Басты бет > Хабар > Дәрілік заттарды рецептуралық босату шараларын күшейту тақырыбында баспасөз брифингі өтті

Дәрілік заттарды рецептуралық босату шараларын күшейту тақырыбында баспасөз брифингі өтті

Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту бойынша жұмыс жүргізуде. Қазақстанда дәрі – дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін дамытудың 5 негізгі қадамы әзірленді:
– Қолданыстағы заңнама нормаларын сақтау;
– Дәрі-дәрмектерді рецептіге жатқызу ережесін қайта қарау;
– Электрондық рецепттер;
– Тегін дәрі-дәрмек тізімін кеңейту;
– Жалған дәрілік заттармен күрес.
Осыған байланысты, барлық дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеу, дәрі-дәрмектерді рецептімен сату және жалғандыққа қарсы күресуге байланысты шараларды күшейту тәрізді мәселелер бойынша кейбір заңнама актілеріне өзгерістер енгізілді.Рецептуралық дәрілік заттарды жазып беруге және тұтынуға, дәрілерді таңдауға, оның ішінде дәлелденген тиімділікке талдау жүргізуге бақылауды күшейту сала басымдықтарының бірі болып табылады.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дәрілердің 80% – ы рецепт бойынша босатылады. Дәріні, дозаны, енгізу нысанын, емдеу ұзақтығын өз бетінше таңдау кезіндегі қателіктердің ықтималдығы емдеудің 80% – ға дейін тиімсіздігіне әкеледі.
Мысалы, медицинаның ең жақсы жетістіктерінің бірі болып табылатын және миллиондаған өмірді құтқарған антибиотиктер аллергиялық реакциялардың, бронх демікпесінің ауыр түрлерінің, жүректің, бүйректің, бауырдың ауыр ауруларының, балалардағы туа біткен даму кемістіктерінің себебі болуы мүмкін. Айта кету керек, біздің елімізде да жағымсыз әсерлердің ең көп саны микробқа қарсы препараттарға – 87,5% байқалады.
Қазіргі уақытта, дәрілік заттарды өткізу сұрақтары ҚР-ның “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” 2009 жылғы Кодексімен, ҚР ДСжӘДМ-нің 22.05.2015 жылғы №373 “Рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту туралы” және 14.09.2015 жылғы № 713 “Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтарымен регламенттелінген.
Медициналық қызметкерлер пациенттің жеке төзімсіздігі жағдайларын қоспағанда, халықаралық патенттелмеген атауымен тиісті медициналық айғақтар болған кезде өз құзыреті шегінде дәрілік заттарға рецепт жазып беруге міндетті.
Дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізу объектілерінің мамандары дәрілік заттарды босату кезінде Сатып алушыға (пациентке) жазып берілген рецептіге сәйкес, қолда бар барлық дәрілік препараттарды, олардың құны мен қолдану ерекшеліктерін көрсете отырып ұсынуға міндетті.
Дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізудің барлық объектілерінде келушілер үшін көрнекі жерде дәрігердің рецептісі бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз өткізуге тыйым салу туралы ақпарат орналасқан.
Айта кетейік, №373 Бұйрықтың 17-тармағына сәйкес жазып берілген рецептілер дәріханада қалады және сақталады.
Рецептіде көрсетілген препараттардың біреуі болмаған жағдайда, пациенттердің жоқ препаратты басқа дәріханаларда сатып алуы үшін немесе науқаста рецептіде көрсетілген дәрілік заттарды сатып алу үшін ақшасы жеткіліксіз болған жағдайда, дәріхана мамандарына осы рецептінің көшірмесін қалдыруды немесе жіберілген препаратты, науқастың Т. А. Ә. көрсете отырып, рецепттің деректерін тіркеуді, сондай-ақ рецептерді есепке алу журналына оның қолын қоюды ұсынамыз.
Сондай-ақ, егер рецепт № 373 бұйрықпен белгіленген ережелерді бұза отырып жазып берілген, оны ресімдеу талаптарына жауап бермейтін және дәрілік препаратты жеке дайындауға арналған үйлеспейтін компоненттері бар рецепт жарамсыз деп саналады және дәріханада, дәріхана пунктінде қалады.
Бұл ретте, бөлшек саудада өткізу объектісінің маманы, құрамында сыйыспайтын компоненттері бар жеке дайындалған дәрілік препаратты қоспағанда, науқасқа жазып берілген дәрілік затты береді.
Жарамсыз рецептілер “Рецепт жарамсыз” деген мөртаңбамен өтеледі, № 713 бұйрықтың қосымшасына сәйкес дұрыс жазылмаған рецептілерді есепке алу журналында тіркеледі және дәріхананың рецепті ресімдеу ережелерінің талаптары бұзылу фактілері туралы тиісті медициналық ұйымның басшысына хабардар етуі және (немесе) Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы жанында жұмыс істейтін Сall-орталық 39-33-47 телефоны бойынша хабарласуы тиіс.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі американдық және еуропалық заңнамалармен үйлестіру шеңберінде барлық нарықтың 30% – ына дейін (антигистаминді және ауырсынуды басатын) рецептісіз дәрілер тізбесін кеңейту бойынша бұйрық жобасын әзірледі.
Рецептілерді жазып беру рәсімдерін және дәріханаладан препараттарды алуды жеңілдету үшін 2020 жылдан бастап Министрліктің ақпараттық жүйелерінде жұмыстың толық электрондық форматына көшу жолпарлануда. «Қағазсыз ауруханаға» көшу шеңберінде кейбір өңірлер (Қарағанды, Атырау) рецептілерді жазып беру бойынша электрондық форматқа көшті.
Дәрігердің рецептінсіз сатылатын препараттардың тізбесімен Министрліктің, аумақтық департаменттерінің және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау Ұлттық орталығының интернет-ресурстарында танысуға болады.
Бұдан басқа, DariKz мобильді қосымшасының көмегімен шекті бағаларда белгіленген, барлық тіркелген дәрі-дәрмектер (осы функция шілдеде іске қосылады), дәріханаларда сату шарттары туралы ақпаратты алуға, сондай-ақ қолдану жөніндегі нұсқаулықпен танысуға болады.
Сонымен қатар, тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету мәселелері бойынша және препараттарды рецептімен сату туралы ақпарат алу үшін Сall-орталықтары іске қосылғанын айтып өтеміз. Call-орталығына 1439 қысқа нөмірі арқылы қоңырау шалуға болады. Бұл нөмір қалалық телефон үшін де, ұялы телефон үшін де қолжетімді. Қоңыраулар еліміздің кез келген жерінен тегін қабылданады.
Сонымен, 31.05.2019 – 20.06.2019 жж. аралығында Шымкент қаласының емханаларында “№1 қалалық емхана”, “№2 қалалық емхана”, “№3 қалалық емхана”, “№5 Қалалық емхана”, “№6 қалалық емхана”, “№7 Қалалық емхана”, “№9 қалалық емхана”, “№13 қалалық емхана” медициналық ұйымдарының басшылары мен дәрігерлерімен тікелей түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды.

