Басты бет > Хабар > Дін мен дәстүр қазақ жерінде үйлесім тапқан.

Дін мен дәстүр қазақ жерінде үйлесім тапқан.

Ислам бейбітшілікке, тыныштыққа үндейтін дін. Алайда, соңғы жылдары ислам атын жамылған радикалды топтардың кез келген халықтың танымын жоюға талпынып жатқаны өтірік емес. Қазақтың дүниетанымын мансұқтап, салт-дәстүрді жоққа шығарып, келіннің сәлем салуын Құдайға серік қосуға балаған, зират басында оқылатын Құранды теріске шығарғандар да сол содырлар. Қазіргі кезде Қазақстанда Исламдық бағытты жамылып адасып жүрген әртүрлі ағымдар өздері түсінбегендіктен қазақтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын арабтандыру немесе қандайда бір жалпыға ортақ исламдандыру бағытында шатасып жүр. Теріс ағымдағы Исламдық бағыттар қазақтардың тарихи дәстүрлері: бата беру, құда түсу, қыз ұзату, беташар жасау, қайтыс болған кісінің жетісін, қырқын, жылын беру, жеті нан пісіру, әруақтарға құрмет ету, қасиетті жерлерге зиярат жасау, қажет десеңіз қазақтардың ұлттық киімі мен қазіргі жалпы адамзатқа тән киім кию үлгілерін және басқа да ұлттық сипаттағы қасиеттерін тәрк етіп, жоққа шығаруда. Оның орнына араб, парсылардың киім үлгілерін, салт-дәстүрін тағы басқа қасиеттерін ендіру үшін әрекеттенуде. Арабтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін ұстанбай-ақ мұсылман болу мүмкін екендігін дәлелдеп берген Қожа Ахмет Йасауи бабамыз болатын. Ол дін тілін түрік тілінде сөйлетті. Түріктердің исламдағы жолы Йасауи жолы шеңберіне сыйғызылды. Түріктер осы жол шеңберінде ғана өзінің түріктік ерекшелігін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болды. Бұл шеңберден тыс ислам дінінде қалу мүмкін болғанымен түрік мәдениетінде қалу мүмкін емес еді. Йасауидің бұл бастамасы түрік жұртына арналғанымен, өзге халықтарға өнеге болды. Өзге халықтар да Йасауидің ізімен әр түрлі таритқаттарды дүниеге келтіріп, өздерінің рухани-мәдени тәуелсіздіктерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік алды.Біз қазіргі күніқазақ халқының дәстүрлі діні дегенімізде осы Йасауи жолы деп білеміз. Өйткені, қазақ халқының Йасауиден соңғы 850 жыл бойына жинақталған рухани мұрасы мен мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы осы Йасауи жолы негізінде қалптасты.

Медиаон ақпарат