Басты бет > Хабар > Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып табылады

Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып табылады

Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Дәстүр –  ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Демек, дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Осыдан 12 ғасыр бұрын бабалар жүрегі иманға ұйып қабылдаған Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Соның дәлелі, Ислам дініне дейін де даламыздың өз заңдары, қағидалары, наным-сенімдері болды. Олар шым-шымдап сіңген шариғат дәстүрлерімен біте қайнасып кетті. Осылайша шариғат заңдарына қайшы келмейтін қағидаттар мен ортақ бір қосынды дәстүр пайда болды. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып табылады. Халқымызда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай, ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды. Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тиым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Әдет және ғұрыпқа айрықша орын бергенде, орындалатын өзіндік арнайы шарттары бар. Салт-дәстүр – Құран мен Сүннет мәтіндеріне   және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі тиіс. Әдет пен ғұрып, сирек кездесетін емес, кең тараған болуы қажет.  Салт-дәстүрмен тек, егер олар кең тараған яғни, қоғамдық ортада мойындалған болса ғана санасады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды. Салт-дәстүр бізге бұрынғылардан жеткен, қазіргі таңда да қолданыстағы дәстүр болуы керек. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді.  Біздің ата-бабаларымыз, Ислам діні мен қазақтың  салт-дәстүрлерінің  тепе-теңдігін сақтай отырып, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Осындай тәрбиенің арқасында қазақ халқынан жүздеген, тіпті мыңдаған батырлар, от ауызды, орақ тілді ақындар мен жыршы-жыраулар, данышпан билер мен ғұламалар шыққан.

Медиаон ақпарат