Басты бет > Мәдениет > Дін мен ұлттық мүдде

Дін мен ұлттық мүдде

Ұлылардың болмысы ұлт болмысынан бөлек емес. Ұлт болмысы имани ұстанымдарсыз қалыптаспайды. Дін мен ұлттық мүддені аталарымыз ешқашан бөліп қарамаған. Енді ол ұстанымды бүгін бөлудің ешбір қажеттілігі де, негізі де жоқ. Естілердің сөзін ескеріп өскен, тағдыр табыстырған ұлттар мен ұлыстарды бауырына баса білген қазақ ұлты осы ұстанымда болуы қажет деп ойлаймын. Бүкіл жер шарындағы 7 млрд адамның қай – қайсысы да белгілі бір ұлт өкіліне жатады. Қай ұлтты алып қарасаңыз да дәстүрге негізделген тұрмыс – тіршілігі, кәсібі, соның ыңғайындағы тарихы, мәдениеті, өркениеті бар. Құран Кәрімнің Хұжурат сүресінде: «Бір – біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпа – тайпаға бөлдік», – деп жазылған. Құран Кәрімдегі аятты және тіл төңірегіндегі сан – салалы, құпиялы, тарихи толғамдарды ой елегінен өткізген ойлы адам тілдердің әрқилылығы, түріміздің, дініміздің басқа – басқа болуының бәрі Жаратушының хикметінен екен деген қорытындыға келері хақ. Тіл, дін, дәстүр үштігінің бірлігін берік қалыптастырған рухани күшті тұлғалардан құралған ұлт қана жаһандану тасқынындағы түрлі толқындарға қарсы тұра алмақ. Қазіргі қазақ қоғамына әр дербес ұлттың жаны мен қаны бөлектігі Алла Тағаладан екенін түсінетін, Асан қайғыдай, Бұқардай, Абайдай, Алаш қайраткерлеріндей туған халқына жан жүрегімен құлдық ұратын, ұлттық рухы зор ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі біздің буынға парыз. Ұлттық әдет – ғұрпыңа, ата салтына айналып кеткен дәстүрлерді діни сенімге нұқсан келтіреді деп қаралау дін мен ұлттық мәдениетімізді бір – біріне қарама – қайшы қоюға әкеліп соқтырады. Ал оның әртүрлі зардаптарға ұрындыруы мүмкін. Мұсылмандық ата – бабамыздан бері шариғатқа сай қалыптасқан ұлттық дәстүрімізге нұқсан келтірмеуге тиіс. Не болса соны «мұсылман дінінде олай емес» дегенді айтып, ата салтымыздан, ұлттық ғұрып, ұлттық ерекшеліктерімізден бас тарта берсек, ежелден қалыптасқан өзіндік салт – дәстүрден ештеңесі де жоқ, кеше ғана пайда болған халық сияқтанып қаламыз ғой. Кез келген ұлттың жүріп өткен жолы мен ұзақ – сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, болашағына болжам жасайды.

Медиаон ақпарат