Басты бет > Мәдениет > Дін және ақпарат көзі

Дін және ақпарат көзі

Ақпараттың шынайылығы мен жалғандығын анықтау үшін Ислам туралы дұрыс білім керек. Ислам теологтары айтқандай, «кітаптан білім жинаған адам білімді емес, тек көп оқыған». Қателессек немесе жазылған жолдардың мағынасын дұрыс түсінбей қалсақ, кітап бізге қай жерде қалай қателескенімізді айтып отырмайды. Дін халықты тек құндылықтар жағынан ғана емес, салтымен, рухани үйлесімімен де біріктіріп, өркениеттерді байланыстырады. Діни алғышарты жоқ адам, әлбетте, басты негізін – адамгершілігін жоғалтады. Философиялық, ғылыми немесе тарихи санаға қарағанда діни идея жалпыға бірдей түсінікті. Әртүрлі радикалды діни ағымдардағы жастардың психологиялық тәуелділігі феноменінің кең таралуы бүгінгі әлемде қауіпті үрдіске айналып барады. Мұндай деструктивті діни ұйымдар адамдардың ең құнды байлығын – ғұмырындағы уақыты мен денсаулық қуатын тартып алады, дамуына кедергі келтіреді, асыл армандарын жүзеге асыру жолына кесе-көлденең тұрады. Көптеген зерттеушілер мұндай тәуелділіктің алғашқы себебін қолданыстағы білім беру мен  тәрбиенің мәдени дәстүрінен іздеу керек деген пікірге тоқтайды. Сондықтан мектептегі, жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесі жастардың дінтану негіздерінен толыққанды хабардар болуымен сабақтасуы керек. Бүгінгі әлемде ақпараттар легі және олардың сандық та, сапалық та өзгерістері өте жылдам қарқынмен артып келеді. Меңгеруі мен қорытуына бірнеше буын ғұмырын арнаған сол ақпараттар бүгінгі күні бірнеше жылда-ақ ескіріп қалуы мүмкін. Басқаша айтқанда, жастар жаңа ақпараттарды өз бетінше жеткілікті деңгейде қорытып, оның қолдану алгоритмін жасай алмайды, соған сәйкес белгілі бір деструктивті діни бірлестіктер туралы ақпараттармен жұмыс істеу машығы жоқтықтан солар үшін ойлап, солар үшін шешетін үстемдердің ықпалында кетеді. Олар өмірде әлеуметтік тұрғыда нендей нәрселерге ұмтылу керектігін, сол бағдармаланған мақсаттарды қандай тиімді жолмен іске асыру қажеттігін, неге қуанып, неден қашу керектігін шешеді. Тәжірибесіз жас діни ойындар мен соғыстардың «қалайы солдатына» айналғанын өзі де білмей қалады.

Медиаон ақпарат