Басты бет > Мәдениет > Дін де, дәстүр де қоғамды бірік­тіруші рухани бастаулар

Дін де, дәстүр де қоғамды бірік­тіруші рухани бастаулар

Сондықтан қоғамдық санада дін қағидаттары мен салт-дәстүрлерімізде қайшылық болмауы қажет.“Біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз  ислам дініндегі құндылықтармен синкреттелген, біте қайнасып, сабақтасып кеткен. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ діннен негізін табамыз. Қарапайым халық олардың дін­дегі сүннет, мұстахат, уәджіп екенін біл­меуі мүмкін. Бірақ, ол діндегі негізгі құн­дылықтардың бірі. Ал, дәстүрдің анық­тамасына тоқтала кетсек, «салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақ­талып, өмір­дің өзі тұрғызған мінез-құлықтың үлгілері, күн­делікті қолданыста бір мәдени топты  екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қа­был­­данған мінез-құлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін термин”. Ол қоғам мен халықта қалыптасқан мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп,  қоғамға бейімделіп келеді. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады. Салт-дәстүрдің тәрбиелік маңызы ерекше. Мысалы, қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрыптарының бірі –«Жол беру». Жасы кіші адам үлкенге бөгет жасамай, жол босатады, үй ішінде төрге отырғызады, астан дәм татар кезде де осы әдеп сақталады. Батыс елдеріне іс-сапарда болғанымда, қазақ жерінде қонақта болған шетелдік азаматтар осы әдеп-ғұрпымызға ерекше тоқталып, сондай қызыға, таңғала қарағанына бірнеше рет куә болдым. Ол жақтағы үрдіс белгілі – «Кто первым пришел – того и место». Қазақтың әдеп ғұрыптарында мейірімділік пен қамқорлыққа толы, мысалы, «Ерулік беру», ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, көрші қолаң немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсінбей, өз ортасына тарта білген. Сол сияқты, «Жылу жинау» бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанда ауыл тұрғындары, көрші-қолаңы, туған туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. «Асар жасау», үй салу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырып, бірлесе қимылдауын асар жасау деп атайды. Үй иесі жәрдемдесуге келгендерге тамақ дайындап, сый құрметін көрсетеді. Асарға келгендер атқарған жұмысына, көмегіне ақы алмайды. Балалық шақта көктем мезгілінде бір көшенің балалары ауладағы бақша қазу жұмыстарын кезек кезегімен жұмыла бірге атқарып, асарлап атқарғанымыз әлі көз алдымда.

Медиаон ақпарат