алдағы уақытта Сіздермен бірлесіп, Мәртөбенің мәртебесін биікке көтеруге байланысты, бірқатар іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Біріншіден, жастармен Мәртөбеде бас қосып, қалалық сот пен жоғары оқу орындарының ректорларымен өзара байланысты нығайту және жас ұрпақты туған жердің тарихымен таныстырып, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында Меморандумға қол қоятын боламыз. Екіншіден, осы Меморандумның негізінде Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің жанынан Жас заңгерлердің Альянсын құруымыз қажет. Үшіншіден, Мәртөбеде бас қосқан кезде қазіргі сот қызметкерлерінің атынан болашақ заңгерлерге жазылған Үндеуді капсулаға салып, кейінгі ұрпаққа қалдырсақ», – деген ойларын ортаға салды.

Медиаон ақпарат