Дәрілік заттарды рецептсіз босату және жазу қағидаларын бұзу салдары.
Дәрілік заттарды сату ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК – нің 426 – бабының 1 – тармағына сәйкес 70 – тен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (жеке тұлғаларға-70, лауазымды тұлғаларға-100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне-130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-1000 АЕК мөлшерінде) әкімшілік айыппұл қарастырылғанын айтып өту керек. Егер бұзушылық бір жыл ішінде қайталанатын болса, онда фармацевтикалық қызметке лицензияның қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру көзделген.
Өз кезегінде, медицина қызметкерлерінің ҚР ӘҚБтК – нің 82-бабының 1-бөлігіне сәйкес дәрілік заттарды сату ережелерін және рецептілерді жазу талаптарын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға-5 АЕК, лауазымды адамдарға-10 АЕК айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Дәрілік заттар этикалық тұрғыдан ілгерілету қағидаларын бұзу салдары.
Осы ретте, дәрiлiк заттар тағайындауға уәкiлеттi медицина жұмыскерлерiнiң сыйақы алу мақсатында дәрiлiк заттар жарнамасына қатысуы, медицина жұмыскерлерiнiң дәрiлiк заттарды жұмыс орнында өткізуі, сондай-ақ белгiлi бiр дәрiхана ұйымдарына немесе өзге де ұйым түрлеріне жiберуі және олармен ынтымақтастықтың басқа да нысандарына жіберілгенідігі үшін – ҚР ӘҚБтК–нің 424 – бабының 5 – тармағына сәйкес жеке тұлғаларға маман сертификатынан айыра отырып – 80 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.