Басты бет > Мәдениет > Дін және оның халықтың салт-дәстүрімен сабақтастығы

Дін және оның халықтың салт-дәстүрімен сабақтастығы

Ендігі ұлт жадынан ұмытыла бастаған имани құндылықтарды қайта жандандырудың реті келді. Бұл тұрғыда біз қазақ қоғамына тыңнан жаңа дүние әкеліп жатқан жоқпыз. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайта сара жолға айналдыруға тырысудамыз. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымыз бен сабақтас шариғаттағы мазһабымызбен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлесімізді қосу.  Бүгінде «Дін мен дәстүр» сабақтастығы аясында дін мұраттарын қалың бұқараға ұғынықты етіп жеткізу үшін де алдымен қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін жетік білу қажет. Имамдар мен уағызшыларымызға осындай талап қойылуда. Сонымен қатар, ұлттық таным мен әдет-ғұрыптардың мұсылманшылықпен сабақтастығын саралап көрсететін сүбелі еңбектер де жазылуы қажет. «Дін мен дәстүр» кітабы осындай игі бастама жемісі.  «Дін мен дәстүр» кітабының ерекшелігі – Ислам діні мен қазақтың имани ұлттық дәстүрлерінің өзара тығыз байланысын,  дәстүрдің діндегі алатын орнын Құран аяттарымен, Мұхаммед (с.а.у) Пайғамбардың  хадистерімен, қазақтың мақал-мәтелдерімен, атақты ақындары мен жырауларының өлеңдерімен нақты дәлелдеген. Елбасымыз бір сөзінде «Адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жатады» деді. Расында да, санада сақталған ұлттық сезімдер мен  салт-дәстүрдің жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге тигізер ықпалы ерекше. Тарихтан белгілі, діни наным-сенімі әлсіз халықтардың ұлттық дәстүрімен бірге тілінің де жойылып, ақырында ұлт ретінде жер бетінен мүлде жоғалып кеткені бар. Сондықтан «Дін мен дәстүр» кітабында айтылғандай, жастар ата-бабаларымыз ұстанған Ислам дінінің Ханафи мазһабы бағытымен жүріп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді саналарына сіңіріп өссе – ешқашан  адаспайды, келімсек діни ағымдар мен секталардың соңына ермейді. Жалпы, жоғарыда айтып өткендей, дәстүрдің дінімізбен, діліміз дәстүрімізбен өзара астасып  жатуы нұр үстіне нұр болар игіліктің бірі.

Медиаон ақпарат