Басты бет > Мәдениет > Дін және салтпен сана

Дін және салтпен сана

Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деп аталатын тәрбие бар. Мағынасы: қыз балаларға, іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысы, қыз намысы туралы жан-жақты мағлұмат беру арқылы қыз балалардың бойына рухани – адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, имандылық, тазалық қасиеттерді дамыту.  Сондай ақ «қыз елдің көркі» деген мақал бар, яғни қыз бала тәрбиесіне тек ата-анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отыр. Жастарға тәрбие беруде дәстүрдің озығы мен тозығы бар демекші заман талабына сай озық тұстарын ұтымды пайдалану керек. Қазіргі өскелең ұрпақтын көбі  «Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы», деген мақалдың мән-мағынасын біле бермейді. Сондай – ақ, халықта “Ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы», «Малыңа сүйенбе, арыңа сүйен», «Ерді намыс өлтірер, қоянды қамыс өлтірер» секілді мақалдары кең тараған. Яғни, ер азамат намысты, арлы болу керек деп, аталарымыз ұрпақтарына өсиет еткен. Қазақтың ар мен намыс туын биік ұстаудың нәтижесінде бабаларымыз өз елін, кең даласын сақтай білді. Тұтастығы бұзылған жоқ, туы жығылған жоқ. Ислам ғұламалары да ар мен иман, намыс жайлы көптеген ғибраттар қалдырған. «Кім маған тілі мен ар-намысын (ұятын) қорғау жайында уәде беретін болса, мен оған жәннатты уәде етемін» деген хадистен осыны байқауға болады. (Бухари, Риқақ 23) Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық», – деген. Міне, исламдағы ар мен ұят ұлтымыздың нақылдарымен өзара ұштасып жатыр. Өкінішке орай, кейінгі кезде жастарымыз тек ислам жолымен, шариғат бойынша жүреміз деп,  кейбір салт-дәстүрімізді  шариғатта  жоқ деген пікірлер айта бастады. Осыдан кейін, біздің қоғамымызда дәстүрге қар­сылық туды. Біздің аруаққа сену секілді әр түрлі ұғымдарымызды ислам дінінде жоқ деп шықты. Қыз­дар­дың да киім кию формалары, қа­зақ жігіттерінің сырт­қы көріністері өзгере бастады. Сондықтан, біз қазақ елі болғандықтан, өзіміздің ұлт­­тық болмысымызды қалай сақтап қа­ламыз деген үлкен сұрақ туындайды. Тек қана біздің қазақ қоғамында ғана емес, барлық әлемдік жаһандану заманында халық­тардың дәстүрі өзгеріп, кейбір ұлттар жоғалып жатыр.

Медиаон ақпарат